Алматыда этникалық қазақ өзін полицейлер аяусыз тепкілегенін айтты
Алматыда этникалық қазақ өзін полицейлер аяусыз тепкілегенін айтты

Алматыда полицейлерден оңбай таяқ жеген ұлты қазақ Өзбекстан азаматы әділдік іздеп жүр. Тимур Исаковтың айтуынша, оны жұмысына жегіп, ақысын төлемеген кәсіпкердің көрсетуі бойынша Әуезов ауданы Полиция басқармасының үш қызметкері тепкілеп тастаған, – деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Екі қабырғасы сынып, түрлі жарақат алған жәбірленуші істің бір айдан бері жылжымай тұрғанын айтады. Полицейлер тепкілеп тастады деп шағымданған Тимур Исаков – Өзбекстан азаматы. Еңбек мигранты ретінде тіркелген жігіт екі ай бойы Мұрат есімді ер адамның шағын фастфуд орталығында еңбек етіпті. Алайда кәсіпкер осы аралықта төленуі тиіс 600 мың теңгеден соқыр тиын ұстатпаған. Жәбірленушінің төлқұжатын тартып алған ол, ашық қоқан-лоқы көрсеткен көрінеді. Сол сәтте жеке басының қауіпсіздігіне алаңдаған Тимур Исаков полиция шақырыпты. "Бірақ кәсіпкер мен тәртіп сақшысы бір-бірінің сөзін сөйлеп, ақыр соңында соққыға жығылдым" – дейді ол.
"Аудандық ІІД ішінде мені балағаттай бастады. Сосын формасыз бір жедел қызметкер келді. Менің көк төлқұжатымды шығарды. Сосын бетімнен ұрды. "Неге ұрасың?" деп бақырдым, жәрдем сұрадым. Сол кезде аға лейтенант кіріп келіп, арқамнан, төсімнен ұрды. Мен шақырған капитан, учаскелік полицей жүгіріп келді. Есімнен танып қалдым", – дейді Тимур Исаков.
"Қолым кісендеулі жатқанда есімді жидым" деген жігіт сорақылықтың бәрі Әуезов ауданы полиция басқармасының ғимаратында болғанын айтады. Тіпті қол қойылған сот қаулысын өздері алып келген полицейлер оны жедел түрде депортация жасауға бекініпті. Жәбірленуші судьяның түрін көрмек түгіл, "Газельдің" ішінен шықпадық дейді. Алайда соңыра Өзбекстан азаматының заңды тіркелгенін білген көші-қондағылар басын ала қашқан. Кейін жағдайы нашарлаған жәбірленушіні жедел жәрдем тура полиция басқармасынан алып кетіпті.
"Жедел жәрдем №7 ауруханаға алып келді. Рентген, қан, несебімді тапсырдым. Нейрохирург бәрін көрді. Алтыншы, жетінші қабырғам сынған. Миым шайқалған. Құсып жаттым. Зәрімнен қан екі күн шықты. Қазір жүруім, демалуым қиын", – дейді Өзбекстан азаматы Тимур Исаков.