Елордадағы Ботаникалық саябақта жүрек донорларына арналған «Сый» атты инсталляция нысаны ашылды. Арт-нысан – жүректері өзге жанға өмір сыйлаған донорларға көрсетілген құрметтің белгісі, – деп хабарлады baq.kz сайты.
Ескерткішті ашу идеясының негізінде жүрек донорлығының пайда болу тарихы жатыр. Кардиохирург Юрий Пя мен оның чехиялық әріптесі, доктор Ян Пирк 2012 жылы 8 тамызда елімізде ең алғаш рет жүрек трансплантациясын жасаған болатын. Бақилық болған әйел адамның жүрегі 38 жастағы ер адамға салынды. Осылайша, Қазақстанда мәйіт донорлығы біртіндеп дами бастады. Отандық трансплантология 2015-2017 жылдары бір ізге қойыла бастаған. Өйткені дәрігерлер әр жыл сайын 19-ға дейін жүректі ауыстыру отасын жасаған.
Арада 9 жыл өткенде Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы 84 жүрек трансплантациясын жүргізіп үлгеріпті. Бұл дегеніміз – дүниеге қайта келген 84 адам! Осы орайда айта кететін жайт, бұл – орталықтың кәсіби мамандарының үлесі ғана емес, бірінші кезекте жүрек донорының туған-туыс, жақындарының өлшеусіз еңбегі.
Нысанның ашылу салтанатына Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басқарма төрағасы Юрий Пя, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, әйгілі суретші Лейла Махат, трансплант-орталық пен донорлық стационарлардың қызметкерлері, сондай-ақ донордың туыстары мен реципиенттер қатысты.
Инсталляцияның авторы – қазақстандық әйгілі мүсінші Эдуард Казарян. Оның айтуынша, инсталляция кинетикалық ерекшеліктерімен биіктігі 5 метрді құрайтын тот баспайтын болаттан жасалған.