Алматы облысында гипноз арқылы жұртты тонап келген бір топ алаяқ ұсталды. Олар тұрғындардың алтын бұйымдары мен қомақты ақшасын қолды еткен. 17-18 қазан аралығында Еңбекшіқазақ ауданының полиция бөліміне Есік қаласының екі тұрғыны мен Көктөбе ауылының бір тұрғыны арыз түсірген. Арызданушылардың айтуынша, 4 әйел олардың сеніміне кіріп, гипноз арқылы қомақты қаражатын, алтын бұйымдарын және қымбат ұялы телефонын иемденіп кеткен, – деп жазады Express Qazaqstan.
– Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі; 190-бабының 2-бөлігі 1-тармағы "топтасқан алаяқтық" бойынша тіркелді, – деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 25 пен 42 жас аралығындағы Өзбекстанның төрт азаматын ұстады. Олардан ұрланған сақина, сырға және басқа алтын бұйымдар тәркіленді.
– Әйелдер ішінара кінәсін мойындаған. Тіркеусіз жүрген күдіктілер қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды, – деді полициядан.