Түркиядағы отандастарымыз кәмелетке толмағандарды да алдаған
Түркиядағы отандастарымыз кәмелетке толмағандарды да алдаған
© azattyq-ruhy.kz
135
оқылды
Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді  алдап, ақша алған.  Түркияда   қазақ қыздарын жер соқтырды  деп жар салған заңгер Айгүл Орынбек бұл жолы жас жеткіншектердің де арбауға түскенін айтып дабыл қағуда, - деп хабарлады "Астана" телеарнасы. Заңгердің айтуынша, өзге елде  жүріп, жұртты миллионер болуға шақыратын  тағы бір отандасымыз пайда болған. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Түркияға барып алданып қалғандардың арызы қаптап жүр. Заңгер Айгүл Орынбек  кәсіп жасауды үйренем деген жасөспірімдер де  алданып қалды дейді. Ақтау тұрғыны 17 жастағы баласының осылай арбауға түскенін айтып шағымданыпты. Заңгердің  айтуынша, жасөспірім ата-анасының бар жиған-тергенін алып берген.
"17 жастағы бала ақша аударып жіберген. Енді ол Түркияға бара алмайтын болған соң анасы барған.  Яғни, ол баладан жасын да сұрамаған. Ата-анасын да сұрамаған. Мамасынан рұқсат алдың ба, алмадың ба деп те сұрамаған. Депозитте тұрған үлкен соманы аудартып алған", - дейді заңгер Айгүл Орынбек.
Ал миллионер болуға ниеттенген Ақгүл Мұратқызы Түркияға барып, қомақты қаржыны желге ұшырдым дейді. Ол бизнес бастауға  ниеттеніп, кәсіпкер Ұлдана Ерқасымқызына ақша аударған. Ал Ұлдана  бар жағдайды жасауға уәде берген көрінеді.  Сондай-ақ келісім бойынша тауар өндіретін зауытпен тікелей жұмыс істеуді үйретуі керек болған.  Бірақ оның бірде-бірі болған жоқ дейді Ақгүл.
"Біз бардық, көрдік. Ол жерде еш фабрика жоқ. Ашық базар. Тегін. Халықты алдау. Коммерциялық құпияларды білдік. Сосын қарсы шықтық. Жалған, бізді мошенничествоға үйретіп жатсыздар деп. Қарсы айтқандықтан, ол маған қол көтерді",- дейді шағымданушы Ақгүл Мұратқызы.
Арызданушы Түркиядағы Қазақстан елшілігіне шағым түсірген. Алайда   елшілік тарапынан ешқандай жәрдем болған жоқ дейді. Кеше ғана елге оралған Ақгүл тиісті органдарға арыз жазып, істі соңына дейін жеткізем деп отыр.
"Стамбулда қалып қойдық. Қорықтық. Көмек сұрадық. Елшіліктің өзі басын ала қашты. Қазақстанға міне түнде 1 жарымда келдім. Енді прокуратурасы бар, налог бар, Ішкі істер министрлігі бар, бәріне арызданам", - дейді шағымданушы Ақгүл Мұратқызы.
Ал Ұлдана Ерқасымқызы шағымданушылардың сөзімен келіспейтінін және  жұрт алдында  ары таза екенін айтады. Оның көмекшісі Ардақ Есенқосова бұлай еңбегімізді қаралағандарға қарсы кері шағымданамыз деп отыр. Оның айтуынша, оқуға келгендер Ұлдана берген білімді соңына дейін алған. Сол себепті енді оларға бір тиын да қайтарылмайтынын жеткізді
"Жоқ, ешқандай ақша қайтпайды.  Олар 3 апта жатты. Оқыды, үйренді. Ол  1 аптадан кейін маған ақшамды қайтарып бер, ұнамай жатыр деп айтуы керек еді. Жоқ, олар  3 апта үйренетінін үйренді, барлық энергияны жұмсадық, барлығын көрсеттік оларға", - дейді кәсіпкер Ардақ Есенқосова.
Шағымданушы Ақгүлдің айтуынша, осындай жағдайға тап болғандар көп. Оған хабарласып, хат жазып жатқан көрінеді.  Ал  Ұлдана  "өзімді ақтау үшін елге арнайы келем" деп отыр. Бұған дейін Түркиядан тауар алып-сату ережесін үйрену үшін сол елге барған бір топ отандасымыз 700 мың теңгеден беріп, алданып қалғандарын жазған болатынбыз.