30 жыл бұрын азаттық таңы атып, қазақ елі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың ерік-жігерге толы ұстанымымен жойылып кету қаупінен арылып, әлемге танылып, жаһандық картадан өз орнымызды ойып алдық. Біртұтас ел болудың қадірін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өз Жолдауында тағы ашып берді. Жолдауда саяси жаңғыруды біртіндеп жүргізу басты стратегиялық бағдарламаның басым міндеттері ретінде сараланды.
Тәуелсіздік жылдарында бізде шынайы демократиялық және конституциялық құрылымды қалыптастыру өз қиындықтарымен жүргізіліп жатыр. Өйткені кеңестік режим кезінде саяси жүйеде демократия үрдісі шын мәнінде орныға алмады. Мемлекетті басқару институттарының арасында саяси шығармашылық өміршең бола алмай, төрешілдік, ақпараттық билеп-төстеушілік басым болды. Қоғамдық мүдде мемлекеттік тәуелділік ықпалынан шыға алмады. Тарихтан білетініміздей, қаншама әлемді дүрілдеткен империялар ыдырағанда, орталыққа мойынсұнып қалған шет өңірлер бірден еңсесін көтеріп, екі аяғын тең басып кете алмаған. Дегенмен аға буын қанша коммунистік режимнің ықпалында болып, коммунизм идеясымен «ауырғанымен», тарихтың мүмкіндігі туғанда жаны қалмай, тәуелсіздігімізді паш ете алды және ұстап қалды. Ұлы Даламыздың рухымен өшпей келе жатқан демократиялық дәстүріміз қайта көрініс беріп, ұлтымызға тән сабырлылық пен саналылық арқасында елімізді жаңа құрылымға бағыттай алды. Ендігі жұмысымыздың негізгі бағыты – әрбір қазақстандықтың осы Тәуелсіздігіміздің игілігін сезінуі, жетістігін өз тұрмыс-тіршілігімізде қолдана білуін күшейте түсу. Мемлекеттің өз мәселесін шешуіне алдымен бейбіт өмір, ішкі тұрақтылық пен тыныштық керек. Осындай жағдайда ғана халықтың тыныс-тіршілігінің сапасы туралы айта аламыз. Яғни, бірінші талап қалыптасты. Ендігі мемлекеттің негізгі мақсаты бұқараның тұрмыс сапасын арттыру болып тұр. Сонымен қатар болашағымыз жастардың еліміздің келешегіне сенімді болуы да күн тәртібінде тұр. Болашаққа сенімсіздік интеллектуалдардың шетел асып кетуіне себеп болары түсінікті. Тәуелсіздік жылдары елімізде саяси реформалар «асығыстыққа салынбай» кезең-кезеңімен, табанды түрде жан-жақты жүргізіліп жатыр. Өйткені еліміздің қоғамдық-саяси өмірін уақытылы жаңғыртпау табысты экономикалық реформаларды іске асыру қиындықтарға әкеп соғады. Бұл – дұрыс ұстаным. Негізсіз, жүйесіз саяси ырықтандыру елдің ішкі ахуалын шиеленістіруге әкелетінін дүниежүзі елдерінің тәжірибелерінен байқап отырмыз. Саяси жүйені және адам құқығын қорғауды жаңғыртудың мақсаты – елімізді басқарудың демократиялық қағидаларын заман талабымен үйлестіріп отыру. Біз демократияны «Халықтың, халық тарапынан және халық үшін» басқару деп түсінеміз. Бұл жерде «халық тарапынан» дегеніміз ұжымдық өзін-өзі басқаруды білдіретін халық билігі екенін білеміз. Халық үшін басқару дегеніміз – Үкіметіміздің басқарушылар мүддесіне емес, азаматтардың мүддесіне қызмет етуі. Ал «халықтың басқаруы» дегенді енді дұрыс түсінуге мүмкіндік тууда. Биылғы ауыл әкімдерін тікелей сайлау процесі халықтың басқаруына жол ашқан маңызды саяси қадам ретінде бағаланды. Осындай саяси шаралар әлі де кеңейтіліп, аздаған уақыттан кейін аудандық деңгейге көтеріледі. Президентіміз өңірлік саясатты жетілдіруге басым бағыттардың бірі ретінде арнайы тоқталды. Орталық пен өңірдің өзара тиімді қарым-қатынасының үйлесім табуы да өзектілігін жойған жоқ. Конституциямызда көрсетілгендей жергілікті мемлекетті басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады. Бұл жерде олар бір-біріне әріптес әрі жәрдемші. Мәселе өзара жұмыста ықпалдастық пен талапшылдыққа негізделген үйлесімділікті шебер ұйымдастыра білуде. Әрбір жауапты қызметкер ықпалдастықты ымыраластыққа, талапшылдықты тайталастыққа ауыстырып алмағаны маңызды. Әлемдік демократия үрдісінде жергілікті басқару жүйесінде белгілі бір шараны қолға аларда атқарушы билік өкілді билікпен ақылдасатын болса, өкілді билік өз шешімдеріне атқарушы биліктің келісімін алмай өзгеріс енгізе бермейді. Өйткені өзіміз сенім артқан мемлекет мүмкіндігіне қоғам мүддесін бас-көзсіз қарсы қоюға әсте болмайды және керісінше, қоғам мүддесін мемлекет мүмкіндігімен тиімді үйлестіре алмасақ, қателікке ұшыратады. Осындай талаппен қарағанда екі билік саласының арасында жауапкершілік бөлісу демократиясы өңірдің тіршілігін қалыпты ұстаудың нақты тетігіне айнала алады. Еліміздің, өңірлердің даму үдерісіне алдымен жүйелі қаржы саясаты табысты ықпал етеді. Сондықтан да Президентіміз жергілікті бюжеттің тиімділігін қадағалауды жергілікті мәслихаттарға қайта-қайта жүктеуде. Кез келген іс-әрекеттің бастауы ой мен көзқарастардың жиынтығы дейтін болсақ, келісіп пішкен тонның келте болмасы анық. Ал көзқарас – адамның дүниетанымы мен моральдық-психологиялық қасиеттер және әрқайсымыздың қоршаған ортамен қатынасымызды білдіретін ішкі қағидасы. Сондықтан билікпен халықтың сенімі өзара нақты болуы үшін көп ақпарат еркін айналымда болғаны дұрыс деп санаймыз. Басқару деген – бас болу, алға бастау деген сөз. Біз өз тарапымыздан жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқаруды үйлестіруді жетілдіруге тиіспіз. Әйтпесе, ол басқару емес, басқатыру болып шығады. Бұл өз кезегінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы азаматтық мәдениетті дамытуға мол мүмкіндік береді. Азаматтық мәдениетті қалыптастыру үшін әлеуметтік институттар өз күшін жеке тұлға бойында құндылық қатынастар орнатуға бағыттауы тиіс. Яғни, жеке тұлғаның азаматтық мәдениеті, оның құқықтық, саяси адамгершілік мәдениетімен анықталады. Осы тұрғыдан келгенде азаматтық мәдениет – бұл қалыпты саяси мәдениет. Сондықтан да Жолдауда Саяси жаңғыру мен адам құқығын қорғау бірге қосақталып сарапталған. Бұл – өте маңызды шара. Дамыған елдердің басты белгісі – кез келген жағдайда реттеушілік қасиеті жоғары, орындалуы күшті заң жүйесінің болуы. Сол арқылы дамыған елдерде заңның орындалуы дәстүр ретінде қалыптасқан. Соған сәйкес, азаматтардың көңілі көп жағдайда орнықты. Олар өздері қысылса көмекке келетін заңы мен қоғамы бар екеніне сенімді. Сондықтан бізде әлі де болса құқықтық сана мен құқықтық мәдениет қалыптастырудағы жұмыстарды күшейтуіміз қажет деп санаймын. Сөз соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «мемлекет аппараты біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз», – деп барлығымызға ортақ жауапкершілік артты. Халық бірлігі дегеніміз – әуелі мемлекеттік институттардың бірлігі. Мемлекеттік аппарат рухтастық сана арқылы халықтың билікке сенімін ұстап тұра алмаса, онда халық басқа билікті іздейді. Оны көрші елдердің мысалынан көріп отырмыз. Президентіміз айтқандай, біздің бағытымыз – белгілі, мақсатымыз айқын. «Саяси мұрат» деген бар, «саяси шындық» деген бар. Саяси мұратымызды әр популист айтып жүрген «саяси шындықпен» жаңылыстырсақ, Тәуелсіздігіміздің шаңырағын шайқалтып алып, орнына келмес қателікке ұрынуымыз әбден ықтимал. Монтескье: «Демократия қағидасы тек теңдік рух жойылғанда ғана емес, ол тым шектен асып, әр адам өзі сайлаған билік иесімен бірдей болуға тырысатын кезде де бұзылады», – деген екен. Тәуелсіз мемлекетіміз бар. Халық сайлаған Президентіміз бар. Ендеше, елдің бірлігін үнемі аялай отырып, ел үшін отансүйгіштікпен жұмыс істеуіміз бәрімізге сын.Н.БАЙҚАДАМОВ, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы