Елордада Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері еріктілермен бірге Қазақстандағы үшінші халық санағын өткізу бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жақында мамандар қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, қаланың базарлары мен сауда үйлерінде халық санағының өтуіне көмектесті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елорданың 800 мыңнан астам тұрғыны халық санағынан өтіп үлгерді, олардың басым көпшілігі – онлайн режимде. «Әкімдікпен бірлескен жұмыстың арқасында барлық LED экрандарда, автобустарда, баннерлерде, билбордтарда халық санағы жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат бар. Бүгін бізге көмектесетін белсенді жастарға, еріктілерге алғыс айтқым келеді. Олар көшелерді, ұйымдарды аралап, халықты санақтың өтіп жатқаны туралы хабардар етеді», – деді Нұр-Сұлтан қаласының Статистика департаментінің басшысы Жорабек Дәуренов. Түсіндіру жұмыстары адамдар көп жиналатын орындарда – сауда орталықтарында, саябақтарда, скверлерде, көшелерде, жәрмеңкелерде жүргізіледі. Айта кету керек, еріктілер азаматтарды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, санақ науқанын қолдауға шақырып қана қоймай, халық санағын онлайн өткізгісі келетіндерге де көмектеседі. Астаналық Айжан Дамеева «Астаналық» сауда орталығында жұмыс істейді, еріктілердің көмегін пайдаланып, жұмыс орнынан кетпей, онлайн санақтан өтті. «Статистика департаментіне онлайн санақтан өтуге көмектескендері үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Жастар жарайсыңдар, біздің «Астаналық» сауда орталығына барлық ұжыммен келіп, онлайн санақтан өтуге өз көмектерін ұсынды. Әр азаматты халық санағынан өтуге шақырамын және алғыс айтамын. Бұл өте маңызды», – деді ол. «Мен және менің отбасым оффлайн форматта санақтан өттік. Бәрі тез өтті, өте ыңғайлы, ешқандай қиындық болмады. Бірнеше күннен кейін маған халық санағынан сәтті өткенім туралы SMS-хабарлама келді. Менің ойымша, бұл өте маңызды, өйткені Қазақстан – жас мемлекет, халық саны өсіп жатыр. Елімізде қанша этнос өмір сүріп жатқанын білу маңызды», – деді Арыстан Барлыбай. Сондай-ақ қала тұрғындары халық санағын өткізудің маңызын атап өтіп, отандастарын ауқымды шараны қолдауға шақырады. «Халық санағы өте маңызды шара деп есептеймін. Өйткені, бізге тек халық санын ғана емес, сонымен қатар барлық есептеулер жүргізілетін, бағдарламалар әзірленетін басқа да көрсеткіштерді білу маңызды», – деп пікір білдірді қала тұрғыны Бекболат Тұрғынбек. Айта кетейік, биыл ұжымдар жұмыс орнында халық санағынан өтуге мүмкіндік алды. Ол үшін елордалық Статистика департаментіне немесе еріктілерге жүгіну қажет. Интервьюерлер көрсетілген мекенжайға еңбек ұжымдарының шақыруы бойынша шыға алады. Айта кету керек, sanaq.gov.kz сайтындағы азаматтардың көптеген өтініштері бойынша онлайн форматта халық санағын өткізу мүмкіндігі жаңартылды. Сондай-ақ бүгінде елордада үй-үйді аралау жұмыстарына 1,5 мыңға жуық интервьюер-есептеуші тартылды. Түсіндіру жұмыстарына екі жүзден астам волонтер жұмылдырылған. Интервьюерлердің оффлайн аралау жұмыстары 30 қазанға дейін жалғасады. Бұрын онлайн санақтан өткен респонденттер екінші рет қайта жазылмайды. Олар интервьюерге алынған SMS-хабарламаны немесе санақтан өткені туралы электронды хабарламаны көрсетуі қажет. Үй-үйді аралау кезінде барлық қайта жазылған респонденттерге интервьюерлер санақтан өткені туралы анықтамалар береді, оларды осы іс-шара аяқталғанға дейін сақтау қажет. Бұдан басқа, халықтың қамтылуын және деректердің дұрыстығын тексеру мақсатында 2021 жылғы 1-7 қараша аралығында респонденттердің 10% - ына бақылау тексерісі жүргізіледі. Интервьюерлерді санақтың логотипі бар көк түсті шарфы мен сөмкесі бойынша тануға болады, бұдан басқа, әрқайсысында планшет және интервьюер куәлігі болуы тиіс. Куәлікте көрсетілген тіркеу нөмірі бойынша sanaq.gov.kz сайтынан интервьюердің жеке басын тексеруге болады. Мұны 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы да анықтай алады.Г. БЕКЗАТ