Жақында Алматы маңында G4 City атты шағын серіктес қала салынатыны туралы хабар тарады. Хабар тарады дегені болмаса, ол – 2006 жылы бастау алған идея. Идея пісіп, жетіліп, бюджеттен ақша бөлініп, құрылыс жүргенше осынша уақыт өтті. Алайда көп мәселе әлі де жоспар күйінде қалып отыр. Жалпы, бұл қалашық не үшін салынып жатыр? Ол Алматыға түскен демографиялық, транспорттық «салмақты» жеңілдетуге ықпалын тигізе ме? Ертең қыруар қаражат жұмсалып, жоспар күйінде қалып қойған кезекті жобаның біріне айналмай ма?
Жалпы, серіктес қала қажеттіліктен туған бастама. Себебі ХІХ-ХХ ғасырларда Еуропа мен АҚШ-та ірі қалалар зауыт пен фабрикалар маңында ретсіз қалыптасып, өсе берді. Бұл шаһарларды дұрыс жоспарлауға мүмкіндік бермеді әрі санитарлық талаптарға сай болған жоқ. Қала халқының саны күрт артты. Сондықтан ХХ ғасырдың бел ортасынан бастап мегаполистердің маңынан серіктес қалаларды салып, өндіріс орындарының жартысын сонда көшіріп, олардың соңынан тұрғындардың белгілі бір бөлігін қоныстандыру жоспарланды. Әрине, бұл жоспарды жүзеге асыру оңай болмады. Неге? Өйткені жеке компаниялар оңайлықпен қаладағы зауыттарын, штаб-пәтерлерін қаладан жырақ жерге ауыстыруға аса мүдделі емес еді. Мамандарынан айырылып, қосымша шығынға ұшырауы мүмкін. Оған қоса, серіктес қаланы мегаполиспен жол, теміржол арқылы байланыстыру, инженерлік желі тарту, жаңа үйлер, ғимараттар салу үлкен шығынды талап етті. Алайда осы талаптар орындалғанның өзінде тұрғындар үйреншікті ірі мегаполистен шағын қалашыққа құлшыныспен көшуі екіталай еді. Міне, аталған факторлар кейбір серіктес қалалардың сәтсіз шығуына себеп болды. Дегенмен өзінше бөлек қалаға айналғандары да баршылық.Әлемде қалай?
Жаһанда серіктес қала болып қалыптасқан елді мекендер аз емес. Соның бірі – Куинстаун. Сингапур іргесіндегі қалашық. Серіктес қала деген мәртебесі болмаса, қазір халқы 95 мыңға жеткен бөлек мекен. Алайда соңғы кезде серіктес қаланың басым бөлігі зейнеткерлер. Мәскеу халқының саны да күрт өскен соң серіктес қала қажет болды. 1960 жылдары Зеленоград салына бастады. О баста қалашық фабрикалар орын тепкен тігіншілердің орталығына айналу керек болды. Бірақ кейінірек информатика және электроника шоғырланған қала жасағысы келді. 1991 жылы КСРО ыдыраған соң бұл жоспар іске аспады. Бүгінде Зеленоградта 237 мың адам тұрады. Қалаға компанияларды көшіру үшін оны ерекше экономикалық аймақ деп жариялады. Кезінде Испания астанасы Мадридтің маңында 7 серіктес қала салуды көздеген. Алайда Мадридтен 22 шақырым қашықта жайғасқан Трес-Кантос қана қалаға айналды. Трес-Кантостың дамуына осында орналасқан Мадридтің технологиялық паркі оң ықпал еткен. Кейінірек BP Solar, BDF Nivea, Siemens сияқты ірі компаниялар кеңселерін көшірді. Бүгінде Трес-Кантостың халық саны 43 мыңға жеткен. Тағы 20 мың адам Мадридтен келіп істейді. Алайда еуропалық серіктес қалаларға ұқсамайтын да қала-модельдер бар. Cоның бірі – Делидің іргесіндегі Гургаон. 31 млн-ға жуық халқы бар үнді шаһарына «көмекші қала» керек болғаны анық. Сол үшін Гургаон салынды. Кейін онда General Electric, Coca-Cola, Pepsi, IBM, American Express, MicrosoD секілді алып компаниялар өз филиалдарын ашқан. Жаңа жұмыс орындарына халық ағылған. Бүгінде Гургаон миллионер қалаға (1,2 млн халық) айналып, оның өзіне Манесар сынды серіктес қала керек болып қалды.Серіктес қала қалай салынуы керек?
Бұл мегаполистердің тәжірибелері нені көрсетті? Ірі шаһарлар ретсіз созылып, кеңейіп, тұрғындар саны геометриялық прогрессиямен өсе бермеуі үшін өндіріс орындарын алыстау жерге көшіру керек. Яғни, жұмыс орындарын іздеген қала халқының біраз бөлігі сонда қоныстанады. Ірі қала біраз «жеңілденіп» қалады. Дегенмен компаниялар өз өкілдіктерін, зауыттарын қала сыртына көшіруге келісу үшін оларға жағдай жасау қажет. Ол қандай жағдай? Ең алдымен транспорттық байланыс. Серіктес қала мегаполистен тым ұзақ болмауы шарт әрі жұрт оңай жету үшін автомобиль, теміржолдармен байланысуы қажет. Одан кейін жылу, жарық, телефон, ұялы, интернет байланыс сынды инженерлік желілер тартылуы тиіс. Тұрғындарға ыңғайлы үйлер, ғимараттар, мектеп, емхана, балабақша сынды инфрақұрылым да маңызды. Салықтық жеңілдіктерді де ескеру шарт. Онсыз инвесторларды қызықтыру мүмкін емес. Ал енді Алматы мен оның серіктес қаласының жағдайы қандай? Бүгінде Алматының өзінде 2 млн, маңындағы елді мекендерді қосса, 2,5 млн халық тұрады. Қалада 500 мың көлік тіркелген, тағы 250 мың көлік күнделікті облыстардан келеді. Әрине, мұның барлығы жол тығынын тудырады. Ішкі миграция да тоқтар емес, Алатау бөктеріне былтыр 72 мың адам көшіп келген. Яғни, халықтың көптігі Алматыда тұрғын үй, азық-түлік, көлік секілді маңызды тауарлардың бағасын өсіреді, экология да жақсара қоймайды.Жоба туралы не білеміз?
Сөз болған G4 City серіктес қалашығы Алматы–Қапшағай жолының бойында салынбақ. Атауы тегін емес, қалашық төрт G-дан құралады. Gate City – іскерлік және қаржылық орталық, Golden City – білім, медицина, мәдениет ошақтары шоғырланған мекен, Growing City – халықаралық көлік-логистикалық орталық және Green City – Қапшағай су қоймасының бойындағы курортты аймақ болмақ. 2006 жылдан бері жобаның концепциясы да, инвесторлары да сан рет өзгерді. Жұмыс басталды деп 7 рет хабарланған. Бірақ пәлендей нәтиже болмады. 2008-2019 жылдар аралығында осы жобаның жоспарын сызуға, басқа қажеттілігіне 37 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Алайда әлі қала түгілі оның іргесі де қаланбаған. Енді жобаны сингапурлық Surbana Jurong компаниясы алды. Қазіргі жоспар бойынша қала 220 мың тұрғынға арнап салынбақ. Ал бастапқы кезеңінде 60 мыңдай халық тұруы мүмкін және құрылыс 2030 жылға дейін аяқталуы тиіс. Әзірге бар мәлімет осы. Ал енді жағдайды талдап көрсек. Жалпы, бұл жоба керек пе? Жаңадан қала салу қажет пе? Бәлкім, Алматы маңайындағы Талғар, Қаскелең секілді жұрт үйренген, жайғасқан елді мекендерді дамытқан тиімді ме? Егер Талғар, Қаскелең елді мекендеріне инвестиция салынып, олар Алматының бір бөлігіне айналса, онда қала жай ғана созылып кете береді. Бұл қаланың бір басынан екіншісіне жету мүмкіндігін қиындатады. Себебі қалаға кіреберіс тұстарда үнемі жол тығыны туындайды. Ал егер Қапшағай жаққа қала түссе, онда алматылықтардың бір бөлігі сонда көшуі мүмкін, яғни Алматы халқы сәл де болса азаяды. Бірақ әлі де күмәнді тұстары жеткілікті. Неге?Біраз сауалымыз бар...
Біріншіден, Қапшағай Алматыдан қашықтау жерде жайғасқан, 77 шақырым. Жоғарыда айтылған Трес-Кантос Мадридтен 22 шақырым жерде орналасқан. Яғни, алматылықтар 1 сағаттық жерге көшуге келісе ме? Екіншіден, Алматы – Қапшағай арасында заманауи әрі жүйрік теміржол вагондары салынбаса, жол тығыны ушыға береді. Себебі G4 City қалашығына көшкендер бәрібір де Алматыға келіп-кетіп жүреді. Үшіншіден, жұмыс орындары. Егер серіктес қалаға компанияларды көшірмесе, онда жұмыс орны да болмайды. Ол үшін G4 City-да салықтық жеңілдік сынды жағдай жасалауы тиіс. Дегенмен Алматының маңында «Алатау» арнайы экономикалық аймағы бар. Онда біз айтқан жеңілдіктер жасалған. Бірақ ол аймаққа үдере көшкен компанияларды байқамадық. Ендеше олар қалайша 77 шақырым қашықтағы Қапшағайға барады? Осы жағы күмәнділеу. Төртіншіден, бұл шағын қалашық – қаржылық және халықаралық көлік-логистикалық орталыққа айналады деген мақсаты күмәнділеу. Банктер, биржа Алматының өзінде орналасқан. Олар Қапшағай жаққа көшеді дегенге сенім аз. Олар келмесе, қалашық қалай қаржы орталығы болуы мүмкін? Қазір ол маңайда тек казинолар ғана бар. Бесіншіден, қала атауы сәтті шыққан деуге келмес. Бәлкім, G4 City уақытша атау болуы мүмкін. Бірақ әлемде негізінен серіктес қала жаңадан салынса да, өзінің жергілікті атауын береді. Ендеше бұл қаланы неге Қапшағай деп атай бермеді? Қорыта айтқанда, серіктес қаланы салу – мегаполистердің қажеттілігі. Елорда маңындағы Қосшы қаласы да бауырына 60 мың адамды сыйдырып, біраз жүкті мойнына алып отыр. Жұрт оған тез үйренді, себебі ол 20 шақырым жерде жайғасқан. Жету оңай және Қосшы табиғи тұрғыда өсті. Ал енді 11 жылда 37 млрд теңгедей бөлінсе де, қабырғасы да қаланбаған қала сәтті шыға ма? Елордадағы LRT секілді бюджет ақшасы молынан жұмсалып, соңынан қылмыстық істер қозғалып, жемқорлар байып, жұрт тақыр жерді сипап қалатын жобаға айналмай ма? Алматының бүгінгі өсіміне көз тастасақ, серіктес қала керек-ақ, дегенмен кейде біздің шенеуніктер утопиялық жобалар ұсынып, соңынан саусағы майланып жататын жаман әдеті бар...Нұрмұхамед БАЙҒАРА