Соңғы уақытта Қызылорда тұрғындарының көңілі алаң. Олар Сырдария өзенінің суы сарқылып барады деп қамығады. Тіпті, кей әлеуметтік желі қолданушылары өзен суының облыс орталығы тұсында тоқтағаны жайлы суреттер салып, көптің көңілін одан сайын күпті етті.
Жылдағы әдетінше Сырдың суы күзгі уақытта, күріш алқаптарына су беруді тоқтатқан шақта молаюы тиіс еді. Алайда биыл егіс науқаны аяқталып, аяқ суға деген сұраныс азайғанымен, өзеннің ағысында оң өзгеріс байқалмайды. Мұны сала мамандары жаз бойы егіске Шардара су қоймасынан су алғандықтан, бүгінде қоймаға қайта су толтыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттарды жоққа шығарып, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ деп отыр.– Біз жоғарыдан келетін судың аз болуына байланысты Шардара су қоймасынан шекті көлемінен төмен мөлшерде егінге су пайдаландық. Соның себебінен 8 қыркүйектен бастап өзеннің төменгі жағына су 30 текше метр көлемінде ғана ағып жатыр. Алайда кей тұрғындардың «Сырдария өзенінің суы Қызылорда қаласының тұсында тоқтап қалды, су мүлдем жоқ» деген сөздері мүлдем шындыққа жанаспайды. Қазан айынан бастап өзен арнасынан 55-65 текше метр су өтіп жатыр. Судың азаюы 8 немесе 10 жылға дейін азаятын өзінің бір циклі болады. Ол – табиғи процесс. Кешегі жарияланған сурет пен бейне бойынша айтар болсам, көктемгі уақытта Айтек су торабы тұсындағы жығылған Сырдария арнасын реттеу үшін дария 10-12 сағатқа жабылған болатын. Одан кейін қайта ашылып, өзен арнасына қалыпты ағысына көшті. Менің ойымша, сол кездегі жағдай енді жарияланып жатқан секілді, – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы РММ басшысы Сейілбек Нұрымбетов.Қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев құзырлы орындар дарияға қауіп төніп тұрғанын жасырғысы келеді деп есептейді. Сондықтан тұрғындар дабыл қағып, мәселенің алдын алмасақ, Сырдария арнасының мүлдем құрғап қалуы да мүмкін деген күдігін жеткізді.
– Облыстық Табиғи ресурстар басқармасы Қызылорда, Су шаруашылығы мекемесі дарияның қала тұсындағы екіге айырылар жерінің бір жағында су тоқтап қалғанын жоққа шығарғысы келді. Екінші жағымен жылға болып аққан шығар, бірақ мына сурет судың сол кезде өте аз болғанының дәлелі. Енді су бар. Ал егер плотина ауызсу алу үшін насос ілмей қалып, су деңгейін көтеру үшін жабылған болса, ол насосты су тартатын етіп реттеу керек. Алда әлі су тапшы болады, ал төменде де аз ел отырған жоқ. Сосын маман емес адамдар судың қалай есептелетінін білмей, дария тоқтады деп елді дүрліктірді, дарияда су тоқтамайды дегенді де айтты. Су тоқтамайтынына ешкім кепіл бола алмайды. Олай болса Әмудария Аралға құймай қалмас еді, шалқып жатқан Арал жоқ болып кетпес еді. Сондықтан да дабыл қағып жатырмыз! Тоқтап қалған соң қаққан дабылың көк тиын, – дейді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.Айта кетейік, Өзен арнасындағы ахуал Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су көлеміне, әсіресе Қырғыз Республикасының Тоқтоғұл су қоймасындағы көлемге тікелей байланысты. Биыл Тоқтоғұлда судың жинақталуы 2019 жылмен салыстырғанда 5 млрд текше метрге аз болған.
Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы