Шымкент қаласына қарасты 20 мыңнан астам тұрғыны бар Қызылжар шағынауданының тұрғындары көптен бері мұңын айтып, құзырлы органдарға шағымданып жүрген. Елдің ертеңі болар балаларының болашағын ойлаған қызылжарлықтар мектепке тиесілі спорт алаңшасының бұзылып, жекенің меншігіне өтіп бара жатқанына алаңдайды.
Себебі мектеп жанындағы спорт алаңшасын жекеменшік медициналық мекеме сатып алып, басқа ғимарат салып жатқанын естиді. Бүгінге дейін осынау аумақ қоршалып, ішінде үлкен-үлкен техникалар құрылысты қыздырып жатыр. Жер толығымен қазылған. Ауыл тұрғыны Кеңес Жақиябековтің айтуынша, шағым айтып бармаған жері қалмапты. «Құрғақ уәдеден шаршадық. Бұл жағдай біздің жанымызға батып жүр. Стадион балаларымыздың болашағы үшін керек. Жеке басымыз үшін шырылдап жүрген жоқпыз. Балаларымыз ойнайтын, бойын шынықтыратын, бос уақытында спорттық ойындар арқылы жаттығатын алаң бұл. Халық үшін стадионды сақтап қалайық, жекенің меншігіне кетіп өзге мақсаттағы ғимаратқа айналып кетпесін деген шырылдаған үнімізді билік еститін емес», – деп жанайқайын жеткізді ауыл ақсақалы. Бұл құрылыс жұмыстарының заңсыз екенін айтып, бүкіл ауыл өре түрегелген. Талай есікті тоздырып, әділдігіне жете алмай жүр. Осылайша, мектеп стадионын қорғаған Қызылжар шағынауданының тұрғындары Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне дейін жетті. Қоғамда үлкен пікірталас тудырған бұл жағдайдан кейін департамент Шымкент қаласы әкімдігіне қатысты жоспардан тыс тексеру ұйымдастырған. Тексерушілер құрылыс алаңына барып, біраз қызықты деректердің куәсі болады. «Медикал Центр Шұбарсу» ЖШС нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтамай 2,7 гектар аумақты алып жатқан №53 мектеп стадионының орнынан емхана салу жұмыстарына кірісіп кетеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов атап өтті. «Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44, 48, 109-баптарын бұза отырып, қала құрылысы құжаттамасының талаптарын ескермей, сондай-ақ аумақтан тыс жер учаскесінде орналасқаны анықталды. 2020 жылдың 12 тамызында «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Гүлістан көшесінде орналасқан 2,01 га жер учаскесін жалға беру құқығын беру туралы қаулы қабылдаған. Бұл ретте, сәулет және қала құрылыс саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшенің қорытындысында аталған жер учаскесі Шымкент қаласының бас жоспарын нақтылау жөніндегі егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес спорт ғимараттарын орнату болып бекітілген», – деді ол. Сондықтан комитет қолданыстағы ережеге сәйкес сот орнына талап-арыз жолдапты. Комитет төрағасы бұл қадамға әкімдік олқылықты өз тарапынан жоймаған соң барғанын айтады. «Енді жер учаскесі сотпен мемлекеттік меншікке қайтарылуы тиіс немесе бастапқы жағдайға келтіріледі», – дейді. Жергілікті билік өкілдері қызылжарлықтарға жаңа емхана қажет екенін хабарлаған екен. Алайда заманауи медициналық орталық тұрғызуға бұдан өзге орын таппапты. Бұл жер учаскесі «ӘКК» АҚ меншігінде болған кезде акционерлік қоғам сатып алу сату шарты негізінде жалға алу құқығын ресімдей алған. Алайда Мұрат Теміржанов Қазақстанда жер учаскелері мен жер заңнамасына қатысты мұндай бостандықтарға тыйым салынғанын еске салады. Жер кодексінің 44-бабының 1-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар бекітілген бас жоспарлардың немесе елді мекен аумағының схемаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. «Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекет меншігіндегі және пайдалануға берілмеген жер учаскелерін жалға беру құқығын беру конкурстарда (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады», – деп түсіндірді Мұрат Теміржанов. Одан бөлек, Қазақстан Жер кодексінің 109-бабының 1-тармағына сәйкес қалалардың, кенттердің, ауылдық елді мекендердің барлық жерлері олардың бас жоспарларына, жер учаскелерін егжей-тегжейлі жоспарлау, дамыту жобалары мен жобаларына сәйкес пайдаланылады. Заң бойынша елді мекендердің барлық жерлері тек бас жоспарға немесе жоспарлау жобасына сәйкес пайдаланылуы керек екен. Сол себепті Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне анықталған бұзушылықтарды жою және заңсыз қабылданған шешімдердің күшін жою туралы орындауға ұйғарым жіберілген. Қазір комитет заңды тұлғаға мектеп стадионының жер телімін беру туралы заңсыз қабылданған қаулының күшін жою туралы талап арыз беріпті. Комитет тарапынан қозғалыс бар, енді медициналық орталықтың құрылысы тоқтамақ. Ал әкімдік өз қаулыларын қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіріп, аталған заңбұзушылықтардың алдын алуды жалғастыруы тиіс. Ендеше қызылжарлықтардың қуанатын күні де алыс емес. Бірақ оларды осынша әуреге салып, заңға қайшы жұмыс істеген тиісті орган да жазасыз қалмауы тиіс...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы