Бүгінгі күні қатар өмір сүріп отырған тілдердің, әсіресе «кіші» тілдерге «үлкен» тілдердің ықпалы қандай, көптеген «кішілердің» тағдыры немен аяқталып жатқаны тек тіл білімі саласында жүрген мамандарға емес, жалпы жұртшылыққа да мәлім. Осыған орай, қазір жаһанда жүріп жатқан екі үдерістің бірі жаһандану болса, сол жаһандану өзіне кері процесті де алып келді, оның аты – протекционизм, өзін қорғау деген мағынаны білдіреді. Дональд Трамптың президенттікке келуімен байланысты `America first` (Бірінші – Америка) деген саясатымен экономика саласының термині ретінде белсенді қолданысқа шықты. Тиісінше тіл білімі саласында да лингвистикалық протекционизм (linguistic protectionism) ұғымы жолға қойылды.
Біздің елімізде де «Рухани жаңғыру» идеясы бекер көтерілген жоқ. Егер мән бере қарасақ, бұл – осы айтылып отырған лингвистикалық протекционизмнің біздегі баламасы. Бұл идеяны шынайы мағынасында пайдаға асыру үшін атқарылып жатқан іс-шаралардың ең үлкені – жазу реформасы. Себебі бұл да кәдімгі жаһандық деңгейде қолға алынып жатқан, өз-өзіңді сыртқы күштердің толқынынан қорғау амалдарынан туған шара. Тарихтағы бұл кезең –бейқамдыққа төзбейтін, «кіші» тіл тұрмақ, «үлкен» тілдердің де өз қорғаныс амалдарын мығым қолға алып жатқан шағы. Осы тарихи кезеңде өзіміз сөз етіп отырған жазу реформасы барысында қазақ әліпбиінің құрамынан алынып тасталғалы жатқан орыс әліпбиінен енген таңбалардың орны қандай да бір өзгерістермен жабылатыны анық. Осыған байланысты қазақ тілінің емле-ережелеріне (яғни бүгінгі кирилдегі орфографиялық нормасына) келетін аз-кем өзгерістер болады. Бұл өз алдына бөлек тақырып, біз бұл мақалада әліпбиді латынға көшірумен келетін өзгерістерді қозғамаймыз. Біз осы жазу-сызуымызға келгелі тұрған ірілі-ұсақты өзгерістер қабатында ұлттың «темір жолынан» шығып, қиғаш кетіп бара жатқан сөзқолданыстарымызды әдеби норманың тезіне түсіріп алудың оңтайлы сәтін пайдаға асыру мәселесін айтамыз. Тілдің әдеби нормасы аясында жазба тілінің де, сөйлеу тілінің де өзіндік орфографиялық, орфоэпиялық, стильдік нормалары тілдің табиғи болмысы тұрғысынан ретке келтіріліп, жүйеге түсіріліп отыратын болса, оның (тілдің) грамматикасы мен лексикалық қоры да әдеби нормаға бағынады. Әдеби норма тілдің статикасы тұрғысынан өзгертілмей сақталуға тиісті өз тілші ғалымдары бекіткен табиғи қалыбы болса да, сол қалыбы тілдің динамикасы тұрғысынан белгілі бір кезеңдерге жеткенде стихиялы түрде өзгеріске ұшырап отырады. Мәселен, Абай заманындағы қазақтың тілі мен бүгінгі қазақтың тілі бір әдеби нормада тұрмауы түсінікті делік. Кейде тіпті, «Осылай айтып тұрғанымызды Абай түсінер ме еді?» деген де ой келеді. Расында, бүгінгі күнгі білікті журналистеріміздің «Стартаптар онлайн да, офлайн да ұйымдастырылып жатыр» деген ресми орталарда айтып тұрған сөзін Абай қайдан түсінсін? Соңғы кездері, әсіресе соңғы онжылдықта орыс және ағылшын тілдері әсерінің қазақ тілінің әдеби нормасына айтарлықтай залал келтіргені байқалды. Тілдік нормаға бағынбай белсенді қолданысқа шығатын, узус деп аталатын тілдік бірліктер болады, тіл білімінде жақсы зерттелген тақырып. Жалпы нормадан ауытқуды Р.Сыздық уәжді, уәжсіз деп бөледі. Уәждісі өз контексінде қабылдауға болатын ауытқу болса, уәжсізін «ақтап алуға» келмейтін ауытқу деп түсіндірейік. Біздің сөз еткелі отырғанымыз осы уәжсіз ауытқулар. Қазақ тілінің әдеби нормасын бұзып-жарып, өз нормаларын орнатып жатқан «үлкен толқындарға» қандай да бір тосқауыл қоюға қарекет амал жасаймыз ба, әлде екі қолымыз бос тұрса да ешбір амал көрместенжұтылып кете барамыз ба?«Рухани жаңғыру» идеясы аясында оларды өз қазақи қалпына келтіруге талпыныс жасап көрсек деген оймен тілде белсенді қолданыста жүрген ауытқуларды бірнеше топқа бөле қарастырдық. Талдауларға зер салайық. Бірінші кезекте көзге көрініп, құлаққа түрпідей тиіп тұрған нормадан (уәжсіз) ауытқулардың мысалдарын береміз, қазір кері қайтарылмаса, сіңісіп,нормаға айналып кету қаупі бар.Нормадан ауытқыған нұсқалар | Дұрысы | Түсіндірме |
Мен ойлаймын | Меніңше, ... Менің ойымша, ... Мен... деп ойлаймын | Ағылшын тіліндегі «I think», орыс тіліндегі «Я думаю»-дың әсерінен сөйлем құрылысының бұзылуы |
Аспазшы мамандығына оқып жүр Қазақ тіліне оқыту Шетел тілдеріне оқыту | Аспазшы мамандағын оқып жүр Қазақ тілін оқыту Шеттілдерін оқыту | «На что учиться? На кого пойти учиться?»деген орыс тілінің әсері Нені оқу? Нені оқыту? |
Шындықпен жанаспайды | Шындыққа жанаспайды | Неге жанасу? «Немен жанасу?» емес |
15 үміткерлеріміз Бір топ жігіттер | 15 үміткеріміз Бір топ жігіт | Ағылшын тілінде заттың көпше түрін -s жалғау арқылы жасаудың әсері |
Осы сәтпен пайдаланып Телефонмен қолданып | Осы сәтті пайдаланып Телефонды қолданып | Нені пайдалану? Нені қолдану? «Немен пайдалану/қолдану?» емес. |
Елбасымен бекітілген Мамандармен тексеріледі | Елбасы бекіткен Мамандар тексереді | Кем утвержден? Кем будет проверяться? Орыс т.-нің әсері. |
А әрпіне біткен сөз А әрпіне аяқталатын сөз | А әрпімен біткен сөз А әрпімен аяқталатын сөз | Немен бітеді? Немен аяқталады? «Неге бітеді?», «неге аяқталады?» емес. «Бойыңа біткен қуатың» десек, ол басқа сөз. «Неден басталып, немен аяқталады/бітеді?» деп сұрақты дұрыс қою арқылы тексеру керек. |
Ғалымдарға хабарласыңыз Оған, ол кісіге хабарлас | Ғалымдармен хабарласыңыз Онымен, ол кісімен хабарлас | Хабарласу кіммен? Кімге емес. |
Айту керекпіз Бітіру керексіздер | Айтуымыз керек Бітіруіміз керек | Керек көмекші етістігі жіктік жалғауын қабылдамайды, жалғау негізгі етістікке жалғанады. |
Бізге 10 жыл Маған 18 | Біз онға толдық. Мен 18-ге келдім. | Нам 10 лет /We are 10 Мне 18 лет /I am 18 |
Менде шар. Сенде қуыршақ. | Менде шар бар. Сенде қуыршақ бар. | I have a balloon. You have a doll. У меня (есть) шарик. Ағылшын және орыс тілдерінің бала тіліне әсері. |
2020 – жиырма жиырма 2030 – жиырма отыз | Екі мың жиырмасыншы жыл Екі мың отызыншы жыл | Twenty twenty Twenty thirty |
Үлкен рақмет! | Көп рақмет | Орыс тіліндегі «Большое спасибо»-ның сөзбе-сөз аудармасы |
Нормадан ауытқыпсіңісіп кеткен тілдік бірліктер | Дұрысы | Түсіндірме |
Мейрамыңмен! Мейрам(дар)ыңызбен! | Мейрамың құтты болсын! Мейрам(дар)ыңыз құтты болсын! | Қазақ үшін «құтты болсын» деген сөзде (ғана) құт-береке бар. |
Туған күніңмен! | Туған күнің құтты болсын! | Құттықтау сөзін айтқанда «Құтты болсын» деген сөзді қолданбау тек сөз шығыны деуге болады. |
Жаңа жылыңмен! | Жаңа жылың құтты болсын! | Бірнәрсенің құтты, қайырлы болуын тілеген кісі сол сөздерді қолдануы керек. |
Көріскенше! | Көріскенше күн жақсы болсын! | «Күн жақсы» немесе басқа бір амандық тілейтін сөз айтылмаса көріскенше не болатынын кім білсін?! |
Кездескенше! | Кездескенше ел аман, жұрт тыныш болсын! | «Ел аман, жұрт тыныш» немесе сондай басқа бір амандық тілейтін сөз айтылмаса келесі кездескенше не болатынын кім білсін?! |
Сау-саламатта болыңыздар! | Сау-саламат болыңыздар | «-та» жатыс септігі сын есімге жалғанбайды, зат есімге тіркеседі |
Нормадан ауытқыған нұсқалар | Дұрысы | Түсіндірме |
италияндық | Италиялық | Ағылшын тілінде: Italy + сөз тудыратын -ianжұрнағы = Italian. Орыс тілінде: Италия – итальянец (-ян- + -ец) итальянка (-ян- + -ка), италянцы (-ян- + -цы), итальянский (-ян- + -ск- + -ий) сөздері (түпнұсқасы итал.т. Italia, italiani, italiano) қандай сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалып тұрғаны көрінеді. |
американдық | Америкалық | Ағылшын тілінде: America + сөз тудыратын -nжұрнағы = American Орыс тілінде: Америка – американец (америка + -н + -ец), американка (америка + -н- + -ка), американцы (америка + -н- + -цы) американский (америка + -н- + -ск- + -ий) Екі үстем тілдің сөзжасам тәртібінен шыға алмай«американдықдық» деген мазмұнда қолданылып келіппіз. |
африкандық | Африкалық | Ағылшын тілінде: Africa + сөз тудыратын -nжұрнағы = African Орыс тілінде: Африка – африканец(африка + -н- + -ец), африканка(африка + -н- + -ка), африканцы(африка + -н- + -цы),африканский(африка + -н- + -ск- + -ий) Екі үстем тілдің сөзжасам тәртібінен шыға алмай «африкандықдық» деген мазмұнда қолданылып келген. |
Азиат азиаттар | азиялық азиялықтар | Ағылшын тілінде:Asia + сөз тудыратын -nжұрнағы = Asian. Орыс тілінде:Азия – азиат (азия + -ат), азиаты (азия + -ат- + -ы), азиатский (азия + -ат- + -ск- + -ий). Сонда орыс тіліндегі сөз тудырушы жұрнақпен (азия + -ат) азиат болып, соған қазақ тіліндегі -тар көптік жалғауының жалғануы арқылы азиаттар кейпіне келіп тұр екен. |
Нұрсәуле Рсалиева, Филология ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері