Кейінгі кезде «есірткі тығып кетушілер» көбейді. Осындай желілерді қашықтан басқарған топтар әшкереленді. Қазанда ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті қалалық прокуратураның үйлестіруімен өңірдегі жасырын зертханаларда ірі партиялы синтетикалық есірткі жасауға және оларды интернет арқылы таратуға қатысы бар 2 есірткі тобының жолын кесті.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижесінде Қырғыз Республикасының азаматы мен төрт Қазақстан азаматы ұсталды. Олар «мефедрон» және «Aльфа-PVP» жасырын өндіретін 2 есірткі зертханасын ұйымдастырған, «өнімін» көтерме партияда өткізіп келіпті. Тінту барысында 4 келі синтетикалық есірткі және 40 литр жартылай дайын есірткі заты, 1 келі гашиш, 20 келіден астам химиялық қоспа және зертханалық жабдықтар табылды. «Қылмыстық тауардың мессенджерлер арқылы, байланыссыз тәсілмен жасырын жерге қалдыруды жүзеге асыру жолымен таратылғаны анықталды. Осы фактілер бойынша ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу материалдарын Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Есірткі заттары мен прекурсорлардың ірі партиясын жасырын жасап, Алматының «қара нарығына» жеткізудің тоқтаусыз жалғасып жатқанын атап өту қажет», – деді ведомство. 2021 жылдың басынан ҰҚК қалалық департаменті есірткі затының заңсыз айналымының 18 фактісінің жолын кесті, синтетикалық есірткі жасайтын 10 жасырын зертхананың жұмысын тоқтатты. Заңсыз айналымнан 255 келідей есірткі заты тәркіленді. Есірткі бизнесімен айналысқан 33 адам ұсталып, қылмыстық жазаға тартылды.Айхан ШӘРІП