Күз болған соң кетті күй
Күз болған соң кетті күй
273
оқылды

Қазан аяқталып, қараша басталар тұстағы қара суықта бірқатар сол­түстікқазақстандық дірдеңдеп жылусыз отыр. Өңірде биыл жылыту маусымы 20 қыркүйекте басталғанымен, кейбір тұрғындар бұл игіліктің шапағатын сезініп отырған жоқ. Әсіресе, қарттар мен жас балаларға қиын.

Теріскейде күн суытып, қатқақ түскелі қай заман?! Сынап бағанасы 0-ден төмен­деп, үскірік соғып тұр. Қара күздің ызғары өңменінен өткен Бескөл кентінде әлі күнге дейін жылу берілмеген үйлер бар. Екі және үш қабатты 20 шақты үйдің тұрғындары бөлмелерін электр жылытқышпен жылы­туға мәжбүр. Электр қуатының тарифі қым­бат. Ертең қандай есепшот келерін болжап алаңдаулы. Бескөл тұрғыны Анастасия Саратовцеваның айтуынша, пәтер­лердің әр бөлмесінде бір жылытқыштан тұр. «Әсіресе, түнде қатты суық. Себебі қауіпсіздік ережелерін сақтау үшін түн­гілікке электр жылытқыштарын сөндіріп қоямыз. Таң атқанша үйдің іші азынап кетеді. Үйде қарт әрі мүгедек әкем бар. Біз жұмысқа кеткенде дірдеңдеп, тоңып отырады. Әр үйдің не кәрісі, не баласы бар. Соларға қиын болып тұр. Көбі суық тиіп, ауырып жатыр. Былтыр да балалар қайта-қайта ауырып, оқуға, балабақшаға бара алмады. Үйдің ішінде отыру мүмкін емес», – дейді Анастасия Саратовцева. Қазір бұл үйлердің ішіндегі температура 15-17 градус қана. Таңертең 12 градус болыпты. Едендері мен қабырғалары мұздай. Күндіз терезеден күннің көзі сығаласа, үйде отырғандары перделерін ашып сәл де болса үйін жылытпақ болады. Кеш түсе сынап бағанасы да төмен қарай сырғи береді. Түнде сыртқы киімдерін шешпестен жатуға мәжбүр. Тұрғындар өз мәселесін айтып, әкім-қаралардың табалдырығын талай тоздырыпты. Бірақ онысынан түк шықпаған. «Аудандық әкімдікке де, прокуратураға да хат жаздық, бардық. Бір-біріне сілтейді. Жылу берумен айналысатын «Қызылжар ЖКХ» серіктестігіне жіберді. Оның басшысы жұмыс орнында мүлдем болмайды. Жазбаша хатымызды қабылдамай қойды.  Ал жеке кәсіпкерге электронды жолмен өтініш жолдау мүмкін емес. Еotinish.kz сайтында да жекеменшік серіктестіктер жоқ, eGov.kz арқылы да хат жіберілмейді оларға. Сөйтіп, прокуратура – әкімдікке, әкімдік – «Қызылжар ЖКХ» ЖШС-ына сілтеп, мәселемізді шешіп беруге еш құлық танытпай отыр», – дейді Анастасия Саратовцева.

ҮЙЛЕРДІҢ БАРЛЫҒЫНА ЖЫЛУ БЕРІЛДІ

Облыс орталығына қолсозым жерде орналасқан Бескөл кентіндегі осы үйлер бұрындары пеш арқылы жылытылып келген-тін. Ал былтыр жергілікті билік тұрғындарға пештерін бұзғызып, орталық­тандырылған жылыту жүйесіне қосқан-тын. Бірақ сол жап-жақсы жоспар неге екені белгісіз, ойдағыдай жүзеге аспай қалды. Нәтижесінде, былтыр да, биыл да жаураған тұрғындар енді кімге шағынарын білмей дал. Олардың айтуынша, орта­лықтандырылған жылу жүйесіне қосылу әр пәтерден 150 000 теңгеден айналған. «Алайда бұл шығындарға бюджеттен қаржы бөлінген деседі. Оны біз, әрине дә­лелдей алмаймыз, қолымызда құжат жоқ. Өз қалтамыздан қыруар қаржы шығын­дадық. Нәтижесінде, пешсіз де, орта­лықтандырылған жылусыз қалдық», – дейді Бескөл тұрғындары. Бескөлдіктердің айтуынша, биыл күздің басында жылу құбырында апат болған екен. Кейін жылу желілері қалпына келтірілгенімен, ештеңе өзгермеген. Олардың суықтан қажығандары сонша­лық, енді Президент Әкімшілігіне хат жазбақшы. Тұрғындар осы күнге дейін берілмеген жылу үшін төлемақы төлеуге мәжбүр. Оларға «Қызылжар ЖКХ» компаниясын­дағылар ешқандай қайта есептеу болмайтынын айтыпты. Мына қымбатшылық заманында бескөлдіктер жоқ жылу үшін де, электр қуаты үшін де шығындалып, тақырға отырамыз ба деп алаңдаулы. Былтыр да жеке кәсіпкер жылу ақысын толық көлемде төлеуді талап еткен екен. Бескөл ауылдық округінің әкімі Қанат Дарбаевтың түсіндіргеніндей, қазандық аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы бөлімінің балансында, «Қызыл­жар ЖКХ» ЖШС-ына сенімгерлікпен басқаруға берілген. «Күздің бас кезінде жылуға байланысты қиындық болды, ол рас. Бірақ қазір ешқандай мәселе жоқ. Үйдің барлығына жылу берілді. Өзім барып тексердім. Жылу беру көрсеткіші – 40, кері айналым – 32, пәтерлердегі температура – 22 градус. Қазір бірді-екілі пәтер ғана салқын. Оған жылу батареялары секция­лары­ның аздығы себеп. Қиындықты тұр­ғын­дардың өздері қолдан жасап отыр. Кей­бір тұрғындар сорғы орнатып алған, сондықтан басқаларға жылу жетпейді», – деп түсіндірді әкім Қанат Дарбайұлы. Сорғыны тұрғындар мердігердің ұсынысы бойынша орнатыпты. Сол үшін кәсіпкер әр пәтерден 5 500 теңгеден ақша жинаған. Қазір тұрғындар үйлерін жылу жүйесіне қосқан мердігермен соттасып жатыр. Бұған дейінгі шағымдардан соң ол осыдан екі апта бұрын әкімдіктің пәрменімен жылу жүйесінің  құбырын 25 диаметрліктен 32-іншіге ауыстырып беріпті. Бірақ  бәрі бір түк өзгермеген. Енді тұрғындар сот арқылы мердігерден жылу жүйесін талапқа сәйкестендіріп қайта жөндеуді және 500 мың теңге көлеміндегі моральдық шығынды өтеуді талап етіп отыр.

ЖАЗ ӨТЕРІН БІЛМЕП ПЕ ЕҢ?

Сонымен қатар Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласының тұр­ғындары да бүрсең қағып жүр. Құрылысы сегіз жылға созылған орталық қазандық әлі жұмыс істемейді. Бұған бюрократиялық кедергілер кінәлі. Дайын қазандықты сенімгерлік басқаруға тапсыру қажет. Конкурс үш рет өткізілгенімен, оған қатысуға ешкім құлық танытпапты. Қазандық тек лицензиясы бар компанияға ғана берілуі тиіс. Тіпті, тұрғындармен келісімшарт та жасалмаған, бекітілген тариф те жоқ. Нәтижесінде, қазандықтың есігіне қара құлып салынған. Іске қосу-жөндеу жұмыстарымен айналысқан мердігер Евгений Лебедько енді қазандықтағы суды ағызу үшін ғимаратқа кіре алмай әлек: әкімдіктегілер құлпын ауыстырып, оған кіруге тыйым салыпты. Тіпті, полиция қызметкерлерін де шақыртқан көрінеді. Евгений Лебедько болса, ертең ішінде су қатса, миллиондаған бюджет қаржысы желге ұшады деп алаңдайды. «Әкімдіктегі­лерге жаз бойы дайындалу керегін айтып шырылдадым. Қолдары бір босамады. Барлық процедураның мерзімін өткізіп алды.  Енді менен тегін қызмет көрсетуімді талап етіп отыр. 1 тамызға дейін отын-кө­мір сатып алып, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау керек еді. Оларды арнайы курстардан өткізіп, қауіпсіздік техникасын сақтауға да үйрету қажет. Енді аяқастынан бүгін кірісіп, бірден жылу беруге кім келіседі? Бәрінің бюджеті, отын-көмірі есептеулі. Еңбекақыны, коммуналдық қыз­меттерді кім төлейді? Ешбір кәсіпкер шығынмен жұмыс істеуге келіспейді», – дейді Евгений Лебедько. Жаңа қазандыққа қосылуға тиісті мәдениет және әлеуметтік нысандардың кейбіреуі, атап айтқанда екі мектеп пен аудандық әкімдік ғимараты электр қуаты арқылы жылытылады. Ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мен 30-пәтерлі үй жылусыз отыр.  Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып  жатқан екіқабатты тұрғын үйдің құрылысына да жылу берілмегені қолбөгеу болып тұр. Соның салдарынан құрылыс нысаны да мерзімінде тапсырылмауы мүмкін. Ал шенеуніктер өз кабинеттерінде электр жылытқыштар қосуға мәжбүр. Қалыптасқан жағдайға қарап отырып, «ала жаздай ыршып жүріп ән салған шегірткенің» күйі еріксіз еске түседі.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы