Жамбыл облысында шаруалар бітік шыққан алма өнімдерін жинай алмай жатыр. Айтуларынша, 50 гектар алқаптағы жемісті жинайтын жұмыс күші жеткіліксіз. Ал арнайы техникалар өнімді бақтан қарыс қадам жердегі сақтау қоймасына апарған әр рейсі үшін 30 мың теңге сұрайды екен. Қазірдің өзінде бақтағы алманың 30 пайызы жарамсыз болып қалыпты. Енді ашынған кәсіпкерлер шенеуніктер тез арада не өнімді қайта өңдейтін цех салып берсін, болмаса алманы жинауға қажетті арнайы техника алып беруге көмек көрсетсін деп отыр. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Құмтиындық шаруалар шығынға батудың алдында тұрмыз дейді. Айтуларынша, төрт жыл бұрын лизингке алынған алма бақ биыл ғана өнім берген. Оның өзінде шыққан өнімді жинап үлгермей, 30 пайызы жарамсыз болып қалыпты. Себебі жұмыс күші мен арнайы техникалар жетіспейді. Қазір 1 200 түп ағаштан жиналған 200 тонна өнім қоймада тұр. Әлі 100 тоннасы жиналмаған. Әрі жеңілдетілген несиені өтеп, табыс табу үшін жылына кемінде мың тоннадай өнім алулары қажет. Ал бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы алған өнімді қайта өңдейтін цехтар салу деп отыр.
"Алма бағымыздың жанында тоңазытқыш болуы керек. Біз тоңазытқышқа апарып бірден сақтауымыз керек. Тоңазытқышқа қойылмайтын алмаларды сок дейді ғой, жеміс шырынына жіберуіміз керек. Болмаса жаңағы тосап, повидло дейді. Сондай жасауымыз керек. Қақ жасауымыз керек. Тағы да басқа пюре жасауымызға болады. Алайда кәсіпкерлерде ондай мүмкіндік жоқ. Себебі қайта өндеу кешенін соғуға қыруар қаржы қажет", - деді шаруа Ұлбала Айтбайқызы.
Бір жағынан, жиналған алманы өткізуде де қиындық көп деп отыр. Өйткені саудагерлер келісін жүз теңгеден алғылары келеді. Шенеуніктер алма шырынын шығаратын цех салу жоспарда бар деді. Бірақ шаруалар алдымен лизингтік қарыздарын толық төлеп бітулері тиіс. Ал алманы сақтайтын қойма жеткілікті екен.
Кәсіпкерлер билік өкілдері дайын өнімді жинауға қажетті техниканы алуға көмек берсе деген тілектерін айтты. Сөздерінше, қазір әр алманы қолмен жинап, қаптап отыруға мәжбүр болғандықтан өнім жерге құлап жарамсыз болып қалып жатыр. Себебі оны өңдеп, шырын, қақ жасайтын цех жоқ. Ал егер тез арада шығын көлемін азайтудың амалын таппаса, жұмыс мүлде тоқтайды екен.