Әйел жүк тиегіштің шөмішіне мініп алған: полиция оқиғаның немен аяқталғанын айтты
Әйел жүк тиегіштің шөмішіне мініп алған: полиция оқиғаның немен аяқталғанын айтты
326
оқылды

Алматы облысында полицейлер жүк тиегіштің шөмішіне мініп алған әйелді түсіріп жібермегені үшін жүргізушіні жазалады, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Видео бүгін әлеуметтік желіде тарады. Әйел қауіпсіздік шараларын елемей, жұмыс істеп жатқан жүк тиегіштің шөмішіне шығып алған. Видео Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы көмір қоймаларының бірінің аумағында түсірілгені белгілі болды. Тракторды Сарыөзектің 47 жастағы тұрғыны жүргізген, полиция қызметкерлері оны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
"47 жастағы жүк тиегіш жүргізушісі "Жол қозғалысы ережелерінде қарастырылған жолаушылар мен жүк тасымалдау талаптарын сақтамау" бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке жауапқа тартылды. Көмір базасының иесімен және жұмысшыларымен профилактикалық әңгіме жүргізілді", – деді полицейлер.
Еске сала кетейік, өңірде көмір тапшылығы қатты сезіліп отыр. Әлеуметтік желідегі жазбаларға қарағанда, ауыл тұрғындары тым болмаса бір тонна көмір алу үшін жанталасып жатыр.
"Билік халықтың әлжуаз топтарына көмір беру кезегін реттеуге уәде еткен еді. Бірақ олар бұл жерге келген де жоқ, тіпті өкілдерін де жібермеді" делінген Instagram-дағы жазбалардың бірінде.