Қазақстандық азамат Түркияның Ыстамбұл қаласында жоғалып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy аталмыш қаладағы Қазақстанның Бас консулдығына сілтеме жасап.
Билетке сәйкес, ер адам 25 қазанда Қазақстанға оралуы керек еді, бірақ келген жоқ.
«Ата-анасымен байланысқа шыққанмен, өзінің тұрған жерін толық түсіндіре алмады, ал оның дауысында үрей бары байқалды. Соңғы рет ол 28 қазанда жақындарымен байланысқа шықты», - делінген хабарламада.
Осыдан кейін оның таныстары Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығының өкілдеріне көмек сұрап жүгінді, жоғалған азаматтың туыстарымен байланыс орнатылды.
«Анасының іздеу туралы өтінішіне байланысты Түркияның СІМ-іне шұғыл түрде тиісті нота жіберілді. Сондай-ақ, Түркияның құқық қорғау органдарына азаматты іздеу туралы сұрау жіберілді. Белсенді азаматтардың бастамасы бойынша әлеуметтік желілерде жоғалған азаматты іздеу акциясы басталды», - деп толықтырды ведомстводан.
Нәтижесінде, 30 қазанда азамат Қожаелі провинциясының полиция бөлімшелерінің бірінде екені белгілі болды. Сол күні оны Қазақстаннан келген анасы учаскеден алып кетті. Қазір Қазақстанға қайту қамына кірісті.