«Спорт – біздің досымыз» деп жаттап өсті өскелең ұрпақ. Спортты дәріптеу, спорттың маңызын ұғындыру өткен ғасырдың жастары үшін өте өзекті болғанын білеміз. Қаланы айтпағанда, әрбір елді мекен, әр ауыл мен аудан орталығында спортты дамытуға арналған арнайы кешендердің жұмысы тәуір-ақ жанданып келді. Ал қазір ше?
Қазір, өкінішке қарай тәуелсіз Қазақстанның ауыл жастары жергілікті спорттық кешендердің көптігімен мақтана алмайды. Дегенмен Үкімет тарапынан осы маңызды саланы дамытуға үлкен көңіл бөлініп, арнайы бағдарламалардың қолға алынып жатқанын жақсылықтың нышаны деп қабылдауға болады. Осы мақала да спорт, оның ішінде бұқаралық спорт кешендерін ауыл-ауылда ашып, жастарды жаппай спортқа баулудың маңыздылығы туралы болмақ. Былтыр қыркүйек айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында өсіп келе жатқан ұрпақтың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға баса назар аударып, балалар үйірмелері мен спорт секцияларын қайта ашу қажет екенін қадап айтқан болатын. Артынша Жолдауда көтерілген бұл түйткілдің шешімі ретінде 2020 жылдың 30 желтоқсанында заң қабылданды. Ол мемлекеттік спорттық тапсырыс және жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы балаларды спорт үйірмелеріне барынша тарту мәселелерін қамтыған. Сонымен бірге аталған жобаның жүзеге асырылу кезеңдері мен тәртібін реттейтін бірқатар нормативті-құқықтық акті де қабылданған. Бұдан бөлек, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөнінде арнайы Жол картасы бар. Партия фракциясының депутаты ретінде маған «Барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерін» жаңғыртудың» орындалу деңгейін қадағалау міндеті жүктелген. Қазір өңір-өңірлерде қолға алынып жатқан әрбір спорт саласындағы іс-шаралар мен бастамалар назарымда жүретіні де сондықтан. Бұл ретте балалардың жаппай бұқаралық спортын жан басына шаққандағы қаржыландыруға ерекше тоқтала кетсем. Жобаның мақсаты – балаларды тегін спорт үйірмелерімен барынша қамту. Аса игі іс, алайда шынтуайтына келгенде аталған жобаны ілгері дамыту үшін мемлекеттен бөлек, халық тарапынан да бірқатар белсенділік қажет екенін де ұмытпаған жөн. Мәселен, мен тәуелсіз құқықтық ұйымдар мен кәсіпкерлердің көмегінсіз жобаны жүзеге асыру мүмкін емес деп санаймын. Бұл бастаманы кез келген мүмкіндігі бар азамат қолға ала алады. Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, аталған салада кем дегенде бір жыл қызмет көрсетіп келе жатқан және барлық талапқа сай келетін қызмет ұсынушы тіркеліп, өтініш білдіреді. Бұл ақылы спорт секцияларын ұсынып жүрген ұйым немесе осындай бағыттағы үйірмелер ашуға ниетті кәсіпкер болуы мүмкін. Олар бұл арқылы ештеңе жоғалтпайды. Өтініш мақұлданып жатқан жағдайда балалар тегін үйірмеге қатыса алатын болады, ал қызмет ұсынушыға мемлекет өзі әр балаға ақысын төлеп отырады. Бұл бір жағынан бастаушы кәсіпкерлерге де, ауылдағы спортпен айналысуға ниетті, бірақ жағдайы жоқ балалар үшін де үлкен мүмкіндік болады. Айта кетерлік тағы бір жайт, бүгінде жобаның іске қосылуын жеңілдету үшін арнайы artsport.edu.kz ақпараттық порталы жасалып, іске қосылған. Аталған платформа арқылы қызметін ұсынушы азаматтар мен ата-аналар ресми түрде тіркеліп, өтініш бере алады. Сондықтан бұл игі істің нәтижелі болуы үшін оған еліміздегі әр азамат белсенді түрде қатысуы керек деп санаймын. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасы аясында алғашқылардың бірі болып, қазір Ақтөбе қаласында «Болашақ» шығармашылық және спорт орталығы ашылып отыр. Жуырда ғана іссапармен барып, қонақ болған «Болашақ» шығармашылық және спорт орталығы мемлекеттік тапсырыс арқылы іске асырылып жатыр. Көп шоғырланған үйлердің ауласында орналасқан бұл орталықта балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық белсенділігін арттыру, шығармашыл, өнерлі, спортқа қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруда 10 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіледі. Президент тапсырмасы жемісінің бірі – «Болашақ» орталығы. «Болашақ» орталығында 10 үйірме бар. Оларға барлығы 786 бала қатысады. Солардың ішінде 135 бала спорт бағытында. Сәйкесінше, әр бағыт бойынша бір-бір ұстаздан, жалпы алғанда 10 ұстаз шәкірттерін түрлі ілімге баулиды. Айта кетерлігі, үйірмедегі ұстаздар да ерекше талаппен таңдалып алынған. Олар екі тілді де жетік біледі, жоғары білімді әрі кәсібилігі де мықты, тәжірибелі мамандар. Үйірмелер халық биі, заманауи би, сурет өнері, домбыра, гитарамен ән айту, кестелеу-тоқыма, спорт түрінен – дзюдо мен қазақ күресі сияқты халық арасында сұранысқа ие машықтарға балаларды баулитын үйірмелер. Мамандардың айтуынша, үйірмеге қатысуға ниет білдірушілердің саны өте көп. Себебі бір ғана дзюдо мен қазақ күресі секциясына тренер еркін күрестен бес дүркін әлем чемпионы, самбодан әлем чемпионы, самбодан ҚР құрметті спорт шебері, Ақтөбе қаласының депутаты, тәжірибелі ұстаз Райса Байлиева. Бұл, әлбетте мұндай орталықтардың беделін арттырады. Осы ретте балаларға арналған орталықтарға осындай білікті мамандарды тарту арқылы біз балалардың болашағына сапалы әрі мықты шығармашылық іргетас қалай аламыз. «Ата-ана балаларға арналған шығармашылық немесе спорттық үйірмеге өтініш беріп, ваучер (бірегей нөмір) алады. Бұл, әсіресе көпбалалы ата-аналарға өте жақсы мүмкіндік. Жоба ата-аналарға екі жағынан тиімді. Біріншіден, үйірмеге ақша төлемейді, Екіншіден, балаларының спорттық қабілетін орталыққа апарып, қосымша дамытуға мүмкіндік туды. Себебі осындай үйірмелерге кейбір отбасынан 3-4 балаға дейін келеді», – дейді орталық мамандары. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі үшін барлық бөлмеде видеоқондырғылар орналастырылған. Ескере кететін бір жайт, көптеген ауылда балалар үшін мектептен тыс уақытта айналыса алатын осы бағыттағы үйірмелер жоқтың қасы. Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда, спорт секциялары мен үйірмелерді ашудың түпкілікті мақсаты өте ауқымды әрі маңызды екенін ұғынуымыз қажет. Депутат қана емес, ана ретінде, адам ретінде спорт жас жеткіншектердің өмірі үшін аса қажет деп есептеймін. Себебі спорт «денсаулық кепілі» ғана емес, ол адамға мақсат беретін, бойына күш, ойына батылдық сыйлайтын, ерік-жігер қалыптастыратын, еркіндікке жетелейтін керемет мотивация құралы. Ауылдағы жасөспірімдерімізді спорт игіліктерінен құр қалдырмауымыз керек. Балаларымыздың болашағын ойласақ, әр баланың спортпен айналысуына мүмкіндік берейік.Әлия ӘБСЕМЕТОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі