«Бұхарекең жырлайды...»
«Бұхарекең жырлайды...»
488
оқылды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бұхарекең жырлайды» атты облыстық байқау өтті. Аталған шараны Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды.

Оған аймақтың түкпір-түкпірі­нен 100-ден аса үміткер қатысып,  бағын сынады. Олардың  арасында мектеп оқушылары мен студенттер де бар. Сайысқа өзге ұлт өкілдерінің өнерпаздары да қатысты. 13-ші рет ұйымдастырылып отырған байқау жас таланттарға қанат бітірді. Сайыс 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. – Ақын-жыршылар сайысы тағы да өзінің байрағын көтерді. Біздің бабаларымыздан қалған ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, жыраулар поэзиясындағы қасиетті бүгінгі ұрпақ ұмытпай келе жатқаны көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Балалар ұлттық рухта тәрбиеленіп жатса, «рухани жаңғыру» деген осы болады, – дейді айтыскер ақын Айтбай Жұма­ғұлов. Сайыс «Бұқар жырауша» жырлау, «Бұқар жырау оқулары», «Жыр­шы-жыраулар сайысы» және  «Әлемді түгел білсе де» деген 4 аталыммен өтті. «Бұқар жырауша» жырлау  ата­лымының шарты бойынша қатысу­шылар Бұқар жыраудың кем дегенде 15-20 толғауын жатқа білуі керек. Ғабдулина Ақсұңқар бұл сайысқа бірінші рет қатысты. Ол бүгінде Бұ­қар бабамыздың 55 толғауын жат­қа біледі екен. – Мен қазір Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы №49 орта мектепте 10-сыныпта оқимын. Бірақ бүгін байқауға Бұқар жырау ауданының атынан қа­тысып тұрмын. Барлығы 55 тол­ғау­ды жатқа білемін. Соның 50-ін дайындап алып келдім, – дейді талантты оқушы. Әділқазылар алқасына Маң­ғыс­тау облысынан арнайы шақыр­тылған, жыршы-термеші Елдос Еміл мен филология ғылым­дарының докторы Қойлыбай Асанов төрелік етті. Сондай-ақ мәдениет қайраткері Зәуреш Ибаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сержан Мұсайын, айтыскер ақын Дидар Қамиев те қазылар қатарынан табылды. Шет ауданынан келген Мейрам Фатихтың өлең, жыр жаттауға деген ынтасы 9,10 жасынан бастап ашылған. Оған үнемі әкесі қолдау көрсетіп жүреді екен. – Бұл байқау менің талантымды шыңдайды. Рухымды күшейтеді. Мен Бұқар бабамыздың 40 толғауын жатқа білемін. Қазір Алпамыс батыр жырын жаттап жүрмін. 10-15 беттей жаттадым, – дейді Мейрам. Байқау қатысушылары Бұқар жырау Қалқаманұлының жыр-толғауларын жатқа айту мен орындаудан және жыраулар поэзиясы үлгісінде жазылған өз өлеңдерін оқудан сайысқа түсті. Қазылар ал­қасы бағалау барысында жыраудың қанша жырын білетініне, сахналық мәдениеті мен оқу және орындау мәнеріне мән берді. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды: «Бұқар жырау оқулары» номинациясы бойынша: I орын – Маралжан Мәдинеш, II орын – Аружан Берікбаева, III орын – Фатих Мейрам. «Бұқар жырауша» жырлау аталымында: I орын –  Бекарыс Оспанов, II орын – Жандос Бақытұлы, III орын – Бибінұр Комытова. «Жыршы-жыраулар сайысы» аталымында: I орын – Ұланғасыр Қамиев, II орын – Нұрәлі Ботпай, III орын Оленина Викторияға бұйырды. Жыр додасының жеңімпаз­дарына «Алғыс хаттар» мен арнайы естелік сыйлықтар табысталды. Арнайы жүлде Мәдениет басқар­масы атынан табысталды. Сондай-ақ қаржылай қолдау көрсетілді. Осылайша, «Көмекей әулие» Бұқар бабамыздың жырларын ұрпаққа кеңінен насихаттау барысында өт­кен байқау өз мәресіне жетті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы