Нәзипа Шанаи: Ана – ұлттың ар-ұяты
Нәзипа Шанаи: Ана – ұлттың ар-ұяты
763
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассам­блеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында республикалық Ана­лар кеңесін қолдау туралы ар­найы тапсырма берді. Бұл ке­ңестің елдің бірлігі мен тату­лы­ғының өзегі саналатын құнды­лық­тарды жастардың бойына дарытуға септігін тигізетінін ерек­ше атап өтті. Аналардың құ­қығын қорғап, әлеуметтік мәсе­лелерін шешуге атсалысып жүр­ген ұйымның атқарып жатқан игі істері орасан зор. Осы орайда ұйым­ның төрайымы, қайраткер қыздардың бірі Нәзипа Ыдырыс­қызымен Аналар кеңесі туралы әңгімелескен едік.

– Нәзипа Ыдырысқызы, Аналар кеңесі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір кеңес еліміз бойынша 13 мыңдай белсенді аналардың басын біріктіріп отыр­ған секілді. Аналарды біріктіретін не нәрсе? – Аналар кеңесінің ауқымы үлкен. Қалалық, ауылдық деңгейде жұмыс істеп жатыр. Президент аппаратының Ассам­блея хатшылығында жұмыс істеп жүрген кезімізде бір идея келді. Жалпы, аналар­дың алдында қандай мақсат тұрады? Ол ұрпағының бойына ұлттық нәр құю. Сол себепті алдымызда бір ғана мақсат тұрды: ол – болашақ ұрпақты ауызбіршілікте тәрбиелеу. Ауызбіршілік дегеннің не екенін біз­дің буын және бізден үлкен ұрпақ жақсы біледі. Оларға бұл ғадет қанмен сіңген, ал тәуелсіздікте, емін-еркін өсіп жатқан бүгінгі ұрпақ мұның қадірін сезіне бер­меуі мүмкін. Біз кеңес құрмай тұрып, елі­міздегі әйелдерге арналған респуб­ликалық деңгейдегі қоғамдық ұйым­дардың жұмысын саралап көрдік. Олар­дың бағыты әртүрлі: гендерлік, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын ұйымдар бар, кәсіпкерлікті дамытатын қоғамдық ұйымдар бар дегендей. Бірақ ешқайсысының ережесінде тәрбие мін­деті қойылмаған. Біздің мақсат – отба­сылық құндылықтарды дәріптеу. Өзім де анамын, әжемін. Алла Тағаланың қыз баланы жаратқандағы миссиясының өзі – ана болу, ұрпақ жалғастыру, оған тәлім-тәрбие беру. Олай болатын болса, біз әйел ретінде өзіміздің миссиямызды орындауымыз керек. Ананың дастарқан басында айтқан әңгімесі баласының сыртқа шыққандағы іс-әрекетінен көрі­неді. Мәселен, мынадай бір жағдай бол­ды. Бір ана дастарқан үстінде балала­рына өзін такси жүргізушісінің балағаттағанын айтады. Үш ұлы бар екен. Анасының на­мысын қорғаймыз деген үш бала такси жүргізушісін ұрып-соғып, қапияда өлті­ріп алады. Соңында үш ұлы да сотталып кетті. Бір үйдің нан табары – таксист қай­тыс болды. Міне, қараңызшы, егер ана­сы ол әңгімені басқаша жеткізгенде, оның соңы мұндай қайғылы оқиғаға ұлас­пас еді. Аналар кеңесінің миссиясы – аналардың мәртебесін көтеріп, отбасы институтын дұрыс қалыптастыру. О баста Аналар кеңесін құрғанда мұндай ауқым­ды деңгейге жетеді деп ойлаған жоқ едік. Әр өңірдегі аналардың жағдайлары әр­түрлі. Бірақ барлық аналарды біріктіретін ортақ проблемалар бар. Ауылдық дең­гейге дейін жеткеніміз сондықтан. Ал бұл кеңестің жұмысын үйлестіріп отырған да аналардың өздері. – Пандемия барлық салаға оңай тиген жоқ. Әсіресе, коронавирус күшейген алғашқы уақытта тіптен қиын болды. Сол уақытта кеңес ерекше жұмыстарды қолға алып, аналарымыз 60 мыңнан астам бетперде тігіп, ыстық тамақ жеткізуді қол­ға алған екен. Жұмыс қалай үйлестірілді? – Бабаларымыздан қалған үш сынақ қағидасы бар, олар: бақ сынағы, қиын­шылық сынағы, өлім сынағы. Бұл сынақ­тардан өткен адам ғана адамгершілікті, иманды, парасатты өмірлік ұстанымына айналдыра алады екен. Бүгінгі жағдай адам баласына ғана емес, мемлекетімізге, тәуелсіздігімізге түскен сынақ болып отыр. Ұлтымыз өз тарихында бұл сияқты сынақтардан қаншама рет ауызбір­шілігінің арқасында өткен, адамгер­шілігінің арқасында халық болып жабыла көтерген. Қазақтың бағына берген бақ сынағы – Тәуелсіздік. Өз тағдырымызды өзіміз шешіп, әлемдік өркениетке егемен ел екенімізді паш етіп, дамыған елдермен иық тіресіп, көк Туымыз желбіреп, «қа­зақ» деген сөзді таныттық. Ақынның «өмір осы – бақ пенен сор таласқан» де­гені шындық екен. Әл-Фараби айтпақ­шы, «бақыт – сен арманыңа жеткен сәт», ол мәңгі немесе ұзақ болуы мүмкін емес екен. Бірақ ауылымыз күйреп, даламыз малсыз бос қалса да, зауыттар тоқтап жұмыссыз қалсақ та, жылусыз, сусыз, жарықсыз отырсақ та біз қиындықтан қорықпадық. Бізді азаттық арқалан­ды­рып, тәуелсіздік рух берді. Сол рухтың арқасында өмір сүріп келеміз. Басымызға түскен қиыншылық сы­нағына келсек, туылып жатқан жас нә­рестелер арасындағы неше түрлі ауыр кесел, мүгедектік, жасөспірімдер мен жас­тардың арасындағы өзіне қол жұмсау, жас отбасылар арасында жиі кездесетін бедеулік, тағы басқалар, айта берсек өте көп. Өз дінінен хабары жоқ жастары­мыз­ды Сирияға апарып қырып алдық емес пе? «Зина» туралы түсінігі жоқ жаста­ры­мыздан туған балалар далада, қоқыста қалып өліп жатқан жоқ па? Осының барлығы біздің болашағымызға балта шауып жатқан жоқ па? Ал біз осының барлығын қиыншылық сынағы деп түсініп, одан шығу жолын бірлесе іздедік пе? Негізі, қиыншылық сынағы әрқа­шанда ыдыраған ортаны ұйыстыру үшін, басы қосылмаған ортаны біріктіру үшін беріледі екен. Түсінбедік. Бірікпедік. Тіпті, тырыспадық та... Сондықтан енді есті жинасын деп бізге соңғы сынақты жіберді, аты да жаман – тәжтажал. Адам қорыққанда, қиналғанда Аллаға бет бұ­рады. Тәжтажал – Алланың біздің кір­леген қоғамымызды, күйе басқан жаны­мызды, сарғайған санамызды тазалау үшін жолдаған сынағы деп білемін. Әлі де ойлануға, ақылға келуге, ат басын артқа бұруға мүмкіндігіміз бар. Ойла­найық, ағайын! Алланың құдіреті ғой бұл – қазанының қайда қалғанын біл­мейтін ана да, баласының жасын ұмытып қалған әке де, өз бетімен өсіп келе жатқан бала да енді бірге, бір шаңырақтың астында шүйіркелесіп, бірін-бірі тың­дауға, ойымен бөлісуге мүмкіндік алды. Керемет емес пе?! «Ананың асы» деген қазақта керемет ұғым бар. Анасынан жетім қалған баланың қарны тоймайды дейді, себебі өз анасының қолынан шық­қан асты жей алмаған соң. Міне, осы бір қиын тұстарда да ана­ларымыз бірінші болып, жәрдем көрсетті. Бетперде тігіп ғана қоймай, ыстық тамақ жеткізіп отырды. Еліміздің әрбір айма­ғында блок-бекеттер орнатылды. Ол жер­де де қазақтың қарапайым балалары күні-түні елдің тыныштығын күзетті. Кү­зетте тұрған азаматтарымыз аш қалма­сын деп, этно-мәдени бірлестіктер тара­пынан ыстық тамақ жеткізу қолға алын­ды. «Nur Otan» партиясы #бізбіргеміз де­ген акция бастады. Сол акция аясында волонтерлер аналардың дайындаған ыс­тық тамағын күзетте тұрған әскерилерге жеткізіп беріп отырды. Бетперде жетіс­пеушілігі басталған кезде Алматы облы­сындағы Аналар кеңесі бетперде тіге бастады. Аналарымыз өте белсенді. Түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, жастарға бағыт-бағдар беріп отырады. Кей аналар бала қарап, үйде отырып қалады. Сондай кездерде құры отырмау үшін, іс тіккісі келеді, бір нәрсені пісіріп сатқысы ке­леді. Ондай аналарға да кеңес көмек қо­­лын созады. Әрине, аналардың бұл жұ­мы­сын атқаруына әкімдік тарапынан да қолдау болып жатады. Негізгі мақсат – адамды еңбекке тәрбиелеу. Қазір қарасаңыз, мәселе көп. Тіпті, мектепті алайық. Мұғалімдер мен ата-аналардың қарым-қатынасы үзіліп қал­ды. Ата-ана мұғалімді менсінбей, мұғалім ата-анадан қорқып отырған кезде тәр­бие­нің әсері болмайды. Өйткені ортақ байланыс жоқ. Әрі пандемия да бұған кедергі келтіріп отыр. Ата-ана мектепке бара алмайды. Мұғалім де қарым-қаты­нас жасай алмайды. Мектепте есеп беру көп те, тәрбие жұмысы сырт қалып қоя­ды. Біздің қоғам – сауатсыз қоғам деп айта алмаймыз. Ата-ана да білімді. Мек­тепте оқымай, білімсіз қалған ұрпақ жоқ. Сондықтан олардың білімін өмірлік тәжірибеге ұштастырып, қолдана білуіміз керек. Мәселен, қыздардың ерте жүктілігі көбейді. Мұндай «от басып» қалған балалар өз проблемасын анасына да айта алмайды, ұстазына да жеткізуге қорқады. Ал әже ретінде көмекші болып, бір адам жүрсе, мүмкін бала өзінің ішкі дертін соған жеткізетін шығар. Қазір суицид деген көбейді. Оқушылардың арасында да, үлкендердің арасында да көп. Балалар компьютердің алдында, ата-ана жұмыста жүр. Ата-ананың баламен әңгімелесетін уақыты жоқ. Әкелер көп жағдайда бала­сымен сөйлеспейді. Бала қарым-қаты­нассыз қалып қойғасын, іштегі дертін қайтып шығарады? Сосын амалсыз өзіне қол жұмсайды, жоғары қабаттан секіріп кетеді. Мұндай кезде балаға да, анаға да, әкеге де көмек керек. Ал Аналар мектебі дегеніміз – ұлттық тәрбие кеңесі іспеттес. Бұл жерде басында тақия киіп, үстіне қазақша көйлек киіп, сәукеле тақсын деген сөз емес. Өйткені бүгінгі заман басқа. Заман басқа деп, ұлттық тәрбиеден алыстап кете алмаймыз ғой. Ұлттық тәр­бие деген – ұрпақ сабақтастығы. Тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру. Қазақтың өзінің мәдениеті бөлек. Этикасы бар, эсте­тикасы бар, болмысы басқа. Сол мәде­ниет ұрпақты тәрбиелеуге де, отбасын сақтауға да үлкен негіз болады. Қазір осы мәдениеттің жоғынан ажырасу көбейіп жатыр. Осының бәрін реттеу үшін Аналар кеңесі керек деп ойлаймын. – Бұрын бізде қалыптасқан ата-әжелер институты бар еді. Қазір біз одан айырылып қалған секілдіміз. Немере қарағысы келмейтін ата-әжелер көбейді. Неге? – Бұл – өте үлкен проблема. Ауылдық жер­де ата-әже бар болғанымен, қалада жоқ десек те болады. Бірге тұрғанның өзін­де ата-әжелер немере қарағысы кел­мейді. Яғни, ұрпақ сабақтастығы үзіліп барады. Бұған кеңес дәуірінің де әсері болды. Қаладағы ата-әжелер қартайғысы келмейді. Ата-әже рөлін атқарғысы кел­мейтіндер де бар. Сосын амалсыз бала қарайтын тәрбиеші іздеп жүргендері. Олардан да келетін қауіп бар. Мәселен, бай отбасында шетелдіктер губернантка-тәрбиеші болып жүр. Ол губернантка білімді, бірнеше тіл меңгергенімен, қазақтың дәстүрінен, мәдениетінен, тілінен хабарсыз. Ол баланы қазақтың өмір философиясына үйретпейді. Ал тұрмысы төмен отбасында әжесі болса жақсы, болмаса, балалар өз бетімен өсіп-жетіледі. Сондықтан ата-әжелердің инс­титутын қалыптастыруда Аналар кеңе­сінің рөлі жоғары. Біз биыл «Ана әлдиі» деген арнайы жобаны қолға алдық. Мұ­ның мақсаты – әлди әнін қайта жаңғырту. Жоба әлеуметтік желілерде жарияланды. Ана әлдиінде – ананың арманы бар. Онда ұлттық тіл бар, ұлттық өнер мен мәдениет бар. Осы үрдісті жаңғыртып, за­манауи әлди туатын шығар деген ой бол­ды. Өңірлердің ішінде белсенділік көр­сеткен Ақтөбе мен Қызылорда об­лыс­тары болды. Республикалық байқауға өңірлерден 40 шақты жұмыс түсті. Олар­дың ішінен мықтыларын анықтап, үш орын тағайындадық. Бұл жобаны қолға алғандағы мақсатымыз да әжелерді көр­сету еді. Мақсатымызға жеткен секіл­діміз. Бұл жоба әлі де жалғасын табатын болады. – «Ана әлдиінен» бөлек, «Ақ орамал» акциясы тағы бар. Мұның мәні қандай? – 2016 жылы Семей полигонының жабылғанына 25 жыл болды. Сол кезде «Ақ орамал» акциясын бастаған едік. Қазақ үшін ақ орамалдың қасиеті бөлек. Аналар басындағы ақ орамалын қан төгісті тоқтатату үшін шешіп, жерге тас­та­ған. Ақ орамалды ешкім аттамаған. Біз­дің ұрпақ осыны ұғынса деп, акция­ның атын «Ақ орамал» деп қойған едік. Аналар кеңесі бас қосқанда да басына, мойнына ақ орамал байлайды. Бұл идея – ақ орамалдың қадір-қасиетін көрсету мақсатында туды. «Ақ орамал» акциясы содан бері жалғасып келе жатыр. Биыл Семей полигонының жабылғанына – 30 жыл. Соған орай онлайн іс-шара өтті. Бұл акцияның мақсаты – бейбітшілік пен татулықты ту ету. Үлкен шара өткізбесек те, онлайн өтті. Бейбітшілік болсын, тә­уелсіз елдің тұғыры биік болсын деген мақсаттан туды. – Кеңейтілген кеңестің отырысында аймақтағы көпбалалы отбасылардың атқарып отырған игі істері туралы мысалға келтірген едіңіз. Өзге ұлт өкілдері болса да, бір шаңырақ астында қаншама балаға қамқорлық жасап, қазақ тілін де үйреніп жүрген этнос өкілдері көп пе? – Кеңес мүшелері еліміздегі көп отба­сыларды тауып алып, олардың қандай мәселелері бар, соны шешуге тырысады. Үлгілі отбасыларды өзгелерге үлгі қылып көрсетеміз. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар. Мәселен, солтүстік облыстарда тілді үйретуді көбірек қолға аламыз. Бүгінгі қо­ғамда бөлініс көп: бай мен кедей, мем­лекеттік қызметші мен басқа қызмет­тегілер, тілді білетіндер мен білмейтіндер. Бұл бөліністің өзі балалардың психо­логиясына кері әсер етеді. Мектептегі әлімжеттік осыдан шығады. Мұның негізгі көрінісі – отбасында қалыптасады. Егер отбасында ата-ана мұрнын шүйіріп, біреуді менсінбей отыратын болса, бала соны солай қабылдап өседі. Қазір, тіпті вакцина алғандар және алмағандар болып бөлініп жатыр. Мұны да түсіндіру керек. Бала-шаға аман болсын десек, ата-ана аман болуы керек. Бұл вирус біздің арамызға келді, ол ешқайда кетпейді. Одан құтыла алмаймыз. Онда бірге өмір сүріп үйренуіміз керек. Яғни, вакцина салдыру. – Пандемияның өзі қажетті-қажетсіз мамандықтардың өлшемін белгілеп берген секілді. Қазір қашықтан жұмыс істей алатын мықты мамандықтар трендке еніп жатыр. Келешекте көп мамандық қажет болмай қалады деп ойламайсыз ба? – Қазір адамның жасына қарамастан, компьютерлік білімді терең меңгеріп шығу керек. Бұл әсіресе, бала бағып отырған аналарға да қатысты. Себебі қазір құжаттардың бәрін онлайн алуға болады. Мәселен, бір құжат керек болды делік. Кез келген адам оны үйде отырып та, рәсімдей алады. Осыны меңгерген ана әрі баласының компьютерден нені қарап отырғанын аңғаратын болады. Сол үшін біз аналарға арнайы курс ашып, компью­тер меңгеруді үйретуді қолға алып жатыр­мыз. Қазір онлайнда отырып, табыс та­буға болатын жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Ол мамандықтарды мең­гер­ген адам табыссыз қалмайды. – «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» қандай жоба? – Аналар кеңесін республикалық деңгейде құрып, бекіту туралы шешім биыл қабылданды. Бұған дейін өңірлік ке­ңестер ғана болатын. Қазір респуб­ли­калық Аналар кеңесі аясында «Мә­де­ниет­ті ана – мәдениетті ұлт» жобасы қол­ға алынып жатыр. Жоба аясында ана­­лар кеңестері аналарға ана тілін үй­ретуді, елге танымал аналарымызды қа­зақ­тың «төркіндеу» рәсімі арқылы жас­тарға насихаттауды, отбасы шаңырақ­тарын шайқалтпау үшін келін болуды, ене болуды, баланы рухани тәрбиелеуге кеңес беруді қолға алады. Қоғамда ана­ларға ұлттық рухани тәрбие беру қажет­тілігі бар. Себебі Ана – ұлттың ұяты. Не­гізгі мақсат – Аналар мектебін қалып­тастыру. – «Қазақтың салт-дәстүрін білген адам дінді де біледі» деген екенсіз. Жаһандану заманында ұлттық тәрбиеден алыстап кетпедік пе? Қалай ойлайсыз? – «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Тозығы қалады, озығы ілесіп жүре береді. «Заман басқа, заң басқа» деп, озық дәстүрінен бас тартып жатқан елдер бар ма? Неге біз қазақи мәдениетімізден бас тартуымыз керек? Мысалы, келіннің орны бір бөлек, қыздың жөні бір бөлек. Қазақ қызын қонақ деп құрметтеген. Бұл құрмет әлі күнге жалғасын тауып келеді. Келінді «менің болашағымды тәрбие­лейтін ана келді» деп қарсы алуымыз ке­рек. Сонда олардың арасынан ел ана­лары шығады. Оны бөтен санап, кеуде­сінен итеріп тұрсақ, не болғанымыз? Қызды шығарып салып, келінді қарсы алатын да – Ана. Ананың атқаратын миссиясы өте жоғары. Келіннің қолынан шай ішу. Біз мұны «тозды» деп айта аламыз ба? Біз өзара қыз-келіншектердің арасында біраз дәстүрді жаңғыртып жүрміз. Жақында Қымбат Досжанның үйінде «құрсақ шашу» тойын өткіздік. Келінім аяғы ауыр болған кезінде өзім де «құрсақ шашу» жасаған едім. Осындай дәстүрлерді жойып жібермей, жаңғырт­қы­мыз келеді. «Құрсақ шашуға» келген абы­сын-ажын, құрбы-дос үйіндегі дәмдісін алып келеді келінге деп. Мұны келін жесін, жерігі басылсын деген ырым­мен жасаған. Жас келінге үлкен­дердің көрсеткен құрметі! Болашақ анаға көрсеткен ықылас-пейілі. Керемет емес пе? Қазақта төркіндеу деген әдемі дәстүр бар. Біз соны қайта жаңғыртып жатыр­мыз. Зулпа Чумакова деген шешен апа­мыз болды. Ассамблеяда бірге жұмыс істе­дік. Былтыр коронавирустан қайтыс болып кетті. Мықты ақын қыздары­мыз­дың бірі еді. Ол кісінің өлеңдерін Серік Ақсұңқар, Ғалым Жайлыбай қазақ тіліне аударды. Әке-шешесі Кавказдан жер аударылған кезде Құсмұрынға, Шоқан Уәлихановтың ауылына келген екен. Зұлпы апа сол жерде дүниеге келген болатын. Мәдениет саласына еңбек сі­ңірген қайраткер. Сол кісі зейнеткерлікке шыққаннан кейін бір күні маған: «Жасым үлкейіп келе жатыр. Кіндік қаным тамған жерге, Құсмұрынға барып, есеп бергім келеді. Төркіндеп қайтсам, қалай қарай­сыздар?» деді. Қазақтың салтын өте жақ­сы білетін. «Өзімнен өзім барғаным ың­ғайсыз ғой, соны сізге айтып отыр­мын» деді. Төркіндеуге қатысты дүниенің бәрін оқып шықтым. Қазақта қыздың ең бірінші төркіндеуі тұңғыш баласын дүниеге әкелгеннен кейін болады екен. Оған дейін төркіндей алмайды. Бұл – міндетті төркіндеу. Екінші міндетті төр­кіндеу – алпыс жастан асқаннан кейін болады. «Пайғамбар жасына жақын­дадым, төрден аттадым, ертең мен кетіп қалсам, үрім-бұтағым нағашыларынан қол үзіп қалмасын» деп, арнайы дайын­далады екен. Бұл балаларына, күйеуіне, ағайына міндет екен. Төркін жағы да дайындалады. Қызылорда облысының кейбір жерлерінде әйел қайтыс болған кезде жаназасында: «Қарызы бар ма?» деген сауалдан кейін «Бұл кісі төркіндеп пе еді?» деп сұрайды екен. Егер төркіндеп үлгермесе, төркініне қосымша сый-сия­пат көрсетіледі екен. Сөйтіп ең бірінші болып, Зулпа апаны төркіндеттік. Қос­танай облысы керемет күтіп алды. Одан кейін жазушы Сәуле Досжанова төр­кін­деп барды. Ол кісі Алматы облысы Ұйғыр ауданының тумасы. Қыздарын аудан жақ­сы көңіл күймен, ерекше ықыласпен қар­сы алды. «Құрметті азамат» атағын берді. Шоңжыда үлкен кеші өтті. Сәуле Досжанованың әкесінің қайтыс бол­ғанына 30 жыл болған екен. Ертесіне сол кісіге арнап ас берілді. Кейін Камал апай Әлпейісова Қостанай облысына төр­кіндеп барды. Бұл дәстүрдің мақсаты – жас ұрпаққа елдерінен шыққан үлгілі апаларын та­ныс­тыру, араларын жалғау, туған елге тағзым етуді үйрету. Өзім де, ата-бабамның кіндік қаны тамған Қызылорда облысына төркіндеп бардым. Осылайша, әдемі дәстүріміз жаңғырып жатыр. Дәстүр сабақтастығы дегеніміз – осы.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС