Елімізде көпірден немесе биік ғимараттардан секіріп, өмірмен қош айтысқысы келетіндер қатары көбейіп келеді. Мұндайды ақпарат құралдарынан жиі байқап қалып жүрміз. Ендеше бұл ненің белгісі? Шарасыздыққа барған жандар жұрттың назарын неге өзіне аударғысы келеді? Өйткені шын өлгісі келген адам үйінде де өз-өзіне қол салуы мүмкін ғой. Мамандармен осы құбылыс туралы сөйлесіп көрген едік.
Ер адамдар өз-өзіне көбірек қол жұмсайды
Биылғы сегіз айда елімізде 3 000-нан астам адам суицидтен құтқарылған болса, өкінішке қарай осынша адам өз-өзіне қол салып қайтыс болған екен. Оның 2 072-сі ер-азаматтар. Суицидке барған ер адамдардың көпшілігі 35 пен 44 жас аралығында. Ер-азаматтар арасында суицидтің көп болуы тек біздің Қазақстанға ғана тән емес, басқа елдерде де осындай динамика қалыптасып отыр. Мұндағы үлестік көрсеткіш – 48,2%. Сондықтан да бұл әлемдік мәселеге айналып отыр. «Оның бірден-бір себебі – көп ретте ер-азаматтарға жүктелетін жауапкершіліктің жоғарылығында, бірінші кезекте табыс табушы, отбасын асыраушы ретінде түсетін тұрмыс тауқыметі, ортасындағы және отбасындағы беделінің түсуі, жақсы өмір сүруге ұмтылуда меселінің қайтуы және т.б. Осының бәрі күйзеліске, торығуға алып келеді де, олар іштен тұйықталып қалады. Тағы бір мәселе, ер-азаматтар психологтарға, психиатрларға бармайды. Баратыны өте аз. Онда да соңғы уақытта ғана мойын бұру бар. Мұндай соңғы қадамға адамдар көп ретте ішкілікке салынған, қарызға батқан, құмар ойынға түсіп кеткен, нашақор болған жағдайда барады. Тіпті, қаза тапқандар арасында бір басында осы жағдайдың бәрі кездескен ер адамдар да бар», – дейді Қазақстан психологтер лигасының мүшесі, психолог Лимана Койшиева. Тағы бір себебі – әлеуметтік жағдайдың төмендігі, яғни жұмыссыздық. Жұмысқа қабылдау барысында әйел адамнан гөрі ер адамға қойылатын талаптар қатаңдау болып келеді. Жоғары білім, біліктілік дәрежелері, еңбек өтілі деген секілді. Осындай әлеуметтік-тұрмыстық талаптарды орындай алмау, намыстану мен шарасыздық ер адамды ақыр аяғында өзін-өзі өлтіруге алып келеді екен. Сонымен қатар психологтің айтуынша, елімізде ер-азаматтар арасында жалғыздық көбейіп келеді екен. Балаларын өздері бағып отырған жалғызбасты әкелер көп. Олардың басым көпшілігі алимент алмай күн көріп отыр. Осы факторлардың бәрін ескере келе, ер-азаматтардың мәртебесін көтеру керек. Мемлекеттік бағдарлама қабылдап, ер адамдарға әлеуметтік пакеттерді көптеп қарастыру қажет. Өйткені бізде, Қазақстанда әйел адамдарға, соның ішінде көпбалалы аналарға көп жағдай жасалған да, ер адамдар мемлекеттік қамқорлық пен қолдаудан шет қалған. Мәселен, ажырасқан кезде баланың анасымен қалуына басымдық берілетіні – соның бір мысалы. «Суицидтің бірнеше түрі болады. Мысалы, бірі аффектілік жағдайда жасалуы мүмкін, енді бірі жан ауруы кезінде, яғни психикалық сананың ауытқуы кезінде жасалуы мүмкін және демонстративті түрде жасалуы мүмкін түрі де бар. Біздің ақпарат құралдарынан немесе көшеде көріп жүргеніміз осы демонстративті қол жұмсау. Бұл дегеніміз, өзінің жанайқайын өзгелерге көрсету. «Міне, мен өз-өзіме қол салуға мәжбүр болып тұрмын» деген сипаттағы наразылық. Мен суицидтің бұл түрі көбейіп кетті деп айта алмаймын. Әйтсе де, әр бір оқиғаның жеке-жеке себебі бар. Бірақ бәрі де бірінші кезекте адамның өзі қолында екенін ұмытпауымыз керек», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің жанындағы Отбасы, әйелдер ісі және демографиялық саясат бойынша комиссия мүшесі, психолог Лимана Құттыбекқызы. Маманның айтуынша, бізде соңғы кезде суицид деректері ашық көрсетіліп жүр. Ал бұл дұрыс емес. Өйткені жаңағы айтқанымыздай, жан ауруы бар адамдар ол көріністерді ауыр қабылдап, өзін-өзі өлтіруді ойлап жүрген болса, соған тездетіп итермелеуі мүмкін. Сондықтан да психолог ретінде Лимана Құттыбекқызы ондай кадрларды жариялауға және таратуға қарсы екенін айтады. Өйткені бұл өзгелер үшін жарнама секілді, осылай да өмірден оңай жолмен кетуге болады деген сияқты болып қабылдануы мүмкін. Тіпті, суицид деген сөздің өзін де көп қолдана беруге болмайды. Бұл – профилактикалық шаралардың бір тәсіліСуицид басы тұрмыстан
2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 40 адам өз-өзіне қол салып қайтыс болыпты. Олардың арасында ер адам да, әйел де, бала да бар. Мамандар бұл проблеманы аяқталған және аяқталмаған (әрекеттену) суицид деп бөледі екен. Астанамызда осылай әрекеттеніп, аман қалған әйелдер саны – 220. Олардың жас санаты – 30 бен 46 жас арасында. Соңғы қадамға мас күйде – 78, сау күйде – 106, әртүрлі психосоматикалық жағдайда – 30, басқа да ауыр жағдайлар салдарынан 6 әйел барыпты. Жасалу әдісі бойынша бұл әрекеттерді дәрілік препараттармен улану – 37, тесетін-кесетін заттармен зақымдану – 16, құлау – 14, өзін-өзі өртеу – 1, суға бату – 3 және басқалар 21 адам деп бөлуге болады. Жасалған орны бойынша мұндай оқиғалар көшеде (19), тұрғын үй-жайда (47), оқу орнында (1) және басқа да жерлерде (18) болған. Бұл әйелдердің көпшілігі азаматтық немесе ресми некеде болған, яғни ажырасқандары немесе тұрмысқа шықпағандары аз. «Мен әйел адамдармен көп жұмыс істейтін болғандықтан, оларды суицидке итермелейтін ең бірінші кезекте тұрмыстық себептер екенін жақсы түсінемін. Соңғы қадамға баратын адамдардың көпшілігі шешімді өздері қабылдайды. Жәбірленушілермен болған әңгімелерде олар ешкімге шағымдары жоқ екенін, бұл әрекеттерге ешкім итермелемегенін айтады. Осының негізінде қылмыстық істерді тоқтату туралы қаулылар қабылданады. Көп жағдайда бұл оқиғалардың негізгі себептері жасқа байланысты жеке тәжірибе, эмоциялық тұрақсыздық, тұлғааралық қатынастардың бұзылуы, әлеуметтік жағдайлар, депрессивті көңіл күй, отбасылық жанжалдар, абайсыздық және алкоголь ішу», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті Полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова. Полиция подполковнигінің айтуынша, бұл тұстағы негізгі проблемалардың бірі бүгінде өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау бойынша мақсатты жұмыс жүргізе алатын білікті мамандардың (суицидологтардың) болмауы екен. Сонымен қатар полиция қызметкерлері үшін өзіне-өзі қол жұмсауға бейім адамдармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдық сипаттағы іс-шаралар жүргізілмейді. Оның үстіне суицидке бейім адамдар, соның ішінде әйелдер құқық қорғау органдарымен, білікті мамандармен және психологтермен байланысқа түсуден қашқақтайды. Жәбірленушілер жасалған әрекеттердің нақты себебін толық ашпайды. Бұл олардың жеке өмірі туралы бөтен адамдармен сөйлескісі келмейтінін көрсетеді. Бұл – дұрыс емес. «Негізінен, суицидке ер адамдар бірден барады. Олар нақты шешім қабылдап, батыл әрекеттер жасайды. Ал әйелдер мен балалар жасқаншақтау болып келеді де, мұндай қадамға қашан да екіұдай күйде барады. Сондықтан да көп жағдайда аман қалып жатады. Бір жағы ашумен де жасайды. Мәселен, полиция қызметкерлері құтқарып қалған көпірден секірген екіқабат келіншек пен баласын құшақтап баспалдақ балконының ернеуінде отырған әйел осындай ашу үстінде барғандар. Олардың баласы да, өздері де зардап шеккен жоқ. Кейін анықталғандай, күйеулерімен ұрысып қалған болып шықты», – дейді ӘЗЗҚ аға инспекторы Гүлмира Тілеуғалиқызы. Әйелдерге қатысты және отбасылық-тұрмыстық қатынастарда құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында 2021 жылдың 9 айында ӘЗЗҚ инспекторлары учаскелік инспекторлармен және ювеналдық полиция инспекторларымен бірлесіп, әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың өсуіне жол бермеу бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Алдын алу және түсіндіру жұмыстары бойынша әдістемелік және практикалық көмектер көрсетіп, әрбір факті бойынша себептер мен жағдайларға мұқият талдау жасауда. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өзара әріптестікте консультациялық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Қиын жағдайға түскен әйелдерге «Қорғау-Астана» ЖҚ, «Жанұя» ҚҚ, Qorgau ҚҚ психологтері консультация өткізуде. Осы жұмыстардың қай-қайсысында да мамандардың анықтағаны – өз-өзіне қол салушылармен сөйлесудің аздығы. Оған бір жағы ол адамның өзі тұйықталып қалатын болса, екінші жағы айналасындағылар да түрлі себеппен көп ықылас таныта қоймайды. Ал шындығында, егер сөзге тартып, суицид туралы тікелей сөз етпесе де, проблемаларын бөлісіп, көңілін аулар болса, соңғы қадам туралы ойынан айнитындар да көп екен. Мүмкіндігінше, психологтерге, психотерапевттерге барудан қашпау керек. Сонда қиын күндерін уақыт өте келе күлкімен еске алып отыратын жандардың қатары көбеймек.Нұрлан ҚОСАЙ