Киім – кез келген халықтың мәдени коды. Оның пішіні, матасы, ою-өрнегі арқылы ұлттың дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін, тіпті мінезін де тануға болады. Қазақтың шапаны мен қамзолы, сәукелесі мен тақиясы – ғасырлар бойы қалыптасқан эстетикалық талғам мен рухани құндылықтардың көрінісі. Бүгінде бұл мұра жаңа сипат алып, заманауи стильмен үндесіп, күнделікті өмірге батыл ене бастады.
Мемлекет тарапынан да бұл бағытқа ерекше назар аударылып отыр. Президент бастамасымен Наурыз мейрамын он күн бойы атап өту дәстүрге айналып, соның ішінде 18 наурыз – Ұлттық киім күні болып белгіленуі – соның айқын дәлелі. Бұл бастама ұлттық киімнің тек мерекелік атрибут емес, күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналуына ықпал етуде. Бүгінде кеңселерде, ресми жиындарда, түрлі мәдени іс-шарада ұлттық нақыштағы киімдерді кию қалыпты үрдіске айналып келеді.
Жалпы, ұлттық киімге деген сұраныстың артуы отандық брендтердің дамуына серпін бергені белгілі. Соның бірі – Didar компаниясы. 2004 жылы негізі қаланған кәсіптің бастауында ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен Самат Тілеужанұлы тұр. Қазақы киімдердің сапасына көңілі толмаған ол бұл істі өзі қолға алып, жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Бүгінде оның жолын ұлы Дидар Тілеужанов жалғастырып отыр. Компания дәстүрлі үлгілерді заманауи дизайнмен ұштастырып, жылына 2 мыңға жуық ұлттық киім өндіреді. Алматыдағы «ЦУМ» сауда үйінде орналасқан дүкендері арқылы тұтынушыларға сапалы өнім ұсынып келеді.

Ал Borte бренді – ұлттық киімге деген махаббаттың нақты әрекетке айналғанының көрінісі. Оның негізін қалаған Алтынай Тұратбекова бұл іске кездейсоқ келмеген. Айсұлу Татарстанға құрбыларымен бірге қыдырып барады. Сол кезде жергілікті халық оның үстіндегі қажекейге ерекше қызығады. Алтынаймен бірге фотоға түсіп, репортаж жасайды. Бұл кейіпкерімізге үлкен ой салып, осыдан кейін ол ұлттық киімді кеңінен насихаттауды мақсат етіп, кәсіп бастайды. Бүгінде Алтынайдың Ақтауда орналасқан цехында премиум және қолжетімді сегменттегі киімдер тігіледі. Әсіресе, барқыттан тігілген, әсем тастармен безендірілген шапандарға сұраныс жоғары. Бренд атауы да қазақ тарихындағы көркем бейнелердің бірі Бөрте ханыммен байланысты. Бұл – ұлттық болмыс пен әйел сұлулығын ұштастыруға деген талпыныстың белгісі. Алтынай театрдан «Бөрте» спектаклін көріп, сырт келбеті мен ақыл-парасаты келіскен Бөрте ханымның бейнесін жадында сақтайды. Қазақтың қыз-келіншектері де сымбатты да сұлу көріну керек деп ойлайды. Айта кетейік, бұл брендтің тауарлары онлайн дүкендер арқылы сатылады.
Елордадағы Myrza Brand болса, табандылық пен үздіксіз ізденістің нәтижесінде қалыптасқан бренд. Кәсіпті бастаған Тасқын Мырза мен Диана Рахым алғашқыда қателіктерге бой алдырып, қаржылық қиындықтарға тап болады. «Біз әйелім екеуміз ең алғаш кәсіп бастағанда тәжірибеміз болған жоқ. Бірден тігін машиналарын сатып алдық, тәжірибесі жоқ тігіншілерге тіктірдік. Матаның сапасына да онша мән бермеппіз. Содан дайын тауарымыздың жартысы сапасыз, ақауы бар болып шықты. Сатып алған адамдар киімдерді қайтадан қайтарып жатты. Біз қарызға баттық. Ең соңында, мен тігін машиналарын ОLХ сайты арқылы төмен бағада сатып жібердім», – дейді Тасқын Мырза. Бірақ алған бетінен қайтпаған жас кәсіпкер базарды, нарықты зерттей жүріп, бұл жолы ұлттық киім өндірісінде бақ сынайды. «Бірінші бизнестегі сәтсіздіктен кейін қалтамда бір тиын ақша болған жоқ. Базарға барып, өзіме ұнайтын, жоғары сападағы шапандар мен қажекейлерді сатып алып, қайта сатумен айналыстым. Одан кейінгі сатыда біз шапандарды өзіміз жобалап, басқа цехтарда тіктіре бастадық», - дейді Тасқын Мырза.
«Біз нарықта 2022 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмыз. Алғашында онлайн бастадық. Сосын 2023 жылы Алматы қаласындағы дүкенімізді аштық. 2024 жылы Астанадағы дүкенімізді аштық. Ал былтыр дүкенді Шымкент қаласынан аштық. Одан бөлек, барлық қалаға тапсырыс жеткіземіз. Қазір маталарды шетелден алдырамыз. Компаниямызда 4 дизайнер жұмыс істейді. Олардың барлығы да кәсіби мамандар. Киімді жобалау үшін салт-дәстүрімізді, бұрынғы ата-бабаларымыз киген киімдерді зерттеп, кітаптар ақтарып, көп еңбектенеді. Бұрынғы киімдердің сұлбасын сақтап, қазіргі заманға лайықтап ықшамдап жобалайды. Сондықтан біздің кез-келген киіміміз кездейсоқ дүниелер емес, тарихи негізі бар, дәстүрімізге сәйкестендірілген, заманауи келбеті үйлескен киімдер», – дейді Диана Рахым.

Бүгінде қос кәсіпкердің жеке өндіріс орны бар. Жылына 25 мыңға жуық киім шығарады. Жоғарыда айтқанымыздай, үш қалада дүкендері бар, қалған барлық қалаға тапсырыспен киім жеткізеді. Сондай-ақ цехтарында 60-қа жуық тігінші еңбек етеді. Бұл – ұлттық брендтің үлкен өндірістік деңгейге көтерілгенінің дәлелі.
Соңғы жылдары бұлардан бөлек те көптеген жаңа бренд пайда болуда. Мәселен, жастар арасында танымал этно-стильдегі киімдер ұсынатын шағын шеберханалар, дизайнерлік студиялар ұлттық нақышты street style, casual бағыттарымен үйлестіріп келеді. Кейбір брендтер ұлттық оюларды минимализммен ұштастырса, енді бірі дәстүрлі пішіндерді сақтай отырып, жаңа маталар мен технологияларды қолданады. Бұл – қазақы киімнің тек сахналық немесе салтанатты образ ғана емес, заманауи өмір салтының бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Алайда ұлттық брендтердің дамуына қарамастан, Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің жалпы жағдайы әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Сарапшылардың айтуынша, елдегі киім өндірісінің басым бөлігі импортқа тәуелді. Нарықтағы өнімдердің едәуір бөлігі Қытай, Түркия, Қырғызстан және өзге де елдерден әкелінеді. Бұл өз кезегінде отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Тағы бір өзекті мәселе – шикізат тапшылығы. Қазақстанда сапалы мата өндірісі жеткілікті деңгейде дамымаған. Көптеген бренд шетелдік матаны пайдалануға мәжбүр. Бұл өнімнің өзіндік құнын арттырып қана қоймай, өндіріс процесін де күрделендіреді. Сонымен қатар тігін өндірісінде білікті мамандардың жетіспеушілігі де сезіледі. Жас буын арасында бұл салаға қызығушылықтың төмен болуы кадр тапшылығын одан әрі ушықтырып отыр.
Өндірістік инфрақұрылымның әлсіздігі, қаржыландырудың шектеулі болуы, шағын және орта бизнеске арналған нақты қолдау тетіктерінің жеткіліксіздігі де саланың дамуын тежейтін факторлар қатарында. Көптеген дизайнер мен кәсіпкерлер бастапқы кезеңде жеке қаражатымен немесе шағын несиемен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл олардың өндірісті кеңейтуіне мүмкіндік бермейді.
Дегенмен осындай қиындықтарға қарамастан, еліміздің түрлі қаласында, аудан орталықтарында ұлттық киім тігумен айналысатын кәсіпкерлер пайда болды. Олар өздерінің Instagram парақшалары арқылы тек бизнес жүргізіп қана қоймай, ұлттық мәдениетті жаңғыртып, оны заманауи форматта ұсынуда.

Елімізде жаңа нарық қалыптастыруда. Әсіресе жастар арасында ұлттық стильге деген қызығушылық артып, оны өзіндік идентификацияның құралы ретінде қабылдай бастады.
Ұлттық брендтердің дамуы – тек экономикалық көрсеткіш емес, бұл – мәдени трансформацияның көрінісі. Қазақ қоғамында бір кездері тек Наурыз мерекесінде ғана киілетін ұлттық киім бүгінде күнделікті гардеробтың бір бөлшегіне айналып келеді. Әсіресе, жастар арасында ұлттық стильге деген қызығушылық артып, оны өзіндік идентификацияның құралы ретінде қабылдау үрдісі байқалады.
Қорытындылай келе айтарымыз, ұлттық киім брендтерінің көбеюі – қоғамдағы терең өзгерістердің белгісі. Бұл – өткен мен бүгіннің арасындағы көпір. Ұлттық брендтер – тек сән индустриясының өнімі емес, ұлттың рухани жаңғыруының, өзін-өзі тануының және болашаққа нақты қадамының көрінісі.
Айгүл СЕЙІЛ