Тәуелсіздік жылдары еліміз бірқатар мемлекетпен ынтымақтастық орнатып, «бауырлас қалалар» мәртебесіне қол жеткізді. Бұл өз кезегінде рухани һәм мәдени байланысты нығайтып, экономикалық тұрғыдан да жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Тараз шаһары да көршілес Қырғыз елімен қарым-қатынасты күшейтіп, бүгінде бауырлас өңір атанып отыр.
Осы орайда ел Егемендігінің 30 жылдығы шеңберінде Тараз төрінде Қырғыз Республикасының Талас және Шу облыстарының күндері өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейе түсті. Айыр қалпақты ағайын ең әуелі «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде қырғыз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін ұсынды. Жәрмеңкені Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қырғыз Республикасы президентінің Шу облысындағы уәкілетті өкілі Эркін Тентішев және Талас облысындағы уәкілетті өкілі Бақытбек Нарбеков аралап, саудагер мен тұтынушылармен тілдесіп, өнім түрлерімен танысты. – Қазақ пен қырғыз – бауырлас халықтар. Бізді көпғасырлық ортақ тарихымыз, берік достық пен тату көршілік қарым-қатынас байланыстырады. Екі ел арасындағы бірлікті одан әрі нығайта түсу – біздің ортақ міндетіміз. Ежелден келе жатқан дәстүрлі мәдени байланысымызды жалғастыру қажет. Бүгін сіздер Тараз қаласының тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйладыңыздар. Біздің қарым-қатынасымыз бұдан әрі де тереңдеп, кеңейе беретініне сенімдімін. Өңірлер арасында түрлі салада, оның ішінде мәдениет пен сауда-саттықта өзара ынтымақтастықты арттыратын боламыз. Биыл Қазақстанның да, Қырғыз елінің де 30 жылдық тәуелсіздігі аталып өтуде. Елдер арасындағы достық нығая беруіне тілектеспін! – деді Бердібек Машбекұлы мерекелік шарада. Ал уәкілетті өкілдер Эркін Тентішев пен Бақытбек Нарбеков қонақжайлылық танытқан жамбылдықтарға алғысын білдіріп, екі ел арсындағы ынтымақтастық әрдайым берік болғанын, оны одан әрі күшейте түсуге ниетті екенін жеткізді. Жалпы, бұл күні қырғыздар 130,8 миллион теңгені құрайтын 128,6 тонна азық-түлік өнімдерін саудаға шығарды. Оның ішінде 21,7 тонна картоп, 19,1 тонна қырыққабат, 15 тонна сәбіз, 2 тонна пияз, 30,1 тонна алма, 40 келі кептірілген жеміс және 0,5 тонна сүт өнімдері бар. Одан бөлек, көпжылдық гүлдердің сұрыптары мен ағаш көшеттері де көпшілікке ұсынылды. – Үш тоннадан астам көкөніс, бір тоннадан астам картоп әкелдік. Картоптың келісін 130 теңгеден саттық. Барлығы дерлік екі сағатта сатылып кетті. Мұндай жәрмеңкелер біз үшін де тиімді, себебі өнімдерімізді делдалсыз тікелей өткіземіз, – дейді қырғызстандық «Ынтымақ» шаруа қожалығының жетекшісі Мәдина Қалыбаева. Негізі, жәрмеңкеде азық-түлік нарықтағы бағадан 10-20 пайызға арзан сатылды. Сол себепті айыр қалпақты ағайынның тауарын тұтынушылар бірер сағаттың ішінде талап алып кетті. Бұл күні Қырғыз жерінен келген қонақтар Super Pharm ЖШС, көркем гимнастика және үстел теннисі спорт кешені, «Анаға тағзым» орталығы мен «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін аралап, тотыдай түрленген Тараздағы өзгерістерге таңдай қақты. Шынында, кейінгі жылдары көне шаһардың көркі өзгеріп, ажары нұрлана түскен. Содан болар, жаңаша жасарған шаһар халқының саны күн санап артып келеді. Онжылдықтың айтулы саяси науқаны халық санағының бүгінгі нәтижесі бойынша қала тұрғындарының саны 404 853 мың адамға жетіп отыр. Бұдан бөлек, қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың сөзіне сүйенсек, биыл шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталған. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі, ауыл шаруашылығы, негізгі капиталға салынған инвестиция, бөлшек сауда тауар айналымы, құрылыс және тұрғын үй салаларында өсім бар. Тарқата айтсақ, 2021-2022 жылдары жалпы құны 17,8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, 1 044 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. «Бизнестің Жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 16,4 миллиард теңгеге 932 жоба субсидиямен қаржыландырылып отыр. Қалада жыл басынан бері облыс әкімінің тапсырмасымен заманауи форматтағы 11 әлеуметтік дүкен ашылған. 37 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде бүгінде 21 тұрғын үйден 1 091 пәтер пайдалануға берілген. Шаһардағы 26 көшедегі ұзындығы 44,4 шақырым жол және 12,5 шақырым шағал жол орташа жөндеуден өткізілуде. 17 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталса, 8 нысанда жұмыстар жүргізіліп жатыр. 14,0 миллион теңгеге қаладағы саябақтар мен скверлерге және қала көшелерінің бойына 2 000 урна және қоқыс жинайтын 100 контейнер орнатылған. Көше жарығын орналастыру үшін қалалық бюджеттен 200,0 миллион теңге қарастырылып, бүгінде 34 көше мен бұрылыстарға құрылыс жұмыстары басталып, аяқталуға жақын. Сондай-ақ демеушілер есебінен 6 көше мен бұрылыстарға көше жарықтары орнатылған. Бұдан бөлек, биыл 959,2 миллион теңгеге 6 306 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілсе, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 үй салынып жатыр. Тағы бір жағымды жаңалық – қаланың шеткі алқаптарын дамыту үшін «100 жоба» бастамасы қолға алынған. Келер жылдың межелі міндетіне келер болсақ, шаһардан «Мұз айдыны», «Жеңіл атлетика манежі» және «Бокс сарайының» құрылысы басталмақ. Бұл жобалардың барлығы демеушілер есебінен жүзеге асырылады. Міне, осылайша Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінде облыс орталығында оң өзгерістер болып жатыр. Бұны Алатау асып келген қырғыз ағайын да аңғарып, бауырлас ел арасындағы байланыс мәңгі берік болуына тілектестігін білдірді.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы