Алматы тұрғындарының кемі 80 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алуы керек
Алматы тұрғындарының кемі 80 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алуы керек
Фото: incrussia.ru
288
оқылды

Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру, өлім-жітімді азайту және вакцина егу қарқыны мәселелері КВИ таралуының алдын алу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында айтылды. Кеңес отырысына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті.

Жиында қаладағы ахуалдың тұрақтануы  мен  оптимистік болжам бойынша дамуға қарамастан, эпидемиологтар ықтимал нашарлау туралы ескертті.

«Бұған Еуропа мен Ресейдегі эпидемиологиялық ахуалдың өрши түсуі, вакциналану қарқынының төмендеуі ықпал етуі мүмкін. Індеттің жаңа толқынының қаупін азайту үшін алматылықтарға эпидемиологиялық талаптарды сақтау және вакцина алуы қажет. КВИ-ге қарсы вакцинацияны екпе салуға жататын қала тұрғындарының жалпы санының кемінде 80%-ы алуы тиіс», – деп атап өтті мамандар.

Науқастардың жас құрамын салыстырмалы талдау кезінде апта ішінде мегаполисте дерт жұқтырғандардың 77%-ын вакцина алмаған 20 жастан асқан азаматтар құрап отыр екен. 14 жасқа дейінгі балалар арасында жұқтырғандар саны 2,2%-ға, 40-59 жастағы адамдар арасында 1,4%-ға өскен.  Сырқаттанушылардың 85%-ы инфекцияны сауда объектілерінде – 28%, қоғамдық көлікте – 21,4% жұқтырған. Сонымен қатар отбасылардағы байланыстарда – 22,3%  базарларда жұқтырғандар көлемі  8%  болып отыр. Сондай-ақ үйде инфекция жұқтыру 4,4%-ға өскен.  Мұны мамандар  туыстармен, көршілермен және таныстармен байланыс кезінде, сондай-ақ отбасылық іс-шараларды мерекелеу санының өсуімен байланыстырып отыр. Қалада белгіленген карантиндік шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша мониторингтік топтардың жұмысы да жалғасуда.  Мәселен, 25-31 қазан аралығында қаладағы кәсіпкерлік нысандарында 19 және қоғамдық көліктерде маска режимі сақталмаған 23 бұзушылық анықталса, Ashyq жобасы бойынша оқшаулау режимін бұзған 100 қала тұрғынында «қызыл» мәртебе анықталды. Айта кетерлігі, кешегі дүйсенбіден бастап Алматыда «сары» аймақтың талаптары қолданылуда.  Осыған сәйкес, Ashyq жобасына қатысушылардың жұмыс ұзақтығы 1 сағатқа, жоба жетекшілерінің жұмыс уақыты түнгі сағат 3-ке дейін ұзартылған болатын. Барлық нысандар Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес «сары» аймақ режимі бойынша жұмыс істейді. Көбінесе талапты бұзушылықтар СОО-да, дүкендерде және тамақтану объектілерінде орын алуда. Сондай-ақ кеңес отырысында аталған дертке шалдыққандардың жағдайы туралы да мәлімет айтылды. Келтірілген дерек бойынша бүгінгі күні Алматыдағы  инфекциялық стационарларда 1 039 адам, оның ішінде 35 бала ем қабылдауда.  Реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде 93 пациент емделуде. Мобильді медициналық бригадалар мен телемедицина орталығының бақылауына 2 124 пациент алынған. Кеңес барысында Biontech және Pfizer бірлесіп әзірлеген «Комирнати» препаратымен вакцина егу дайындық мәселелері де айтылды. Препараттың қалаға жеткізілуі осы айға жоспарланған.

Алматы әкімдігі қала тұрғындарынан денсаулығын сақтау үшін қарқынды вакцина алуды сұрайды. Қалада күн сайын 137 вакцина егу пункті жұмыс істейді.                                                                                                          

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы