Облыста автокөлік газының литрі 80 теңгеден сатыла бастады. Соңғы үш айда 65-70 теңгеден аспаған құн аяқасты шарықтап кетті.
Жауаптылар бұл өзгерісті қарашада сұйытылған отын сатылымының 70 пайызы электронды сауда алаңдарына көшуімен түсіндіріп, ақталып отыр. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауда 100 пайызға көшеді деп жоспарланған. Бұл келешек бағаның күрт өзгеруін болдырмайды деген сенім бар. Әрі сатудан түскен қаражат жарты ғасыр күрделі жөндеуден өтпеген зауытты қалпына келтіруге жұмсалады. Қазір кәсіпкерлер Жаңаөзендегі зауыттан автогаздың литрін 65 теңгеден, тоннасын 112 мың теңгеден сатып алып жатыр. Кәсіпорын айына 14 мың 500 тонна өнім шығарады. Қосымша 3,5 мың тонна газ Атыраудан тұрақты түрде тасымалданып отыр екен.– Электронды сауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында өткізіліп отыр. Сатып алушылар бағаны сұранысқа байланысты өздері қойып, ұтып алатын болады. Төмен болса бізде сатылмайды. Сатылмаған жағдайда дефицит болады. Баға тағы да шарықтап кетеді. Сондықтан аукционға жіберіліп отыр. Өңірімізде 164 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Соның ішінде сұйытылған мұнай газымен пайдаланатын көлік саны 90 пайызды құрайды. Жалпы, өңірімізде ай сайынғы қажеттілік 18 мың тонна, – дейді Энергетика және ТҮКШ басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров.Дегенмен соңғы 3-4 жылдың көлемінде автогаздың қатты қымбаттап жатқаны байқалады. Мәселен, 2019 жылы қазір 80 теңгеден сатылып жатқан газдың құны 50-55 теңгеден аспаған болатын.
М.ТӨЛЕУ