Комиссия көз алдау үшін құрылды ма?
Комиссия көз алдау үшін құрылды ма?
599
оқылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенінің ластануына байла­ныс­ты Президент пәрменінен кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі арнайы комис­сия құрып, Күршім ауданындағы Қалжыр және Күршім өзендерінің бойында жұмыс істеп жатқан кен өндіруші мекемелерді бір емес, бірнеше мәрте тексерген еді. Комиссия алғашқы қорытындыларын берді. Бірақ комиссия құрамында гидролог, геолог, микробиолог, сейсмолог тәрізді мамандар жоқ.

Жарты миллион айыппұл аз емес пе?

Жақында облыстық Экология департа­менті Күршім ауданындағы Күршім және Қыстау-Күршім өзендерінің ластану фак­тісіне байланысты жоспардан тыс жүр­гі­зілген экологиялық тексерудің нәтижесін хабарлап, «Визол» ТКК» ЖШС-не 200 мың теңгеден астам айыппұл салынғанын жеткізген-ді. Ал «Хван С.А.» кәсіпкерлігіне 175 020 теңге көлемінде айыппұл салынған. Айта кетейік, «Қалжырды кім ластап жатыр?» деген мақалада осы «Хван С.А.» кәсіпкерлігімен қатар «Кошкинбаев Б.А.», «Бошаев У.Т.», «Дуйсембаев а.у.», «Ма­ды­маров х.Д.» жеке кәсіпкерліктеріне бұған дейін 218 775 теңге айыппұл салынғанын жазғанбыз. Екі айыппұлды қоссаңыз, шамамен 400 мың теңгеге жуықтайды. Жақында БАҚ беттерінде «Қалжыр өзе­нін ластағандарға жарты миллион теңге ­айып­пұл салынды» деген ақпарат тара­ғанда «Бар болғаны осы ма? Бұл аз емес пе? Өзен­ді ластағандар тек айыппұлмен құты­ла ма? Өзендегі балықтардың, өзеннің ма­ңындағы тал-ағаштардың жайы не боп жатыр? Жалпы, арнайы құрылған ко­миссия­ның құрамына жергілікті ше­неунік­терден бөлек гидрологтар, геолог­тар, микробио­логтар, сейсмолог, қауіп­сіздік техникасы мамандары енді ме?» деген пікірлер айтылып, сұрақтар қарша бораған еді.

«Балық қырылмаса, тексере алмаймыз»

Осы ретте біз облыс әкімдігіне хабар­ласып, Президент тапсырмасына орай ай­мақ басшысы Даниал Ахметовтің өкімі­мен арнайы құрылған комиссияның құра­мын анықтадық. Комиссия төрағасы – Шы­ғыс Қазақстан облысы әкімінің орын­басары Ержан Нұрбаев, комиссия мү­шелері – Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, Жер қатынастары, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалану­ды реттеу, Жердің пайдаланылуы мен қор­ғалуын бақылау басқармалары, Ертіс бассейндік инспекциясы, Экология де­пар­таментінің басшылары, облыстық ма­мандандырылған табиғат қорғау проку­роры, Полиция департаменті жергілікті Полиция қызметі басқармасы табиғат қорғау полициясы бөлімінің бастығы. Міне, өздеріңіз де байқап отырғандай, комиссия құрамына гидрологтар, геолог­тар, микробиологтар, сейсмолог, қауіп­сіздік техникасы, балық шаруашылығы саласының мамандары енбеген. Алайда комиссия Күршім ауданындағы өзендерге тексеру немесе рейд жүргізгенде «Қазгид­ромед», «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» секілді мекемелердің жергілікті филиалдары қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Мұны бізге «Балық ша­руашылығы ғылыми өндірістік орталы­ғы» ЖШС Алтай филиалының кешенді балық шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Айбек Қасымханов айтты. «Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев бастаған комиссия мүшелерімен бірге Күршім ауданындағы Күршім өзе­нінде кен өндіріп жатқан «Визол» ЖШС-не барған кезде Алтай филиалы тарапынан өз ұсынысымызды жеткіздік. Біз кен өнді­рушілердің табиғатқа үлкен залал келтір­генін, өзеннің арнасын қолдан бұрған кез­де тек балықтарға ғана емес, олар қо­ректенетін су түбіндегі жәндіктерге, зооп­ланк­тондарға, балықтардың дернәсіл­дері­не зиян келгенін айттық. Жақында «Ви­зол» ЖШС біздің мекемемен келісімшарт жасасты. Алтай филиалы мамандары қазір Күршім өзенінде балықтар мен олардың қоректері саналатын ұсақ жәндіктердің шығынын есептеп жатыр. Жуықта олар арнайы барып, балықтар мен жәндіктерден сынамалар алды. Біз енді бір-екі ай көле­мінде Күршім өзеніне осынша балық ша­бақтарын жіберу керек деген ұсыныс береміз» деген зертхана меңгерушісі бұл өзен бойында кен өндіруші кәсіпкерлермен жасалып отырған алғашқы келісімшарт екенін жеткізді. Демек, бұған дейін кен өндірумен, алтын шаюмен айналысқан, ай­налысып қана қоймай, заңды белден ба­сып, табиғатқа залал келтірген кәсіп­керлердің ешқайсысы мұндай жұмыстарды жүргізбеген. Бәлкім, ешкім талап етпеген.

Ғалымдар рұқсаты қажет

Айбек Қасымхановпен әңгіме бары­сында түйгеніміз, негізінде өзен аумағын­да, яғни су нысандарында жұмыс жүргі­зетін кәсіпорындар немесе кәсіпкерлер өз жұмыстарын бастамас бұрын «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орта­лығы» ЖШС Алтай филиалы секілді ғы­лым мекемелермен келісімшарт жасасып, табиғатқа келетін залалды есептеуге қа­жетті ақпараттарды ұсынуы керек. Ал қаз­ба жұмыстарына рұқсат беретін орын­дар жобаға келісімін бермес бұрын кәсіп­керлерден осындай мекемелермен жұмыс істеген-істемегенін сұрауы, дұрысы, талап етуі қажет екен. «Күршім өзені секілді Қалжыр өзеніндегі балықтарға, ондағы басқа да жәндіктерге зиян келгені анық. Мұны осы саланың маманы ретінде біліп отырмыз. Сондықтан арнайы құрылған комиссия «Визол» ЖШС секілді Қал­жырды ластаған кәсіпкерлерге де өзендегі балықтар мен ұсақ жәндіктердің шығынын өтеуді міндеттесе дұрыс болар еді», – дейді Айбек Қасымханов. Президенттің өзі арнайы тапсырма берген Қалжыр өзенін ластаған кәсіпкер­лерге қанша айыппұл салынғанын жоға­рыда айттық. Ал өзендегі балықтардың жағдайы нешік? Олардың популяциясына, жалпы жағдайына арнайы сараптама жүргізілді ме? Мұны Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитетінің Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруа­шылығы инспекциясы балық шаруашы­лы­ғы бөлімінің басшысы Фархат Байбаза­ров­тан сұрадық. Алайда атауы ұзын меке­ме­нің жауабы тым қысқа болды. «Қал­жыр­да балықтың қырылу фактісі анықталған жоқ қой. Анықталмаса, шығын көлемін есептей алмаймыз», – деді бөлім басшысы. Сонда өзендердегі балықтың, басқа да жәндіктердің жағдайын тексеру үшін міндетті түрде олар қынадай қырылуы керек пе? «Қалжыр өзені жағасындағы оталған тал-ағаштың жайы не болады?» деп облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына да телефон шалдық. «Біз орман бойынша қарадық. Ешқандай заңбұзушылық бол­ған жоқ. Қалжыр өзені жағасындағы тал-ағаштар біздің басқармаға қарамайды. Яғни, мемлекеттік орман қорына кір­мейді. Егер осы қорға кірсе, айыппұл салар едік», – деді басқарма басшысының орынбасары Арман Есентаев.

Прокуратура неге үнсіз?

Облыстық Экология департаменті мамандарының Күршім ауданындағы өзендерге басқа да ведомство өкілдерімен бірге бірнеше мәрте рейд, тексеру жүр­гіз­генін жоғарыда айттық. Департамент жуық­та Күршім өзені аумағында қазба жұ­мыстарын жүргізіп жатқан Maralicha – Gold ЖШС-ның заңбұзушылықтарға жол бергенін анықтап қайтыпты. Тек Прези­дент тапсырмасын орындаумен, айыпты­ларды жазаға тартумен тек осы департамент қана айналысып жатқандай әсер қалды­рады. Журналистерге арналған брифингті те осылар өткізеді, ақпаратты да осылар таратады. Комиссия құрамындағы басқа құзырлы орган өкілдері аузын буған өгіздей тып-тыныш. Өскемендік эколог, қоғам белсендісі Дәулет Асанов осыны түсіне алмай жүргенін айтады. «Бәрін Экология департаментінің мойнына іліп қойды. Айыппұлды да солар салады, тексеруді де солар жүргізеді. Комиссия құрамындағы бас­қа құзырлы органдар «ал, не болады екен?» дегендей тосып отыр. Табиғат қор­ғау прокуроры неге үндемейді? Олар бұған дейін жағдайды түсіндіріп, бірде-бір рет брифинг өткізген жоқ. Осындай резо­нанс­ты жағдайларда неге жұмған ауыздарын ашпай отыр? Про­куратура мына жағдайға құқықтық тұрғыда баға беру керек еді. Бұл жерде негізгі сөзді солар айтуы қажет. Қазір қолмен алтын қазамын деуші жеке кәсіп­керлерге мем­лекет тарапынан лицензия оңды-солды беріліп жатыр. Мемлекеттік органдардың Қалжыр өзені секілді көркем табиғаты бар жерлерге неге рұқсат беріп жатқандарын түсінбеймін. Осы мәселені мемлекеттік деңгейде қарау керек секілді. Өйткені бұл – бір ғана Қал­жыр өзенінің басындағы жағдай емес», – дейді ол. Біз облыстық мамандандырылған та­биғат қорғау прокуроры Константин Пи­чугинге де хабарластық. «Тексеру жұ­мыс­та­ры аяқталмай ештеңе айта алмай­мыз» деген келте жауап алдық.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы