Түркістан облысында банк қызметкері мен оның сыбайласы 100-ден астам тұрғынның атынан несие рәсімдеді, – деп жазады Polisia.kz.
Сайрам ауданында полицейлер өзгенің атынан кредит рәсімдеген деген күдікпен банк қызметкері мен оның сыбайласын ұстады. Күдіктілер 100-ден астам ауыл тұрғынының атынан несие рәсімдеген.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Жапа шеккен әйелдің айтуынша, өзге біреу оның атынан 3,5 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген. Банктен "қарызыңызды төлеңіз" деген хабар келгенде, әйел полицейлерден араша сұрайды.
Полицейлер күдіктіні бір күнде анықтап, ұстады. Күдікті жұмыссыз болған. Тергеу кезінде бұл қылмысқа банк қызметкерінің де қатысы бар екені анықталып, полицияға жеткізілді.
Алаяқ жас қыз ауыл тұрғындарын «мемлекет тарапынан әр балаңызға 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек алуға қажет құжаттарды жинақтап беремін» деп алдаған.
Өзіне сеніп құжаттарын берген жәбірленушілердің жеке мәліметтерін пайдаланып, кредит алған.
Белгілі болғандай, күдікті екеудің бұдан бөлек 100-ден астам алаяқтыққа қатысы бар болып шықты. Яғни, күдіктілер өзгелердің атынан 300 миллионға жуық несие рәсімдеп, ақшаны өз пайдасына жаратқан.
Қазіргі таңда күдікті жас қыз бен бұрынғы банк қызметкері қамауға алынды.