Президент Пенжім елді мекенінде болған оқиғаға пікір білдірді
Президент Пенжім елді мекенінде болған оқиғаға пікір білдірді
214
оқылды
Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысының Пенжім елді мекенінде болған оқиғаға тоқталып, қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау және нығайту мәселесіне назар аударды, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқушылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылығық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен, әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ! Алайда елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті. Өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, Президент Әкімшілігінің де тарапынан мұндай араңдатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай араңдатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек, – деді Президент моноқалаларды дамыту жөніндегі республикалық кеңесте.
Мемлекет басшысы қоғамда түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің тату көршілік және бейбіт қатар өмір сүру дәстүрін нығайту, жоғарыда аталған оқиғаларға мән беру алгоритмдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің бірегейлігіне, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы нұқсан келтіруге және ұлттық қауіпсіздікке зиянын тигізуге бағытталған кез келген әрекеттерге құқық қорғау органдары тарапынан шара қолданылатынын айтты.