Қарағандыда екі адамды өлтірген күдіктілер қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 қараша күні сағат 11:30 шамасында Қарағандыдағы жекеменшік үй маңында екі азаматтың мәйіті табылды. Олардың денесінде пышақ жарақаты болған. Полицейлер марқұмдардың бірі 59 жастағы үй иесі болса, екіншісі нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылыс бригадасының 72 жастағы бригадирі екенін анықтады.
Куәгерлер екі жұмысшы марқұмдарды пышақтап, автокөлікті айдап кеткенін айтты.
"Ұстау" жоспары жарияланды. Күдіктілердің көлігі бірден облыстық полиция департаментінің бейнабақылау камераларының назарына ілікті. Кезекші полицей көлік қозғалысын бақылап, барлық ақпаратты патрульді полиция жасағына жіберіп отырды.
"Нәтижесінде Теміртау қалалық ПБ патрульді полиция батальонының қызметкерлері "Қарағанды-Теміртау" автожолында ұрланған көлікті тоқтатты. Автомобильде отырған қос күдікті – 34 және 39 жастағы ер адам өз кінәсін мойындады. Қылмыс қаруы тәркіленді", –деді Қарағанды облыстық ПД бастығы Ерлан Файзуллин.
Қазір Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.
https://www.youtube.com/watch?v=Geoz87XXdwo