Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелерімен бірге Ақтау қаласында «Новые трубные технологии» ЖШС-ның құбырларды оқшаулау зауытының ашылуына қатысты. Бұл – еліміздегі осындай жұмыстарды жасайтын алғашқы өндіріс.
«Маңғыстауда тағы бір жаңа бизнес нысаны ашылғалы отыр. Ол халық үшін де, билік үшін де, жергілікті ірі кәсіпорындар үшін де, әрине осыны ашқан бизнес өкілі үшін де өте маңызды.Тұрғындарға жұмыс орны ашылады, мемлекет бюджетіне салық түседі және қаржы іште айналады, ірі кәсіпорындар тез арада сапалы және жергілікті тауармен қамтамасыз етіледі. Бұл процестен барлығы да ұтады», – деді Нұрлан Ноғаев. Осындай жобалардың Қазақстан үшін маңызының зор екенін Елбасымыз Тәуелсіздік алғалы айтып келе жатыр. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімі 2022 жылға ұласатынын және бұл мақсатқа кемінде бір триллион теңге бөлінетінін айтқан болатын. Сонымен қатар бизнесті оңтайландыратын заңдар және өңдеу өнеркәсібін дамытуға арналған «Өнеркәсіп саясаты туралы» жаңа заңның жобасы Парламентте қазір қаралып жатыр. Биыл дербес тәуелсіз мемлекет болғанымызға 30 жыл. Осы жылдары отандық кәсіпкерлер аяғынан тұрып, осындай өндірісті ашуға қол жеткізді. «Бұл мемлекетімізде бизнесті дамытуға жасалған жағдайдың нәтижесі. Сондай-ақ әртүрлі қиындықтарға қарамай табандылық көрсеткен кәсіпкер азаматтардың еңбегі. Қытайда «дағдарыс» деген сөз екі иероглифпен суреттеледі екен. «Қауіп» және «Мүмкіндік» деген. Біздің жігіттер пандемияда кезіндегі қауіптерге қарамастан өз мүмкіндіктерін жіберген жоқ! Бұл – өте маңызды жеңіс!» – деді ол. Облыс әкімі осы зауытты салу идеясынан бастап, іске асуынан дейін қызмет еткен барлық азаматтарды, оның ішінде Маңғыстау облысы кәсіпкерлік палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Тәжімұрат Найзабековті құттықтады. Сондай-ақ ел экономикасы мен әлеуметтік мәселелерін шешетін осындай нысандар көптеп ашылуына тілек білдірді. Жобаның құны – 5 млрд теңге. Қуаты – 340 км немесе жылына 8 500 тонна құбыр. Жұмыс орны – 200 адам.Би-Барыс КӨКШЕ