Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов хабарлады. Ол Үкімет отырысында Қазақстандағы COVID-19 індетіне қатысты жалпы жағдайды да баяндады.
«Жаһандағы 222 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 105-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 102-орында. Бүгінде жасыл аймақта 9 аймақ бар: Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы облыстары және Шымкент қаласы», – деді ол. Бұл ретте сары аймақта Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары тұр. Қызыл аймақта 4 өңір қалды: Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. «Қазақстанда соңғы екі айда сырқаттану 2,8 есеге, аптасына 33 346 сырқатттан 11 709-ға дейін, ал өлім-жітім 4,1 есеге – аптасына 761 адамнан 184 адамға дейін азайды», – деп хабарлады вице-министр. Дәстүрлі форматта оқитын, мектепке барған оқушылардың 15 028-і коронавирус жұқтырыпты. Олармен байланыста болған 1 317 науқас анықталды, бұл ауырған барлық оқушының 8,7%-ы. «Қазанның соңғы екі аптасында оқушылар арасында ауру 1,3 есеге азайды. Алайда Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Түркістан облыстарында балалардың коронавирус жұқтыруы 1,4 есеге дейін өскен. Ошақтарда байланыста болған 159 мың адам анықталды, оның 0,8%-ында не 1 317-інде ПТР-тест оң нәтиже берді», – деді М.Шоранов. Оның мәліметінше, республика бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің толу көрсеткіші 56 пайыздан 33%-ға дейін, реанимациялық төсектерде – 45 пайыздан 27%-ға дейін төмендегені байқалады. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар. Соңғы үш айда науқастар саны 2 есеге – 90 767-ден 43 397-ге дейін кеміді.Елдос СЕНБАЙ