Тілсіз жау айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан өрт, ағын су секілді табиғи апаттарға барынша сақ болған абзал. Алайда кейбір кездерде көзге көрініп тұрған қауіпті орынды ешкім елемей, соңы адам өлімімен аяқталып жататыны бар. Тараз қаласы «Толчок» алқабындағы дәл осындай көпір бүгінде ата-ананың үрейін алып отыр. Ө.Жолдасбеков атындағы №50 орта мектеп жанынан ағып жатқан канал үстіндегі өткелді бүгінде жұрт «қылкөпір» атап кеткен.
Жалпы, Талас өзенінен арна тартатын канал суының ағысы асау. Мектеп оқушысы түгілі ересек адамның өзі суға құлап кетсе, одан аман шығуы екіталай. Олай дейтініміз – канал суы бірден шлюзге барып ұрады. Ал темір мен бетонға қысылған адамның суға тұншығатыны айдан анық. Міне, осындай қауіпті аймақтан көпір арқылы жақын маңдағы үйлерде тұратын оқушылар күнделікті №50 орта мектепке сабаққа баруда. Кері үйге қайтатын жолдары – осы. Өйткені мектеп пен тұрғын үйлер арасын бөліп тұрған жалғыз осы көпір. Ал өткелдің «қылкөпір» атанып кетуі адам өтетін жолы өте тар. Оған қоса, көпірдің екі шеті жұқа темірмен қоршалған. Арасы апандай ашық. Егер адам тайып құлайтын болса, қоршаудың ашық жерінен ағын суға бірден түсетіні анық. – Көпірдің осындай күйде тұрғанына бірнеше жыл болды. Жергілікті билікке қанша шағымдансақ та, әлі күнге шешімін таппай отыр. Қазір әйтеуір балаларымызды мектепке жетектеп көпірмен әупірімдеп өтіп жүрміз. Алайда ертең қыс түсіп, қар жауғанда көпір үсті көктайғақ мұз болады. Ойын балаларының бірін-бірі қуып, мұздан тайып, суға ағып кетіп жатса қайтеміз? Сондықтан жауаптылар бұл мәселеге жүре қарамай, балаларымыздың қауіпсіздігі үшін көпірдің жан-жағына темір қоршау орнатып берсе, үйде алаңсыз отырар едік, – дейді Гүлзат Маратова есімді тұрғын. Тұрғын Саян Балабековтің де пікірі осыған саяды. Ол тіпті бір-екі рет балалардың суға құлап кете жаздап, абырой болғанда қолдарынан ұстап аман алып қалғанын айтады. – Көпірдің мәселесін айтып бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. Алайда бәрі бұған атүсті қарап отыр. Үлкен көпір болмағаннан кейін қаржы шығарғылары келмейтін секілді. Алайда таразы басында адам өмірі тұр ғой. Мұндайда есеп-қисапты қойып, түйткілдің түйінін тарқату керек емес пе?, – дейді тұрғын. Оның сөзіне қарағанда, ата-ананың көбі таңертең ерте жұмысқа кететіндіктен, балаларын сабаққа жетектеп апара алмайды. Ал бала болған соң ойнамай тұрмайды. Көпірдің үстінде келе жатып бір-бірімен алысып, қуаласпақ ойнап кететіндері де бар. Сондай кезде біреуі шалынысып, ағын суға құласа не болмақ? «Былтыр осында екі бала жүгіріп келе жатып, біреуінің аяғы тайып құлады. Абырой болғанда жақын келе жатқандықтан, қолынан шап беріп ұстап қалдым. Егер үлгермегенімде оның арты немен аяқталарын ойлаудың өзі қорқынышты. Бізден бір өтініш – осы көпірімізді жөндеп, қауіпсіз етіп берсе екен», – дейді Саян Балабеков. Жалпы, мұндағы канал бойында 2 көпір бар екен. Бірі көлік жүретін көпір болғандықтан, жауаптылар оны жөндепті. Ал адам жүретін көпірді елеусіз қалдырған. Тұрғындар жөнделген көпірмен өтейін десе, онда көлік тоқсаусыз жүретіндіктен, балалары үшін тағы алаңдайтынын айтады. Оған қоса, ол көпір №50 мектептен қашық орналасқан. Сондықтан тұрғындар да, оқушылар да күнделікті «қылкөпірден» жандарын шүберекке түйіп өтуде. Бұл мәселемен Тараз қаласы әкімдігіне хабарласып едік, ондағы мамандар көпір құрылысына бюджеттен қаржы бөлінбейтінін ашып айтты. Алайда тұрғындардың тілегі ескеріліп, көпірдің айналасы темір қоршаумен қоршалатынын жеткізді. Бірақ оның қашан жасалатыны әлі белгісіз. Міне, осылайша жауаптылар бұл мәселеге екіұшты жауап қайтарды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, былтыр тұрғындардың суға батуының 16 дерегі тіркеліп, 18 адам ажал құшқан екен. Оның 9-ы – балалар. Ал биылғы есепті кезеңінде 6 оқиға тіркеліп, 7 адам қаза болған. Оның үшеуі – бала. Биыл дәл осы «Толчок» алқабындағы каналға велосипед айдап келе жатқан үш жасөспірім құлап кетіп, қимылсыз денелері судан шығарылған видео әлеуметтік желілерде тараған болатын. Видеоны көрген көпшілік жағасын ұстап, жүректері шайлыққан. Абырой болғанда оқиға орнына дер кезінде жеткен дәрігерлер балалардың өмірі үшін күресіп, жандарын аман алып қалды. Осы оқиға көпке сабақ болуы керек еді. Ертең №50 мектеп жанындағы көпірден де оқушылар суға құлап, тұншығып жатпасына кім кепіл? Әлде көпірді жөндеу үшін міндетті түрде адам шығыны болуы керек пе? Әрине, байыбына бармай, байбалам салудан аулақпыз. Алайда дәл мектеп жанында орналасқан көпірдің құрылысын қолға алып, оның аумағын кеңейтіп, жан-жағын қоршап беру билік үшін қиын дүние емес. Түптеп келгенде «Жомарт түлек» секілді жоба арқылы да жасауға болатын шаруа. Тек құлық пен ниет болса болғаны.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы