Солтүстік Қазақстан облысының орталығында 20 мыңдай зейнеткер назардан тыс қалып отыр. Кезінде әртүрлі кәсіпорынның отымен кіріп, күлімен шығып, еңбек еткен қарттар бүгінде ешкімге керексіз адамдай күй кешуде. Бір айға созылған қарттарды қолдау айлығы аясында тым болмаса бір адам іздеп келер деген үміттері ақталмаған талай қарияның көңіліне қаяу түсті.
Қарттарды қолдау айлығы аяқталып, жауапты мекемелер тиісті есептерін беріп те үлгерді. Бірақ назардан тыс қалған ардагерлер туралы тіс жарған адам жоқ.ҚАРИЯЛАР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛДЫ
Биыл Петропавлдағы бірқатар білім ошағының ардагерлері де құттықтау сөз естіген жоқ. Солардың бірі – «БЭСТ» гимназиясы ашылған сәттен бастап зейнет жасына жеткенге дейін қызмет істеген Любовь Герцель. Өзі бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы болғандықтан, көп жағдайдан хабардар. Оның айтуынша, осы мектептен зейнет демалысына шыққан 64 адам биыл бірауыз жылы сөз бен бір тал гүлге зар болып қалды. №17 ұлттық жаңғыру мектебінің 45 ардагері де биыл қарттарды қолдау айлығының шапағатын көрген жоқ. Бір атым насыбайдан қалатын көңілдерді осылайша кірбің шалды. 2017 жылы зейнет демалысына шыққан Зулейха Бикметова: «Ақшалай сыйлық күтпеңдер деп алдын ала ескертті. Сондықтан одан үміттенген де жоқпыз. Алайда үйге келіп ешкім мерекемен құттықтамағанын ардагерлердің біреуі түсінсе, кейбіреуі түсінген жоқ. Өкпе-реніштерін айтқандар болды. Әркімнің зейнетақысы әртүрлі. Жалғыз тұратындары бар. Әсіресе, солар өз ұжымының көңіл бөлгенін қалайды. Енді 8 наурызда құттықтар деген үміттеміз», – дейді Зулейха Мусаевна. Ол ол ма, Петропавл ауыр машина жасау зауыты өзінің 1 200 зейнеткерінің ішінен басқасын айтпағанда, жалғыз соғыс ардагері Дмитрий Сергеевті жылына бір рет келетін Қарттар күнімен құттықтауға жарамапты. Петропавлда Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер саны – 16. Сол сияқты «ЗИКСТО» зауытының – 870, «Мұнаймаш» акционерлік қоғамының – 395, Петропавл әуежайының 135 ардагері де назардан тыс қалды. Атағы жер жарған ірі кәсіпорындардың қылығы осы болса, өз күнін әрең көріп отырған шағын ұйымдардан не қайыр? Жұмыс істеген кәсіпорындары жабылып қалғандықтан немесе ауылдан облыс орталығына көшіп келгендіктен, еңбек еткен ұжымынан көз жазып қалған зейнеткерлер қаншама?! Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжиннің айтуынша, Петропавлда 44 600 зейнеткер бар болса, соның 26 мыңы ғана кеңеске мүше. Ал қалған 18 600-і қараусыз қалған. Оның 16 мыңының жұмыс істеген кәсіпорны жабылған, ал қалғандары – ауылдан көшіп келгендер. Солардың арасында құрылыс саласында жұмыс істеп, Социалистік Еңбек Ері атанған жалғыз әйел Қайнижамал Мусина да бар. «Кезінде дүркіреп тұрған ет комбинаты, автобус, троллейбус парктері, «Динамо», «Комсомолка» тігін фабрикалары, үй құрылысы комбинаты сияқты ірі кәсіпорындар жабылды. Ауылдан көшіп келгендер далаға келгендей болады. Ешбір ұйымға бекіте алмаймыз. Сондықтан әр ауданның не кәсіпорынның зейнеткерлерінің басын біріктіріп, бастауыш ұйым құрып жатырмыз. Өйткені ауылдан келгендер үшін төрт қабырғада қамалып отыру қиын. Олар ешкімге жалынбай-ақ, өз зейнетақысы есебінен кішігірім шаралар ұйымдастырады, бірін-бірі мерекелермен, туған күндерімен құттықтайды. Қарттарға бірауыз жылы сөзден басқа ештеңе керек те емес», – дейді Жангелді Уақпанұлы. Ардагерлер кеңесінің төрағасы, әсіресе өмір бақи ауыл мектептерінде еңбек етіп, кейінгі толқынды білім мен руханият нәрінен сусындатқан ұстаздар қауымының бүгінде ешкімге керексіз болып қалғанына қапаланады. Ол Білім және ғылым министрінің ешқандай қайырымдылық шараларына мұғалімдерден ақша жинауға болмайды деген ұсынысына үзілді-кесілді қарсы. «Бүгінде мұғалімдердің жалақысы жақсы, 200 мың теңгедей айлық алады. Содан алдыңғы толқынның мұқтаждығына 1 000 теңге бөлсе, одан ешкім кедейленіп қалмайды. Тіпті, біркүндік еңбекақысының 25 пайызын бөлсе де жеткілікті. Сол қаржыны біз қараусыз қалған ардагерлерге жұмсар едік. 20 мектепте директор болып қызмет істеген екі бірдей адам өз үйінде қайтыс болғанын бірнеше күн өткеннен кейін көршілерінен естідік. Үлгі мектебінде директор болып, халық театрын 20 жылдай басқарған адам да бүгінде не білім саласына, не мәдениет саласына қажетсіз болып үйінде отыр. Мектеп директорларына өтініш жасасақ, «Мұғалімдерге тән қызмет емес» деп бір-ақ қағады. Сонда адамгершілік қасиет мұғалімдерге тән емес пе?», – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы. №17 ұлттық өркендеу мектебінің директоры Ләззат Жолмұқанова болса қазір мұғалімдерден ақша жинауға тыйым салынғанын, тіпті бұл қауіпті екенін, ардагерлерді ардақтауға қаржы қарастырылмағанын алға тартты.ҚАРТТАРЫМ, АМАН-САУ ЖҮРШІ...
Бүгінде ардагерлер кеңесінің жағдайы мүшкіл. Бұрын қайырымдылық сенбілігінен түсіп тұратын қаржы қазір жоқ. Ардагерлер кеңесі сол ақшаны үнемдеп, өз ұжымынан көз жазып қалған қарттарды мерейтойларымен, мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасаушы еді. Қазір барлығы қаржыға келіп тіреледі. Заңдылық тұрғысынан бұл кеңес қаптаған қоғамдық ұйымдарға теңестірілген. Ұсақ-түйек мәселемен айналысатын немесе түрлі грант ұтып алатын біркүндік қоғамдық ұйымдардың мәртебесі қандай болса, ардагерлер кеңесінің мәртебесі де сондай. Ал мәселеге тереңнен қарар болсақ, әрдайым қарттарын құрметтеген, алдыңғы буын ағалардан құрметі мен ізетін аямаған халықтың бұл мәселеге көзқарасы басқаша болуы керек-ті. «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол». Қарттарымыз – бір шаңырақтың ғана емес, тұтас мемлекеттің қазынасы. Мемлекет саясатын жүзеге асыруға атсалысып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын, рухани құндылықты сақтап қалатын буын – қарттар. Ертеден ел үшін маңызды шешімдер ақылгөй ақсақалдардың ақ батасымен қабылданған, кез келген түйткілді шешкен кезде қариялар ордалы ой айтып, ұтқыр байламға келген. Таусылмас қазынаға теңейтін қарттарымыздың өмірдегі бай тәжірибесін қоғам қажеттілігіне пайдалануға не кедергі? «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын да қарттардың көмегімен жүзеге асыруға болады. Үкіметтің тұрақты әріптесі болудан белсенді ардагерлер бас тартып отырған жоқ. Бүгінде қалалық қоғамдық кеңестің 8 мүшесі, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы бюросының 4 мүшесі – ардагерлер екені осыны айғақтаса керек. Сайлау кезінде штаб пен учаскелік комиссиялардың жұмысын зейнеткерлер атқарады. Бір әттеген-айы – қол қысқа. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжиннің пікірінше, ардагерлер ұйымдарына мемлекет тарапынан қаржылай, материалдық көмек қажет. «Алдыңғы толқын – тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін өз көзімен көрген, этносаралық татулықтың қадірін білетін буын. Мемлекеттің экономикалықәлеуметтік дамуын қолдап, еліміздің дүниежүзіндегі саяси орнын түсініп, осы бағытта жұмыс істеуге әзірміз. Үлкенге ізетпен қарап, ақылын тыңдап өскен халықпыз. Елдегі 2 миллион ардагер қай жаққа бұрса, халық сол жаққа бағыт алады. Ендеше ардагерлер ұйымына көзқарас басқаша болуы керек. Біз көп қоғамдық ұйымдардың бірі емес, бірегейіміз. Осының аражігін ажырата білу керек», – дейді Жангелді Уақпанұлы. Төрағаның пікірінше, «Ардагерлер туралы» Заңға да, ардагерлер ұйымының Жарғысына да өзгеріс енгізу керек. Ұйым осы күнге дейін 1987 жылы, яғни Кеңес Одағы заманында қабылданған Жарғыны ұстанып отыр. Ол заман талабына сай емес. Ал былтыр қабылданған «Ардагерлер туралы» Заңда кейбір әлеуметтік түйткілдер ескерілмей қалған екен. Жалпы, ардагерлер ұйымының мәртебесін арттырып, заңмен бекітпейінше, қоғам пиғылын өзгерту неғайбіл. Қара шаңырақтың құты мен киесі саналып келген даналық дариясы – ақылгөй қариялардың төрі төмендеп кетпесін...Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы