Қазақстандық спортшы джиу-джитсудан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды
Қазақстандық спортшы джиу-джитсудан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды
291
оқылды
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтуде. Турнирге әлемнің 62 елінен 1500 спортшы қатысып жатыр. Әлем біріншілігінде Нұр-Сұлтан қаласының спортшысы Заңғар Абзал жасөспірімдер арасында чемпион атанды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
55 кг салмақ дәрежесінде ол жекпе-жек бөлімінде төрт кездесу өткізіп, бірде-бір қарсыласынан ұтылған жоқ. Үш қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Финалда Заңғар бельгиялық Емень Стореббиді ұпай бойынша жеңді. Бұған дейін ол 2019 жылы Грецияда өткен әлем біріншілігінде неваза бөлімінде бірінші орын алған болатын. Осылайша, Заңғар джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы атанды. Спортшының жеке жаттықтырушысы Аслан Оспанов өз шәкіртінің жеңіске деген ерік-жігерін ерекше атап өтті.
«Заңғар менде 9 жастан бастап жаттығады. «Егер сіз жақсы шәкірт болуға дайын болмасаңыз, жақсы жаттықтырушы іздемеңіз» деген сөз оның жаттығуға деген ынтасын толықтай сипаттай алады. Заңғар маған басқа спортшыларды жаттықтыру кезінде көмектеседі және олар үшін үлгі алуға лайық спортшы. Біздің мақсатымыз - әрі қарай да Қазақстанның Туын әлемнің ең ірі ареналарында көтеру, еліміздің атын шығару, өзгелерге үлгі болу, салауатты өмір салтын және бәсекелестік рухын насихаттау», - деді ол өз сөзінде.
БАӘ-де джиу-джитсудан әлем чемпионаты 11 қарашаға дейін жалғасады.