Кез келген құрама командаларда кешенді ғылыми топтың болуы халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар құбылыс. Ал Қазақстанда ұлттық құрамаға аталған топ қызметкерлері осыдан төрт жыл бұрын ғана қосылды. Спортшылармен бірге тығыз жұмыс істеп жүрген мамандар, олардың қызметі жайында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорттық медицина және антидопинг департаментінің директоры Лаура Төлеубекқызымен сұхбат барысында білдік.
– Лаура Төлеубекқызы, құрама командалардағы кешенді ғылыми топ (КҒТ) мамандарының маңызы қандай? Аталған қызметкерлермен жұмыс істеуді қолға алған кезде қандай қиындық кездесті? – Бүгінде елімізде Олимпиадалық спорт түрлерінен 44 ұлттық құрама команда 100-ден астам кешенді ғылыми топ маманымен қамтылған. Ұлттық құрама командалардың спортшыларымен 39 дәрігер, 46 массажист, емдік денешынықтыру жөніндегі нұсқаушы және бірнеше диетолог, психолог, мануальді терапевт, биомеханика жөніндегі үйлестірушілер жұмыс істейді. Мамандар 2 000-нан аса спортшымен жарыс және оқу-жаттығу жиындарында бірге жүріп, денсаулығын қадағалайды. Спортшылар жарыс немесе жаттығу барысында жарақат алған жағдайда құраманың дәрігері алғашқы шараны қолданады. Медицина қызметкерлері спортшылар сияқты жылдың 250 күнін үйінен жырақта, жарыстар мен жаттығу базаларында өткізеді. Олардың жұмысы, атқаратын қызметі спорт түрлері мен спортшыларға байланысты әрқилы болады. Құраманы кешенді ғылыми топ мамандарымен қамтамасыз етуді қолға алған уақытта ең маңызды мәселе жоғары дәрежелі спортшылармен жұмыс істеуге қабілетті, іссапарға шығуға келісетін мамандарды іздеу болды. Біздің мамандар тәулігіне 24 сағат ұлттық құрамамен бірге болып, команданың ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде бізде 107 КҒТ маманы жұмыс істейді және олардың барлығы өз жұмысына адал жандар. Бұл жағынан біздің де, спортшыларымыздың да жолы болды. Командаларға бұрын да медициналық қолдау болғанын жоққа шығармаймын, бірақ дәрігерлер мен массажистер бір ұйымда жұмыс істемеді және қазіргідей спортшылармен, командалармен бірге тұрақты іссапарға шықпады. Шыққан күннің өзінде, барлығымен бірдей емес, елімізде басымдық берілетін спорт түрлері бойынша кейбір спортшылармен жаттығу жиындары мен жеке жарыстарға ғана бірге барды. Әлемде барлық спорт құрамалары тұрақты түрде кәсіби медициналық қолдауға ие, ал бізде мұндай қолдау осыған дейін тек таңдаулы спорт түрлері мен спортшыларда болған. Ұлттық Олимпиадалық комитеті ұлттық құрамаларды дайындауды қолға алған сәттен бастап, біз бірден кешенді ғылыми топ өкілдері спортшылармен әрдайым және үздіксіз жұмыс істеуі керек екенін түсіндік. Еліміздің Олимпиадалық комитетінің жаңа басшылығы заманауи спортта тұрақты медициналық қолдауды қамтитын кешенді ғылыми топ мамандарының көмегінсіз ірі жеңістерге жету мүмкін емес екенін жақсы біледі. Дәрігерлер спортшылардың денсаулығын бақылайды, жаттықтырушылар құрамына функционалдық жағдайы және ұсынылатын оқу жүктемелері туралы ұсыныс береді, медициналық-биологиялық, сауықтыру және емдеу шараларын жүргізеді, сондай-ақ спортшылардың жүйелі тамақтануын, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда санитарлық-гигиеналық жағдайын бақылайды. Барлық мамандар спортшылармен бірге жаттығу не жарысқа үнемі қатысады. Қажет болған жағдайда олар дереу кәсіби көмек көрсетеді. – Құрамадағы спортшылармен психолог мамандар қаншалықты еркін жұмыс істейді? – Кәсіби спортшыларды айтпағанда, кез келген қарапайым азаматқа психологиялық көмек қажет. Спортшылар – қарбалас, жауапкершілік пен психологиялық қысыммен жүретін адамдар. Жауапкершілік жүгі ауыр болғандықтан, жарыс алдында немесе жарыстан кейін оларда әрдайым күмән, толқу, жарақаттарына байланысты үнемі стресс болады. Психологтер біздің командалардың оқу-жаттығу жиындарына белсене қатысады, спортшыларды, жаттықтырушыларды, команда ішіндегі және спортшылар арасындағы жағдайды бақылайды. Біріншіден, олардың міндеті – спортшылар тарапынан туындаған сұрақтарға жедел жауап беру. Екіншіден, оқу-жаттығу жиындары немесе жарыстар кезінде спортшының жағдайы мен көңіл күйіндегі кез келген ауытқу, өзгерісті табу. Психологтер спортшыларға ақыл-ой жаттығуларын да жасатады. Олар зейінді, есте сақтауды, ойлауды диагностикалау, коррекциялық-дамыту жұмыстарын жүргізеді, шұғыл жарыс жағдайында спортшыларды психоэмоционалдық күйлерін басқаруға және реттеуге үйретеді. Жалпы, спорт психологиясының өзі біздің елімізде ғана емес, әлем бойынша жас ғылым саналады. Қазақстанда спорт психологтері дайындалмайды. Педагогикалық және медициналық білімі бар психологтер бар, бірақ олар спорт психологиясы бойынша қайта даярлаудан өтуі қажет. Алдағы уақытта барлық команда бірдей психолог мамандарымен қамтамасыз етіледі. – Ал диетологтер ше? Олар спортшылардың жеке қажеттіліктерін қаншалықты ескеріп жүр? Әрбір спортшыға стандартты норма қалай есептеледі? – 2019 жылы Олимпиадалық комитет ұлттық құрамалар мүшелерін медициналық көмекпен ғана емес, биомедициналық өнімдермен, яғни спорттық тамақтанумен, кез келген дайындық және жарыстарда аса маңызды дәрумендермен қамтамасыз ете бастады. Диетологтер мен нутрициологтердің спортшылармен жұмыс істеу тәжірибесі бар, спорт түріне, дене құрамын бағалауға, жаттығу қарқындылығының дәрежесіне баса мән береді. Олар салмақ қосуға, салмақ жоғалтуға негізделген арнайы диеталық карталарды жасайды. Диетологтер ақуыздар, майлар, көмірсулардың, өнімдердің дәрумендік-минералды құрамын ескере отырып, құрама командаларға ас мәзірін жасайды, ал оқу-жаттығу жиынындағы спорт дәрігерлері базалардың осы ас мәзірін сақтауын қадағалайды. Командалар үшін спорттық тамақтану тізімін спорт дәрігерлері жасайды, оны тамақтану/диетология және спорттық медицина саласындағы сарапшылардан тұратын Сараптамалық кеңес қарайды және бекітеді. Бірақ Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен белгіленген азық-түлік нормалары мен энергияны тұтыну мөлшері ұлттық құрамамыздың нақты физикалық белсенділігіне сәйкес келмейді. 2014 жылы бекітілген тамақтану стандартына сәйкес, ауыр атлетика және су добы сияқты спорт түрлері тәулігіне 5 700 калорияға дейін энергия жұмсайтын спортқа жатқызылды. Шын мәнінде, бір сағаттық жаттығу кезінде ауыр атлетшінің 4 250 калория жоғалтуы мүмкін. Ал ауыр атлетика командасының күніне кемінде екі жаттығуы бар екенін ескеру керек еді. Сол сияқты су добы командасы екі жаттығуда 10 000 калориядан артық тұтына алады. Сондықтан тамақтану стандарттарын жаңартып, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелеріне қатысты тиісті зерттеу жүргізіп, оларды жеке категорияға бөлу қажет. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, Мәдениет және спорт министрлігіне тиісті ұсыныс жолдадық. – Кешенді ғылыми топтың жұмысында мамандарды даярлаудан басқа қандай кедергілер бар? – Басты мәселе – спорттық медицина қызметкерлерінің жұмысын реттейтін нормативтік құжаттарды жетілдіру. Жоғарыда айтқанымдай, бұрын мұндай тәжірибе болмаған, сәйкесінше заңнамалық өзгеріс қажет. Бүгінде біздің кешенді ғылыми топтардың жұмыс тәртібі реттелмеген. Медициналық қызметке лицензия кеңсенің орналасқан жері және қызмет көрсету орны бойынша жүзеге асырылады. Бірақ біздің мамандар барлық дәрігерлер сияқты өз кабинеттерінде отырмайды, олардың жұмысының өзі үнемі спортшыларға негізделген. Сондықтан КҒТ мамандарын лицензиялау қазір күн тәртібінде тұрған ең маңызды проблемалық мәселелердің бірі.Біздің дәрігерлер клиникалық қызметке жіберу құқығын беретін маман ретінде сертификатталған. Сондықтан аталған мамандарға спорттық ұжымдармен жұмыс істеу кезінде өз міндеттерін орындау құқығын беретін құжатты берген жөн. Тағы бір маңызды мәселе – еңбекті материалдық ынталандыру. Ешкім күтпеген пандемия бүкіл әлемге барлық дәрігерлердің маңызды екенін айқын көрсетті, ал біздің мамандар барлық спортшылардың денсаулығын сақтауды бірінші болып қамтамасыз етті. Сондықтан біз еңбекке лайықты ақы төлеуге және спорт дәрігерлерін ынталандыруға тырысамыз. – Пандемия тақырыбын қозғап қалдыңыз. Біз Олимпиада ойындарының қандай жағдайда өткізілгенін, командалардың қалай дайындалғанын көрдік. Мұндай оқиға бәрінің, соның ішінде спортшылар, спорт дәрігерлерінің тәжірибесінде бірінші рет кездесті. Спортшылардың вирусты жаппай жұқтырмауы үшін қандай шаралар қабылданды? – Иә, мұндай жағдай бәріміздің тәжірибемізде бірінші рет кездесті, өз кезегінде біз де жағдайға байланысты жылдам шешім қабылдап отырдық. Басты міндет – командалардың көпшілігі шетелдік оқу-жаттығу жиындарында немесе жарыстарда болғандықтан, барлық құраманы елге аман-есен қайтару болды. Ақпан айында ҰОК жанынан Жедел штаб құрылды. 2020 жылдың 16 наурызына дейін штабтың шешімімен COVID-19 қаупі жоғары елдерден Қазақстанға 39 ұлттық құраманың 619 спортшысы қайтарылды. Уақытында қабылданған шаралар және үздіксіз ПТР-тестілеу пациенттерді дер кезінде анықтауға, оларды басқа ұжымнан оқшаулауға, тиісті емдеу шараларын жүргізуге және командаларда COVID-19 таралуының алдын алуға мүмкіндік берді. Жұқтыру қаупіне қарамастан, аралық аймақтарда жанқиярлықпен қалып, бақылау мен емдеуді жалғастырып, басқа топ мүшелерін онлайн бақылауда ұстаған дәрігерлерімізге мың алғыс. Негiзгi жұмыстармен қатар, ұжымның санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгiн де мойнына артқан бригада дәрiгерлерiнiң атқарған жұмыстары аз емес. Біз штабтың осы кезеңдегі жұмысын оң бағалаймыз, өйткені біз пандемия басталған кезде де, қазір де ұжымдардың жаппай жұқтырудан сақтап қалдық. – Әңгімеміздің соңын сіз басқаратын департаменттің алдағы мақсат-жоспарымен түйіндесек... – Біздің алға қойған мақсат-жоспарымыз көп. Солардың бірі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ұлттық құрама командаларының спортшылары үшін (негізгі және резервтік командалар үшін) бірыңғай электронды деректер базасын құруды жоспарлап отырмыз. Онда біз олардың негізгі деректерін – спорттық жетістіктерін, физикалық жағдайын, UMO/KFT нәтижелерін, допингке қарсы күресті күшейтеміз. Бірақ шынын айту керек, бүгінде біз кешенді ғылыми топтарымыздың қызметі үшін аз болса да жағдай жасауға және спортшыларымызға сапалы медициналық қолдау көрсетуге тырысамыз. Өйткені қызметті реттеу, лицензиялау, тіпті «спорттық медицинаны» жеке санатқа енгізу сияқты мәселелер қазіргідей Ұлттық Олимпиадалық комитеттің қарауында болмауы керек. Мысалы, ҰОК Мәдениет және спорт министрлігінің медициналық тексерулер туралы бұйрықтарына түзетулер енгізуге бастамашы болды және арнайы оқу-жаттығу жиындары кезінде кешенді функционалдық тестілеуді енгізді. Саладан хабарсыз адам үшін бұл соншалықты маңызды емес болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл спортты дамытудағы, жалпы алғанда жаһандық бәсекелестіктің күшеюі аясында біздің спортшыларды дайындау үдерісіндегі үлкен қадам. Жетекші спорт елдерінде спортшылардың функционалдық жағдайын кешенді диагностикалау спортшыларды дайындау процесін жоспарлау мен басқарудың ең маңызды құралы ретінде қарастырылады. Өйткені ол спортшының күшті және әлсіз жақтарының объективті бейнесін анықтауға, спортшының үлгерімі мен жаттығуларының тиімділігіне жүйелі бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бірнеше жыл қатарынан шетелдік мамандарды тарта отырып, ғылыми семинарлар, біліктілікті арттыру курстарын өткізіп, мамандарымыздың білім деңгейін көтеруге тырысамыз. Тағы бір айтарым, ҰОК арқасында жасалған өзгерістердің өзі спортшылардың өздеріне де сезіліп отыр және біз үшін жұмысымызды жалғастыру өте маңызды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында осы бастамамызды әрі қарай жалғастырып, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғайтын спортшыларды дайындауға септігімізді тигізгіміз келеді. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ