Көш ілгері дамыған өлке
Көш ілгері дамыған өлке
247
оқылды

Жамбыл облысы – қай кез­де де өндірісімен танылған өл­ке. Ал өңірдің әлеуметтік һәм экономикалық әлеуетін көте­руде аудандардың қоса­тын үлесі орасан. Бұл тұста аймақ атымен аттас Жамбыл ауданы өзгелерден көш ілгері келе жатқанын айта кеткен жөн. 

Африкалық түйеқұсты жерсіндірген шаруа

Ауданда африкалық түйеқұс өсіру шаруашылығы да бар. «Ал­тын бұлақ» шаруа қожалығының төрағасы Абдрахим Қуанышбаев бұл шаруаны 4 жыл бұрын қолға алған. Құсты бағып-қағудың қыр-сырын зерттеген кә­сіпкер Алматы қаласынан аф­рикалық қызыл­мойын деп ата­латын түйеқұстың аналық және аталық басын 1 ай­лық балапан кезінен сатып алған. Еліміз үшін таңсық құс аптап ыстыққа да, қара суыққа да тез бейімделген. Бүгінде кәсіпкердің қорасында тұрған түйеқұстардың бойы 2,5 метр. Аталығының сал­мағы 120 келідей болса, аналығы 100 келіге жақын. Алып құстың ерек­шелігі сол – оның терісі мен қауырсыны ал­тындай қымбат. Те­рісінен жасалған аяқкиімдер мен түрлі бұйым елі­мізде ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие. – Қазір құстар күнара жұ­мырт­қалайды. Жұмыртқасы 2 келіге дейін салмақ береді. Осы құстарды көбейту үшін тапсырыспен инку­ба­торлық құрылғы алсам деген жос­парым бар. Асырап келе жат­қаныма 4 жыл болды. Күтіп-баптау қиын емес. Уақытылы жемшөбін беріп тұрсаң, 1 маусымда 1 аналық 50-60 жұмыртқа береді. Сондай-ақ 1 аналықтан 2 тоннаға дейін ет алуға болады. 1 жылда бұл құстың салмағы 100 келіге дейін барады, яғни 1 жылдан кейін сойып, етке өткізуге болады, – дейді Абдрахим Абрахманұлы. Кәсіпкер балық шаруашылы­ғын  да қолға алған. Үйінің қасынан балық өсіретін инкубаторлық цех­тың құрылысын аяқтап, оған 200 мың шабақ шығаруға уылдырық салған. Бұйыртса, оның да игілігін көретін күн алыс емес.

130 көше асфальтталып, 32 елді мекен газға қосылды

Жамбыл ауданында екі жылда 50 ауылдағы 130 көше асфальт­та­лып, 30 жылдан бері жаңармаған жол­дар жөнделіп жатыр. Жіктеп айт­сақ, былтырдың өзінде 24 ауыл­дың 76 шақырым, яғни 96 ауыл­ішілік жолдар тақтайдай тегіс болған. Жалпы, ауданда 415 шақы­рымды құрайтын 517 көше бар болса, бүгінде оның 176 шақырымы асфальтталып, 239 шақырымына шағыл төселіп отыр. – 2020-2021 жылдары ел Тә­уел­сіздігінің 30 жылдығына орай 7 ауылға ауызсу тартып, 8 ауылға табиғи отын кіргіздік. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдар­ла­масы шеңберінде ауданға 2020 жылы 5,5 миллиард теңге бөлініп, 42 жоба (96 нысан) іске асырылды. Нәтижесінде, 1 841 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазір халықтың 82 пайызы сапалы ауызсу тұтынып отыр. Жоспар бойынша 2025 жы­лы тұрғындар 100 пайыз орта­лық­тандырылған тіршілік нәріне қол жеткізеді,– дейді Жамбыл ауда­нының әкімі Сәкен Арубаев. Аудан әкімінің айтуынша, был­тыр Қаракемер, Рахат, Еңбек, Тас­төбе, Ащыбұлақ ауыл­да­рын кө­гіл­дір отынмен қамту үшін 725,2 мил­лион теңге бөлініп, 6 299 тұр­ғын­­ның 926 ауласына газ құбыры тартылған. – Ал биыл «Жұмыспен қамту­дың Жол картасы» бағдарламасы шең­берінде 4 жобаны жүзеге асы­руға жалпы құны 854,8 миллион теңге бөлінді. Осылайша, 2019 жылы тұрғындарды газбен қамту көрсет­кіші 57,1 пайыз болса, биыл бұл көр­сеткіш 90,4 пайызды құ­рады, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев.

8 инвестициялық жоба 400 адамды жұмыспен қамтиды

Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы қарсаңында Бесжылдық ауылына мемлекеттік Ту­дың авторы Шәкен Ниязбеков­тың есімі беріліп, кү­режолдың бо­йынан қоғам қайрат­керіне ар­налған обелиск пен сая­бақ ашыл­ды. Ауданда Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев Жолда­уын­да жүктеген тапсырмалар да жүйелі орындалып жатыр. Мәселен, аудан­­да 8 инвестициялық жобаға жан бітіп, 400 жаңа жұмыс орны ашы­лады деп күтіледі. Елді мекен­нің негізгі тіршілік көзі ауыл ша­руашылығы болғандықтан, жо­ба­лардың басым бөлігі асыраушы салаға бағытталған. Олардың ең ірісі – «Жамбыл Ет МS» ЖШС По­­латқосшы ауылдық округі аума­ғынан 1 500 бас ірі қара малын бор­­дақылау алаңын салуға 1,5 мил­лард теңге, ал «Алель Агро» ЖШС жылына 2,5 мың тонна құс етін өн­діретін фабриканың құ­ры­лы­сына 2,5 миллиард теңге инвес­тиция салған. Сондай-ақ «Родина» ЖШС 300 гектарға 150 МВТ күн электр стансасын салуға 16,8 мил­лиард теңге, «Каз­Фос» ЖШС жы­лына 8 мың тонна нат­рий гек­са­метофосфатын өндіретін желінің ауқымын кеңейту үшін 2 миллард теңге, АCA DAMU ЖШС құс фаб­ри­касының 4 корпусына 200 мил­лион теңге, «Данвер-Т» ЖШС 120 гек­тарға жылыжай ке­шенінің құ­ры­лысын салуға 2,5 миллиард теңге жә­не «Супер Фарм» ЖШС екпеге ар­налған шприцтер шыға­ратын за­уыттың үшінші корпу­сы­ның құ­рылысына 1,5 миллиард теңге қар­жы құйып отыр. Аталған жоба­лар толықтай іске қосылған кезде 400 адам «екі қолға бір күрек» табады.

Тұрғындардың тұрмысы түзелді

Ауданда ауыл шаруашылығы саласы да алға  басуда. Әсіресе, төрт түлік саны жыл санап өсіп келеді. Биыл ірі қара – 47 029 басқа, қой-ешкі – 264 666 басқа, жылқы – 20 290 басқа және үй құстары – 429 609 басқа жеткен. Нәтижесінде, 34 883 тонна сүт, 3778,5 тонна  ет және 60 382 дана жұмыртқа өндірілген. Бү­­­гінде 6 370 басқа арналған 13 мал бордақы­лау алаңы мен тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұрса, суар­малы егістік алқабы 29 020 гектар­ды құрап отыр. Аудан бойынша сыйымдылығы 24 036 тоннаны құрайтын картоп, көкөніс және жеміс сақтайтын 112 қойма бар. – «Жамбыл облысы тұрғын­да­рының тұрмыстық табысын жақ­сарту» пилоттық жобасына кірген Бесағаш ауылына 5 бағыт бойынша 1,0 миллиард теңге бөлініп, 1 117 аула ырыздығын көріп жатыр. Түсім 2 655 тоннаны құраса, жоба аясында екі жылыжай салынды. Шарапаты мол жобаға қатысқан алғашқы жылдары 276 аула 4 760 бас малдан 202 тонна ет, 233 тонна сүт өндірді. Сондай-ақ 22 техника алынып, 1 335 гектар жерге мал азығы дайындалды. Сол жылы 560 тонна арпа, 170 тонна бидай, 1 380 тонна жүгері, 4 199 тонна көп­жыл­дық шөп жиналып, жаңадан ашылған кондидерлік цех 1 тонна өнім шығарды. – Жоба жанданбай тұрып атал­мыш округте атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 225 адам болса, тиімді жобадан кейін бұл көрсеткіш екі есеге азайды, – дейді аудан әкімі Сәкен Қаланұлы. Өзге салаларда да оң динамика сақталған. Мәселен, тұрғындарды баспанамен қамту үшін 7 елді мекеннен 1 864 жер телімі берілген. Ал «Асарлатып үй салу» жобасы бо­йынша былтыр 10 үй мұқтаж жан­дарға үлестірілсе, биыл тағы 6 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Атал­ған үйлерде жыл соңына дейін қоныстойы тойланады деп күтілуде. Білім саласы бойынша өткен жылы Түріксіб ауылында 300 орын­­дық мектеп пайдалануға берілсе, биыл 1 миллиард 400 мил­лион теңгеге Айша бибі ауылынан 300 орындық мектеп қабырғасын тіктеп келеді. Бұдан бөлек, Қа­ракемер ауылындағы медициналық мекеме құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп көзделген.

P.S.

Жалпы, ауданда мемле­кеттік бағдарламалар бойынша да жұмыстар бағдарын тапқан. Бір ғана «Ауыл – ел бесігі» жобасы ая­сын­да екі жылда 61 жоба жанданып тұр.  Әрине, мұның барлығы бұқара үшін жасалып жатқан дүние екені анық. Аймақпен аттас ауданда ал­дағы уақытта да жағымды жаңалық көп болатынына бек сенімдіміз.
 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы