Алматы облысында өкпесі 90% қабынған әйел 47 күн жансақтау бөлімінде жатқан, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облысының Іле ауданында өкпесі толық зақымданған жүкті әйел қазір сауығып шыққан. Емдеу экстракорпоралды мембраналық оксигенацияны қолдану арқылы өтті. Өкпесі 90% зақымданған жүкті әйел COVID-19 диагнозымен Іле аудандық орталық ауруханасына түскен. Аурухана директоры Бауыржан Ысқақ әйелдің өмірін ЭКМО аппаратының көмегімен аман алып қалғанын айтты.
«9 тамызда 38-39 апта жүктілік мерзімі бар 27 жастағы әйел өте ауыр халде түсті. Оған шұғыл операция жасап, бала аман-есен туылды. Бірақ әйелдің жағдайы нашарлады, қанды оттегімен байыту үшін науқасты ЭКМО аппаратына қосуға тура келді. 31 күннен кейін әйел өз бетінше дем ала алды», – деді аурухана басшысы.
Төрт баланың анасы Баянсұлу Амангелдиева жансақтау бөлімінің медицина қызметкерлерінің көмегімен қайтадан өз бетінше дем алып, қозғалатын халге жеткен.
«Мен 47 күн реанимацияда жаттым. Сол кездегі бар арманым балаларымды қайтадан көру болды. Ауырмай тұрып қоғамдық орында жүргенде бетперде кимейтінмін, ол кезде бетпердемен ауа жетпейтін сияқты көрінген еді. Індет жұқтырып, дем жетпей, тынысым тарылған кезде, сақтық шараларын сақтамағаныма өкіндім. Өзімнің бейқамдығым салдарынан ауруханаға түсіп, туыстарым мен дәрігерлерді әуре-сарсаңға салдым. Бүгінде құлан-таза айығып, отбасыма оралдым. Барын салып, мені емдеп шыққан ақ халаттыларға алғысым шексіз», – дейді ол.
Айта кетейік, науқас ауруханада 58 күн бойы ем алған. Оның 47 күнін реанимацияда өткізген. Одан бөлек, Іле аудандық ауруханасының дәрігерлері өкпесі 80% қабынған 5 жүкті әйелді індеттен аман алып шыққан.