Нұр-Сұлтанда такси жүргізушісі салонда ұйықтап қалған жолаушының алтын сағатын шешіп алған. Бұл туралы елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Елорда тұрғыны қонақтан мас күйде үйіне қайтқанда құны 550 мың теңге тұратын "Яшма" маркалы алтын сағатын жоғалтып алғанын айтып, полицияға арыз түсірген.
"Түнде ер адам Toyota Camry көлігін тоқтатып, такси жүргізушісімен баратын жерін келіскен. Ол артқы жолаушы орындығына отырып, жолда ұйықтап қалған. Белгіленген жерге жеткенде жүргізуші ер адамды оята бастаған.
Сол кезде ол жолаушының білегіндегі алтын сағатты көріп, шешіп, қалтасына салып алған", – деді полиция баспасөз қызметі өкілдері.
Ер адамды оятқан жүргізуші оны көліктен түсіріп, кетіп қалған. Үйіне келіп, сағаты жоғалғанын білген жәбірленуші полицияға хабарласқан.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер 40 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті кінәсін мойындады, заттай айғақтар алынды, оның бұрын елордада тіркелген осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.