Нұр-Сұлтанда ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр
Нұр-Сұлтанда ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр
Сурет: Сұлтан Сеитов
283
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өз жалғасын табуда, - деп хабарлады Elorda.info.

Аталған жәрмеңкеде Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынып жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары күннің суығына қарамастан қажетті азық-түлік қорын сатып алуда. Әсіресе, сиыр еті мен сүт өнімдері, балық пен көкөніс кең сұранысқа ие. Ал тауар құны нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан.
«Бүгін күн суық болса да өз өнімдерімізді әкелдік. Тұрғындар біртіндеп жиналып жатыр. Кешкі уақытта дейін тауарларымызды сатып, ертең таңертең тағы да шығамыз. Бір байқағаным, балық өнімдерінің бағасы арзан болғандықтан тез өтіп кетеді», – дейді Ардақ есімді сатушы.
Бұдан бөлек, тауарлардың кең ассортименті ұсынылуда, соның ішінде: сиыр еті, жылқы еті мен қой еті, құс еті, сүт және қышқыл сүт өнімдері, көкөністер (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат), жемістер, тауық жұмыртқасы, балық, жарма, ұн және т.б. өнімдер бар.
«Мен бүгін алма мен қияр, сиыр еті мен балық етін сатып алудамын. Себебі, алманың құны 350 теңгеден басталады екен. Ал үйімнің жанындағы дүкеннен 550 теңгеден алып жүрмін. Сенбілік демалысымды пайдаланып, жәрмеңкеге келдім», – дейді Сымбат есімді қала тұрғыны.
Ақпарат ретінде айта кетсек,  аталған жәркеңке 6-7 қараша күндеріне дейін жалғасады. Келер аптаның сенбі-жексенбі күндері тағы да 200 астам тауар өндірушілердің қатысуымен жәркеңке өтеді.