Алтайдың жұлдыздары
Алтайдың жұлдыздары
594
оқылды

Алтай ауданындағы «Зыряночка» үлгілі би ансамблі тағы да бір биік белесті бағындырды. Өнер ұжымының бишілері 5 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өткен ХІ «Германия-Қазақ­стан» халықаралық шығармашылық байқау-фестивалін­де бір емес, бірнеше Гран-при мен жүлделі орындарды иеленді.

Атап айтсақ, «Немецкая полька», белорустің халық биі «Козлята» (10-12 жас аралықтары), болгар халық биі (13-16 жас аралығы) және үнді биі (16-19 жас аралығы) үшін Гран-при алса, «Малявка» (10-12 жас аралығы), «Шаман» және «Жолға» (16-19 жас аралығы) билері үшін 1-орынға лайық деп танылыпты. Ерекше атап өтерлігі, 13-16 жас аралығындағы бишілер «Солтүстік» биі үшін Гран-приді қанжығалап, қазыларды таңдай қақтырып, көрермендерді өнерімен тәнті етіпті. Жоғарыда «тағы да» деп бекерге айтқан жоқпыз, 1980 жылы құрылған «Зыряночка» үлгілі би ансамблі бұған дейін талай елде өнер сапарымен болып, Алтай ауданының, облыстың ғана емес, еліміздің атын сан мәрте асқақтатқан еді. Өнер ұжымының Түркиядағы «Сәттілік тұмары», Мәскеудегі «Рождество жұлдыздары-2013», Қытайдағы «Шығыстың інжу-маржаны» секілді халықаралық байқауларда топ жарып, жүлде алғаны сөзімізге дәлел. Ансамбль туралы сөз еткенде оның осындай деңгейге жетуіне зор үлес қосқан, «Зыряночканың» көркемдік жетекшісі Зоя Дүзбаева мен Наталья Алтынбаеваның еңбегін айтпасқа болмайды. 2000 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын алған Зоя Дүзбаева ансамбльде алғаш құрылған күннен бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Ал ансамбльдің қоюшы-хореографы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наталья Алтынбаева – осы кісінің алғашқы шәкірттерінің бірі. «Бұл би ансамблі – біздің мақтанышымыз. Алтай ауданының визит картасы десек артық болмайтын шығар. Өнер ұжымы  өнерімен Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шет елдерді әлдеқашан мойындатты. Ансамбльдің ерекшелігі жан-жақтылығында. Мұндағы бишілер кез келген халықтың биін билей алады. Сол арқылы  халықтарды жақындастырып, бауырластырып, өнерде шекара жоқ екенін дәлелдеп келеді. Бізді қуантатыны, өнерпаздар өздерінің өнер сапарларынан бөлек, соғыс және еңбек ардагерлеріне, жетім балаларға, Қарттар үйіндегі қарияларға да концерт беруге уақыт табады. Әрине, олардың бұл жетістіктерінің ар жағында қаншама төгілген тер мен күнделікті дайындық  жатқанын жақсы білеміз. Жалпы, Алтай ауданында мәдениет саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Мәселен, өткен жылы аудан әкімі Қалихан Байғонысовтың бастамасымен Жаңа Бұқтырма және Парыгино ауылдарында 40 жыл бойы жөндеу көрмеген Мәдениет үйлері жөнделіп, жаңа келбетке ие болды. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – дейді Алтай ауданының Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Еркежан Алтынғажиқызы. Орайы келгенде айта кетейік, Алтай ауданында 13 Мәдениет үйі, 27 кітапхана мен Достық үйі бар. Мәдениет үйлерінің екеуі қалада, қалғаны ауылдарда орналасқан. Қазір бұл өңірде 100-ден астам көркем өнер және 67 шығармашылық ұжым, 48 шығармашылық үйірмелері жұмыс істейді. Алтайдағы 5 өнер ұжымы үлгілі деген атаққа ие болған. Соның бірі – «Зыряночка» би ансамблі.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы