«Абайдағы» апат: «Арселор» шахталары неге «кезек-кезек» жарылады?
«Абайдағы» апат: «Арселор» шахталары неге «кезек-кезек» жарылады?
467
оқылды

Адамзат ғылым мен технологияда  қанша алға озғанымен, өкінішке қарай, табиғи және тех­ногендік сипаттағы апаттардың алдын алуға қауқарсыз болып тұр. Күні ке­ше Қарағандыдағы  «Абай» шахтасындағы апат - соның айқын  дәлелі.

Иә, қауіпсіздік техникасын сақтамау, сал­ғырттық, менеджменттің нашарлығы тә­різді түрлі фактор апатқа себеп болды де­­сек те, шахталарда жарылыс, жер қыр­ты­сының опырылуы, су басу, өрт, газ бө­лінуі тәрізді жағдайды алдын-ала болжау қиын. Бірақ заманауи технология, желдету қон­­дырғылар, түрлі роботтар шах­та­лар­дағы апаттар санын азайтуға, кейде алдын алуға мүмкіндік беретіні жасырын емес. Өкінішке қарай, 7 қарашада «Абай» шах­тасында 6 азаматтың мерт болуы қауіп­сіз­дік техникасын сақтау мен шахталардағы апат­тың алдын алуға әлі даяр емес екені­мізді көрсетеді. Өйткені «Абай» шахтасын­да­ғы апат «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шах­таларында алғашқы апат емес. «Соң­ғысы болсын» деп тілегенімізбен, күмә­ні­міз басым.

27 жылда 128 кенші мерт болды

Әдетте, кен орындарындағы апаттар ту­ралы айтқанда, статистикаға жүгіне­ті­ні­міз бар. Соңғы деректерге қарағанда, 1994 жыл­­дан бері көмір және басқа рудалар өн­­діретін кен орындарында жалпы саны 128 адам мерт болған. Олардың 3-еуі Ақ­тө­­бедегі мыс кенінде өнеркәсіптік жары­лыс кезінде қаза тапса, екі азамат Шы­ғыс Қазақстан облысындағы түсті ме­талл кенінде мерт болды. Өзгесі Қара­ған­ды өңіріндегі көмір шахталарында қаза тап­қан. Осылайша, «АрселорМиттал Те­мір­тау» АҚ-на қарасты шахталардағы тө­тен­ше жағдайлар азаймай-ақ тұр. Ең со­ра­қысы, бір шахтада бірнеше рет апат бол­ғанын көрдік. Мәселен, компанияға қарас­ты «Казахстанская» шахтасында 1994 жылы жарылыс болып, 14 адам, 2017 жылы иіс тиюдің салдарынан 3 адам қайтыс бол­ды. Ал Ленин атындағы шахтада 1995 жы­лы – 13, 2006 жылы 41 адам мерт болды. Соң­ғы апат метан газының жарылуынан бол­ған еді. Ал 7 қарашада 6 кенші мерт бол­ған «Абай» шахтасында 2008 жылы 30 шах­тер бір күнде қайтыс болды. Бұдан бө­лек, 1994 жылы «Ақтас» шахтасында – 11 адам, 2016 жылы «Саран» шахтасында 4 адам мерт болды.

Себеп неде?

Рас, әзірге «Абай» шахтасындағы апат­тың нақты себебі айтылған жоқ. Алдын-ала айтылған болжамға қарағанда, метан газы көмір қабатын қысыммен жарып жі­бер­генге ұқсайды. Мұны Төтенше жағ­дай­лар министрі Юрий Ильин айтты. Әдетте кеншілер мұны «метан мен көмірдің лақ­тырылуы», – дейді. Яғни, көмір қабат­тарын­да жиналған газ қатты қысыммен тун­нельдің ішіне қарай атылады. Юрий Ильин­нің айтуынша, «Абай» шахтасының жа­рылыс болған тұсындағы метан кон­центра­циясы – 41 пайыз. Ал АҚШ-та ме­тан­ның ауадағы рұқсат етілген кон­центра­циясы 5 пайыздан аспауы керек. Егер одан асып кетсе жарылу немесе «лақ­тыру» қаупі болады деседі. Біздің пайым­дауы­­мызша, бізде бұл жағына мән бермей­т­ін сыңайлы. Шахтер, қауіпсіздік техникасы ин­же­нері Жұлдызбек Қойшыбай метан газы кө­мір қабаттарын бұзған кезде қатты тол­қын пайда болатынын, кеншілер арнайы құт­қару құралдарын пайдаланып үлгер­месе, дәлірек айтқанда, ауаны тазалап бе­ре­тін жабдықтарды кие алмаса тұншығып қа­латынын айтады. Мамандар «газ дор­басы» деп атайтын қуыстардағы метанның қысы­мы жоғары болады. Ол метан жарылмағанның өзінде толқынымен-ақ кеншілерді қалпақтай ұшыруы мүмкін. «Алдын-ала болжам бойынша, 500 метр ұзын­дықтағы туннель екен. Осы 500 метр­ді қазу кезінде инженерлер не байқады, газ жи­налған жерлер кездесті ме, алдын алу үшін не жасалды дегендей көптеген сауал бар. Бірақ оларға әзірге ресми жауап беріл­ген жоқ. Ресми тергеу аяқталған соң апат­тың нақты себебі ашылатын шығар», – дейді маман. Дегенмен Қарағанды өңіріндегі көмір шах­таларындағы апаттарда көбіне метан газы ауамен араласқан соң жарылады. Оның зардабы әдетте өте ауыр болады. Со­нымен бірге көмір тозаңдарының да жа­рылу қаупі бар. Әдетте, қауіпсіздік тех­никасы инженерлері көмір қабат­тарында жи­нала бастаған метанды арнайы құрал­дармен зерттеп, қажет кезінде сорғызып алу, желдеткіш құралдар арқылы сыртқа шы­ғарып жіберу тәрізді істер атқа­ры­латы­нын айтады. Онсыз шахтаның қауіп­сізді­гіне кепілдік беруге болмайды. Бірақ ме­тан­ның қай қуысқа жиналғанын анық­тау оңай болмаса керек. Сол себепті апатты бірден техногенді сипаттағы оқиға деп ба­ға­лауға болмайды. Шахталарда, жер қыр­тысында метанның жиналуы табиғи құбы­лыс саналады. Дегенмен селден, жер сіл­кінісі мен су тасқынынан, қар көшкі­ні­нен қорғану секілді тиісті шаралар шах­тада да ұйымдастырылуы тиіс. «Абайдағы» апат Осы тұста атап өтетін мәселе – Қазақ­станда кен өндірудің ерекшеліктерін зерт­тейтін мемлекеттік институттардың қал­ма­ғаны. Қазір техникалық қадағалау ісін кө­біне жеке компаниялар атқарады. Ал олар­дан жұмыс істеуге рұқсат алу оңай. Мем­лекеттік бақылау тетіктері жекенің қо­лына өткен соң адал қызмет емес, ақша ал­дыңғы орынға шыққанын көз көріп жүр. Содан болар, аты-жөнін атамауды өтінген инженер-шахтер шахталардың қауіп­сіз­дігінен немқұрайды қарау «Арселорда» әлі де кездесіп қалатынын айтты. Жалпы, Қарағанды шахталарындағы қауіп­сіздік техникасының сақталуы, са­лаға заманауи техника мен құрал-жаб­дықтар тарту мәселесі, инвестордың жауап­кершілігі, Үкіметтің талап қоя білуі қа­тарлы көптеген фактор бар екенін ес­керу керек. Шахталардағы апаттарға, әри­не бірінші кезекте «АрселорМиттал Темір­тау» АҚ жауапты болары сөзсіз. Бірақ нор­мативтік актілерді күшейту, инвес­торлардың жұмысына қатаң бақылау ор­нату, тау-кен саласы ғылыми-зерттеу инс­титуттарының жұмысына сұранысты арт­тыру, адам шығыны үшін төленетін өте­мақы мен өзге айыппұлдарды күшейту  – Үкіметтің ісі. Үкімет шетелдік инвестор­дың қас-қабағына қарай беретін болса, олар да өндіріс орындарына соңғы үлгідегі тех­нология тартуға құлықсыз болады. Оның соңы осындай апаттарға апарып со­ғатыны жасырын емес.

Әлемде жағдай қалай?

Дүниежүзіндегі көмір шахталарындағы ахуал туралы айтпас бұрын, «Арселор­Мит­тал» компаниясының әлемнің бірқатар елінде кәсіпорны, шахтасы бар екенін атап өту керек. Әлемнің 140 мемлекетіндегі тау-кен, энергетика, қайта өңдеу сала­сын­да жұмыс істейтін 59 миллион жұмыс­шы­ның құқын қорғауға бел буған IndustriAll одағының мәліметтеріне қарағанда, «Ар­се­лорМитталдың» көптеген елдегі кә­сіп­орында еңбек қауіпсіздігіне дұрыс көңіл бөлінбейді екен. Одақ Польша, Испания, Оңтүстік Африка, Қазақстан секілді елдерде ұйым кәсіпорындары қауіпсіздік техникасын сақтауды дәл АҚШ немесе Батыс Еуропадағыдай ұйымдас­тыр­май­тынын алға тартады. Мәселен, биыл ақ­панда Оңтүстік Африка республикасында компания кәсіпорындарының бірінде 3 жұмысшы қаза тапты. Оның үстіне, ком­панияның Польша, Тринидад, Алжирдегі ме­таллургиялық зауыттарын жауып тас­тағаны тағы бар. Компания басшылығы пан­демия кезінде болатқа сұраныс азайды де­генмен, бірқатар сарапшылар аталған ел­дегі зауытты жаңғырту жұмысы жүр­гізіл­меген­діктен әбден тозып, ресурсын тауыс­қан деседі. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Аль­­берт Рау да айтқан. Қысқасы, ком­панияны жұмысын жүйелі түрде тексеру қажет екені айдан анық болып тұр. Ал әлем елдеріндегі шахталардағы апаттарға кел­сек, кісі өлімі көбінде технологиясы ескір­ген, адамның қадірі төмен елдерде бола­ты­ны байқалады. Ресей, Қытай, Үндістан, Босния-Герцеговина, Бразилия, Италия, Колумбия, Түркия, Оңтүстік Африка, Украина, Қазақстан секілді елдерде шахтадағы жарылыстар жиі болатыны бар. Мәселен, 2014-2017 жылдар арлығында тек Қытайдың өзінде 17 көмір шахтасында апат болған. Сол жылдары Ресейде екеу, Түркияда екеу, Украинада екеу, Үндістанда бір рет апат тіркеліпті. Әдетте айтылмай қалатын ұсақ-түйек оқыс оқиғалар да бо­латынын ескерсек, көмір шахталарының қауіпсіздігі дамушы елдерде әлі сол ХХ ғасырда қалып қойған сыңайлы. Ал АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания тәрізді дамыған елдерде қауіпсіздік техникасына қойылатын талап күшті. Әрі айыппұл мен компенсация да тым жоғары болады. Мәселен, 2010 жылы АҚШ-тың Батыс Вирджина штатындағы Upper Big Branch шахтасында жарылыс болып, 29 адам мерт болған. Ал кенішке иелік ететін Alpha Natural Resources компаниясы 210 млн доллар төледі. Оның 46,5 миллионы шахтер отбасына берілсе, 128 миллионы қауіпсіздік жүйесін жаңғырту мен арнайы зерттеу жүргізу үшін бөлінді. Сонымен бірге штат билігіне 35 млн айыппұл төледі. Ал «Абай» шахтасындағы оқиғадан соң «Ар­селор» қайтыс болған шахтерлардың отба­сыларына 10 жылдық жалақы төлеуге бекінген сыңайлы. Егер шахтердың орта­ша жалақысы 350 мың десек, әр адамға 42 млн теңге немесе шамамен 100 мың дол­лардай өтемақы төленбек.

P.S.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір шахтасындағы апаттың себебін тиісті ко­миссия анықтай жатар. Біздің пайым­дауы­мызша, мұндай оқиғалардан кейін шах­таларды қоғамдық негізде құрылған комис­сия да тексергені жөн секілді. Қоғамда зей­нет­ке шыққан шахтерлар, инженерлер, бел­сенділер баршылық. Сондай жанашыр азаматтар шахталарды тексеріп тұрмаса, алып кәсіпорын басшылары үшін адам құны көк тиын тәрізді. Компаниядағы бірнеше шахтада «кезектесіп» апат бола беретіні де инвестордың адам өміріне мән бермеуінің және Үкіметтің капитал иесінің ығына жы­ғылуының көрінісі тәрізді.

Ардақ СҰЛТАН