Бес реформа белестері
Бес реформа белестері
581
оқылды

Мыңжылдықтарға мызғымастан ұласатын Мәңгілік ел құру – халқымыздың әрқашан аңсарлы арманы болған. ХХ ғасыр түгесілер тұста тәуелсіздігін қалпына келтіріп, Елбасының басшылығымен жаңа мем­лекеттілігінің негізін қалаған Қазақстан өз алдына ірі, тарихи, өршіл міндет қойып отыр: қазақ елі ХХІ ғасырда жаһандық отыз көшбасшының қатарына қосылуы керек. Бұл ретте Тұңғыш Президенттің бес институционалдық реформасы ұлттық арман асуын алуға, биік мұраттың белесіне көтерілуге жол ашады.

Жүз қадамның 72-сі жүзеге асты

– Бес институттық реформа – ел дәл осындай бірізділікпен өтуі тиіс бес қадам! Тек осындай жағдайда ғана реформа­ла­рымыз тиімді, ал қоғам мен мемлекет бір­тұтас және тұрақты болады. Нақ осын­дай жолдан барлық табысты мем­лекет өткен, – деді Елбасы, партия Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партия­сының XVI съезінде сөйлеген сөзінде. 2015 жылғы 11 наурыздағы сол съезде Қа­­зақстанның Тұңғыш Президенті 5 инс­ти­туттық реформасын жария еткен болатын. Еске сала кетсек, бірінші реформа – экономикалық бағдарламаларды табыс­ты жүзеге асыруды және мемқызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз ететін заманауи, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Екінші реформа – меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызметке, келісімшарттық міндетте­ме­лерді қорғауға жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Үшінші реформа – индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген эко­номикалық өсім, төртіншісі – болашағы біртұтас ұлт, бесіншісі – транспарентті, есеп беруші мемлекет. Елбасы тұрақты өсімге қол жеткізу және Қазақстанды дамыған елдер са­натына қосу үшін елде институционалдық орта жағдайын жақсартатын терең реформалар қажет екенін айтты. Осы бес реформа жинала келіп, Қа­зақстанның мемлекеттілігін нығайту, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін жағдайлар жасайды. Бұл – «Қа­зақстан-2050» Стратегиясын орындауға бастар жол. Бес институттық реформаның әрқайсысы – «ел үшін орасан зор сын-тегеурін және үлкен жұмыс». Мұндай реформаларды тек билік пен халықтың мықты ерік-жігері ғана ілгерілете алады. Әлемдік тәжірибе паш еткендей, күшті мемлекет, дамыған және либералды қоғам қалыптасуы үшін елдің алға 40-50 жыл бойы тұрақты қозғалысы қажет. Тиісінше, 2030 жылға қарай Қазақстан өзі үшін шешуші 40 жылдық межеге жетеді. Осы орайда 2015 жылғы 20 мамырда «Н.Назарбаевтың Бес институционал­дық реформасын жүзеге асырудың 100 қа­да­мы» Ұлт жоспары жарияланды. Ол инс­титуционалдық реформаларды нақтылай түсті және реформалар өмірге жолдама алуы үшін қандай жобалар мен бас­та­ма­лар жүзеге асырылуы тиістігін айқындады. Нәтижесінде, 2016 жылғы 1 қаңтарда осы жүз нақты қадамнан құралған Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Үкіметтің дерегінше, 2021 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Ұлт жос­парындағы 100 қадамның 72-сі іске асы­рылды. Салыстырсақ, 2019 жыл қоры­тындысында жүз қадамның 58-і орын­далған болатын. Атап айтқанда, қазіргі кезде «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» бағыты бойынша 15 қадамның – 13-і, «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша барлық 19 қадам, «Индустрия­ландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша 50 қадамның – 27-сі, «Болашағы біртұтас ұлт: бірегейлік және бірлік» бағыты бойынша 6 қадамның – 3-еуі, «Есеп беретін мемлекетті қалып­тастыру» бағыты бойынша 10 қадамның бәрі орындалды.

Бес реформа жаңа мазмұнмен толығуда

Биыл 5 реформаны орындау жөніндегі 100 нақты қадамның «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» және «Индус­трияландыру және экономикалық өсім» бағыттары бойынша 9 қадамның іс-шаралары жүзеге асырылып жатыр. Бұл реформалар мазмұны бүгінде өзге де іс-шаралармен толықтырылып отыр. Атап айтқанда, Үкімет құрылыс сала­сындағы жобаларға мемлекеттік сарап­таманы бәсекелі ортаға беру, қатты пай­далы қазбалар мен көмірсутек шикізаты қорлары бойынша есептілік стандарт­тарының халықаралық жүйесін енгізу, Технологиялық даму орталықтарын құру, ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес моно­полияға қарсы органның қызметін одан әрі жетілдіру, АХҚО және Қазақстандағы капитал, қор нарықтарын дамыту мәсе­лелерін пысықтап жатыр. Елбасының Ұлт жоспарын ел Пре­зиденті Қ.Тоқаевтың Жолдауларымен ұштастырған Үкімет барлық тірек және серіктес ауылдық елді мекендерді фельд­шерлік-акушерлік пункттермен және дәрігер амбулаторияларымен қамтамасыз етуге, студенттер жатақханаларын салуға, мемлекеттік органдар мен квазиме­млекеттік сектордың деректер базасының интеграцияланған жүйесін құруға қа­тысты жұмысты қолға алды.
Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізуге ерекше мән берілуде. Тиісті заң жобасын Үкімет әзірлеп, Мәжіліс қарауына енгізді. Кә­сіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тә­сілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа эконо­микалық шынайылықта іскерлік бел­сенділікті дамытуға мүмкіндік береді.
Стратегиялық инвесторларды, бірін­ші кезекте жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін экономиканың басым секторларындағы жаңа ірі жо­баларға тартуға күш салынады. Яғни, бірінші бесжылдықтың өзінде біраз іс тындырылған, қомақты нәти­же­лерге қол жеткізілген. Дегенмен жеткенге тоқмейілсіп қалуға болмайды. Билік Ұлт жоспарын толық әрі сапалы жүзеге асы­руға ниетті. Сондықтан Премьер-Ми­нистр барлық меморганға «Тұңғыш Пре­зи­­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес инс­титу­ционалдық реформасын іске асы­ру жө­ніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жол­дауын толық және сапалы орындау бо­йынша белсенді жұ­мысты жалғастыруды жүктеді. Жалпы, бес реформаның әрбір ба­ғыты бойынша жалпы міндеттер емес, нақты тапсырмалар белгіленген. Олар­дың ұйымдастырушылық және заң­намалық тұғырын түзу үшін орасан зор жұмыс атқарылды. Бұл жұмысқа арнайы орган – 2017 жылы құрылған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жетекшілік етеді, ал орындалу барысы оның се­лекторлық отырысында қаралады.

Бес реформа ел өмірін қалай өзгертті?

Бес институционалдық реформа және 100 нақты қадам Ұлт жоспары аясында қолға алынған жұмыс шынымен де ауқымды. Мысалы, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және жергілікті өзін-өзі дамыту аясында ауылда әкімдер сайлауы өткізілді, ауылдықтар сайлау және жергілікті қоғамдастықтың жи­на­лысы арқылы биліктегі шешім қабылдау процесіне кеңірек қатыса бастады. Алда «Кеңестер» құрылып, ол ауылдың өзіндік «Парламентіне» айналмақ. Сондай-ақ ел тарихында алғаш рет, 2020 жылы бюд­жеттің төртінші деңгейі – ауылдық округ, ауыл, кент және аудандық маңыздағы қала бюджеті құрылды. Таяуда, 28 қазанда Сенат «Кейбір заң­намалық актілерге мемлекеттік бас­қару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Ондағы жаңа нормаларға сәйкес, Үкі­меттің біраз өкілеттігі – 63 функциясы министрліктерге беріледі. Өз кезегінде министрліктердің бірқатар өкілеттігі әкімдіктерге табысталады. «Жоба – алдыңғы әкімшілік рефор­малардың қисынды жалғасы. Орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 46 заңнамалық актіге, оның ішінде 2 кодекс пен 44 заңға түзе­тулер қарастырылды. Үкіметтен ми­нистрліктерге 63 функция тиеді, 5-еуін жергілікті атқарушы органдарға беру жолымен 68 функция қайта бөлінеді. Бұл ретте 4 меморган қосымша өкілеттіктерге ие болады», – деді Ұлттық экономика ми­нистрі Әсет Ерғалиев. Заң мембас­қа­рудың тиімді жүйесін құрудағы кезекті қадам және оның дербестігін одан ары арттыруы тиіс. Бес реформаның болашаққа бағдар­ланған жоба екенін дәлелдей түсетін жайт бар. Мысалы, «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 20-қадамында: «Бар­лық сот процестерін видео және ауди­о­тіркеу міндетті түрде енгізілсін. Судьяның бей­нежазуды тоқтатуға немесе аудиожазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс» деп жазылған. Бұл тап­сырма орындалып, барлық дерлік сот залы аудио, видеоқұрылғылармен жаб­дықталды. Мұның пайдасын ел пандемия заманында көруде. Бүгінде сот оты­рыс­тарының көбі онлайн режимде өтеді. Нәтижесінде, бұрынғыдай астанада өте­тін сот процестеріне еліміздің өзге өңірлерінде тұратын куәгерлерді тегіс алдыртып жату­дың немесе бір залға барлық қатысушыны жинаудың қажет­тілігі қалмады. Осы­лайша, індетке қарсы шектеу шаралары да сақталады әрі бұл сот процесіне қа­тысушы тараптарға да әлдеқайда жеңіл. Заң үстемдігін орнату бағытында салмақты ілгерілеушілік бар. Қазақстанда 2015 жылдан бастап, жаңа Азаматтық процестік, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекс­тері күшіне енді. Олардың қабылдануы қылмыстық және азаматтық заңнама жү­йесін өзгертіп, оны адам құқығын қор­ғау саласындағы халықаралық стан­дарттарға жақындатты. 2015 жылғы 29 қазанда «Бизнестің конституциясы» аталған Кәсіпкерлік кодекс өмірге жолдама алды. Бес реформа аясында сыбайлас жем­қорлықпен күрес жүргізілуде: саладағы жаңа саясат коррупциялық бұзушы­лықтардың алдын алуға бағдарланған. Бұған қоса, сот жүйесі реформалануда, судьяларды іріктеудің біліктілік талап­тары қатайтылды. Бұл істегі жетістіктер де мемлекетті басқарудың бүкіл жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Заманауи жаңа дәуір әр мемлекеттің алдында маңызды таңдау қойды: не трансформацияланып, жаңғыру, не консервацияланып, құлдырау. Өзгерістер кезеңінен реформаларды табысты жүр­гізуге қабілеттілер ғана лайықты өте ала­­ды. Қазақстанда құрылымдық жаң­ғырулар жалғасуда. Елбасы Н.Назар­баев­тың бес институционалдық реформасы Президент Қ.Тоқаевтың бастамалары аясында сабақтастығын сақтап қана қоймай, жаңа серпін алды. Бес реформаны жүзеге асыру «алдағы 10-15 жылға арналған бірінші кезекті жалпыұлттық міндет» ретінде белгіленген болатын. Демек, 2030 жылға қарай Қа­зақстан әлемдегі ең озық отыз ұлттың қата­рынан орын алуға жақын қалуы, тіп­ті мұратына жетуі мүмкін. Бәрі елі­міздің бес реформаны қаншалықты жылдам әрі тиімді іске асыра алғанына байланысты болмақ. Қалай болғанда да, ұлы реформаларды бастай отырып, Қа­зақстан Мәңгілік елге жол салды.  

Айхан ШӘРІП