Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеген екі мұғалім қайтыс болды
Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеген екі мұғалім қайтыс болды
Фото: Facebook/Darkhan Ardaquly
603
оқылды
Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеген екі мұғалім бірінен кейін бірі қайтыс болды.  7 қараша күні Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы мектептің математигі Бақытхан Құрман қайтыс болды. Ал санаулы сағаттан соң осы мектепте бұрын жұмыс істеген, кейін қаладағы элиталық мектептердің бірінде география пәні мұғалімі болған қызмет еткен Мәулен Телеубаев көз жұмды. 2 мұғалім өлімінің бір-бірімен байланысы жоқ. Қаралы хабарды марқұмдардың әріптесі, желіде белсенді математик Дархан Ардақұлы Facebook-тегі  парақшасында хабарлады.
"Бүгін Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бірегей математигі, әріптесіміз Бақытхан Құрман мезгілсіз қаза болды. Біз үшін орны толмас қайғы. Иманды болсын, жаны жаннатта болсын. Ағайын- туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", - деп жазды Дархан Ардақұлы.
Екінші мұғалім 8 қарашада көз жұмғаны белгілі болды.
"Қаралы күннен көз ашпай кеттік қой, ағайын-ау! Бүгін тағы бір әріптесіміз әрі бауырымыз, бұрын Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істеген, кейіннен Shoqan School мектебінде еңбек еткен география мұғалімі Маулен Телеубаев қайтыс болды. Біз үшін орны толмас қайғы. Жаны жаннатта болсын, иманды болсын", - делінген жазбада.
Дархан Ардақұлының айтуынша, екі мұғалім де жүрек жеткіліксіздігінен көз жұмған. Әріптестері марқұмдардың өз ісінің нағыз шебері, ұжымда беделді азаматтар болғанын айтуда. Бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, Гарвард университетінің 20 жастағы студенті жұмбақ жағдайда көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.