Солтүстік Қазақстан облысында жаңа босанған ана коронавирустан қайтыс болды
Солтүстік Қазақстан облысында жаңа босанған ана коронавирустан қайтыс болды
© inform.kz
244
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кейінгі 3 күнде өңірде коронавирусты жұқтырудың 438 жаңа жағдайы тіркелді. Ең көп жұқтыру дерегі Петропавлда тіркелді. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында 636 адам ем алса, оның 382-сі тұрақты түрде оттегі аппаратында жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқан 51 науқастың 16-сының жағдайы өте ауыр. Соңғы тәулікте коронавирустан 3 адам қайтыс болды. Ал пандемия басталғалы 317 науқас көз жұмды.
"Қайтыс болған жүкті келіншекті коронавирус жұқтырғандықтан 31 аптада босандырып алуға тура келді. Ауру асқынып, өкпесі қабынды. Қазір уәкілетті органдар сараптама жүргізеді. Көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімі жағдайында толық көлемде жүргізілген емдеу-диагностикалық шаралар кешеніне қарамастан, босанғаннан кейінгі кезеңде жүкті әйелдің өмірін өкпенің жаппай зақымдануына байланысты құтқару мүмкін болған жоқ. Әйел жүктілігіне байланысты вакцина салдырмаған", − дейді баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Маманның айтуынша, жалпы жыл басынан бері 646 жүкті әйел Covid-19 жұқтырды, оның 203-інде ауру асқынып, пневмонияға ұласқан. 58 жүкті әйелді өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға тура келді. 38 әйелді аман алып қалу үшін өмірлік көрсеткіштері бойынша кесарь тілігі әдісімен мерзімінен бұрын босанды. Күні жетпей туғандықтан, 3 шақалақ қайтыс болды.