Атырау тұрғыны Сергей Писарев жедел жәрдем фельдшерлерін өз міндеттерін дұрыс орындамады деп айыптайды, - деп хабарлады "Ақ Жайық".
30 қазанда Балықшыдағы өз үйінде оның 10 жасар ұлын тоқ соғып, қайтыс болған еді. С.Писаревтің айтуынша, жедел жәрдем келгенше ол тірі болған, бірақ дәрігерлер БАҚ-та баланың оқиға орнында қайтыс болғанын хабарлапты.
Сергей Писаревтің үш баласы бар. Дәлірек айтсақ, үшеу болды... Сол қайғылы оқиға болған күні әйелі перзентханада үшінші баласын босанып жатқан, ал өзі Бесіктіге жұмысқа кеткен. Әжесімен үйде қалған 10 жастағы Наиль жасырынбақ ойнап, тоңазытқыштың артына тығылған, оны сол кезде тоқ соққан. Әжесі дереу жедел жәрдем шақырып, жасанды тыныс алдыруға кіріседі. Ол тыныс алып жатқан.
– Біздің үйде болған оқиғаның бәрін көршілер көрді. Жедел жәрдем тез жетіп, медицина қызметкерлері баланы әжесінің қолынан алып, көлікке қарай жүгірген. Массаж жасамаған, оттегі бермеген. Олар ұлымды алып кетті, бірақ өлі күйінде кері әкелді. Содан кейін полиция шақырып, олар мәйітін мәйітханаға алып кетті. Мен мәйітті союға қарсы болдым, бірақ олар сойылмайды деп алдады, іс жүзінде сол жерде сойыпты.
Ал бұл жерде бала жедел жәрдем келгенше қайтыс болды деп өтірік айтылды. Неге олай дейді? Өз қызметкерлерінің кәсіби тұрғыда теріс әрекеттерін жасыру үшін жасап отырғанына сенімдімін. Мен қанішер емеспін, бірақ жедел жәрдем дәрігерлерінің өз біліксіздігі үшін жауап беруін талап етемін. Егер олар бәрін дұрыс істесе, балам тірі қалар ма еді... Полиция департаментіне арыз жаздым, олардың заң бойынша жазаланғанын қалаймын, - дейді Сергей Писарев.
Облыстық жедел жәрдем станциясы «АЖ» тілшісіне қазір С.Писаревтің арызы полицияда қаралып жатқанын, ешқандай түсініктеме берілмейтінін айтты. Балықшыға шақыртуға барған қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру басталғанын хабарлады.