Өршіл қазақ ғарышқа құлаш ұрды
Өршіл қазақ ғарышқа құлаш ұрды
283
оқылды

Ғарыш – ғылым мен жоғары технология­лар­дың теңдессіз шыңы. Ендеше тәуелсіздік жылда­рындағы Қазақ­станның ірі жетіс­тігінің бірі – ғарышты игеруі. Бү­гінде қазақ елі Жердің орбитасында төл ғарыш серіктеріне ие әлемдегі 30 елдің қатарында тұр.

Арабтармен ынтымақтастық нені көздейді?

Ресейдің ғарыш саласының мүлдем тоқырағанына қарап, кейбір сарапшы оның соңынан қазақстандық ғарыш саласы да құрдымға құлап бара жатыр деп өзінше түйін түйеді. Шын мәнінде, жағдай басқа­ша. Қазақстан бұл істе Ресейге тәуелді емес, стратегиялық серіктестері қатарында әлем­дегі алпауыт державалар бар. Мысалы, республика Франциямен, яғни Airbus концернімен бірлесіп ғарыш аппараттарын, спутниктерді өзінде құрас­тыруға кірісті. Енді отандық жаңа ғарыш серіктерін Қазақстан бұрынғыдай, Ресейде не шетелде емес, өзінде жасайды. Мұның сыртында Қазақстан мен Бірік­кен Араб Әмірліктері 1-алаң – «Гагариндік старт» ұшыру кешенін жаңғырту және пай­далану туралы келісімге келді. Діндес мем­лекеттер «Байқоңыр» ғарыш айла­ғын­дағы 112-алаңның монтаждау-сынақ кор­пу­сын­дағы зымырандардың техникалық кешенін де бірге модернизациялайтын болады. Нәтижесінде, адамзатты тарихта тұң­ғыш рет ғарыш сеңгіріне шығарған қазақ же­­­ріндегі космодром улы гептилмен от ала­тын «Протондардан» құтылып, керо­синнен қуат­танатын «Союздар» ұшыруға бағдар­ла­на­ды. Бұл ретте мұсылман қос мем­лекет «әлеу­меттік-экономикалық және ғылыми-техникалық даму үшін ғарыштық ғылым мен техниканың маңызды» деп таныпты. Сондықтан ғарыш қызметі сала­сында өзара тиімді ынтымақтастық орна­туға және да­мы­туға мәмілелесті. Келісім «Байқо­ңыр­дағы» «Гагариндік старт» алаңының ұшыру кеше­нін және ғарыштық мақсаттағы зымыран­ның техникалық кешенін 2023 жылға дейін жаңғыртып шығуды қарастырады. Қазақ-араб ғарыш кешенінен «Союз-2» зымыран тасығышы және оның жаңа нұс­қалары ұшырылмақ. Ол экологиялық қауіп­сіз отынды – керосинді және сұйық отте­гіні тұтынады. Ғарыш кемелері бірлескен ком­мер­циялық мақсатқа қызмет етпек. Ал 112-алаңның монтаждау-сынақ корпусын­дағы техникалық кешен «Союз-2»-лерді құ­растыруға, сынауға және сақтауға арнал­ған арнайы технологиялық жабдықтармен және жалпы техникалық жүйелермен жарақталады. Осы мақсатта «Байқоңырда» «Гагарин­дік старт» бірлескен кәсіпорны құрылып жатыр. Дегенмен оның құрылтайшылары қатарына жалпы саны қанша ел кіретіні же­ке келi­сiм­мен айқындалады. Әзірге Қазақ­станнан – «Қазақстан Ғарыш Сапа­ры» ұлт­тық ком­паниясы, Ресейден – «Глав­кос­мос ұшыру қызметтері» АҚ, Әмірліктер та­рапынан – оның уәкілетті органы бірлескен кәсіпорын құруды үйлестіретіні белгілі болды. Жалпы, бұл келісім аясында аталған нысандарды жаңғыртудың құны 87 мил­лион доллардан аспайды деп хабарланды. Бұл жұмыстарды қаржыландыру – бюд­жеттен тыс, яғни бірлескен кәсіпорын тартатын инвесторлардың есебінен жүзеге асырылатын болады.

Қазақстанның үлесі күрт артады

Айта кету керек, таяуда Мәжіліс «2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ға­рыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зы­мыран ке­шенін құру туралы келісімге өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізетін» хат­таманы рати­фикациялайтын заң жо­басын мақұл­дады. Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Бағдат Му­син­нің айтуынша, «Бәй­терек» жобасын түзе­тетін бұл хаттама ең алдымен Қазақ­стан­ға керек және елі­міздің мүддесін ілгерілетеді. Біріншіден, хаттамаға Ресейдің 2036 жылға дейін заманауи жетілдірілген «Союз-5» зымыран-тасығыштарын ұшыру кешенін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері енгізіліп отыр. Екіншіден, бұл жобаға сәйкес, Ресей «Союз-5» тасымалдағыш зымыранды құра­ды, ал Қазақстан қолданыстағы «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің жерүсті кешенін жаңғыртуды қаржыландырады. Үшіншіден, екі ел арасында бұрын құ­рылған бірлескен кәсіпорынның Қазақ­станның Қаржы министрлігі алдындағы бюджеттік кредит бойынша қаржылық міндеттемелеріне қатысты түйткілді мәселе шешімін табуы тиіс. Осының арқасында «Бәйтерек» жаңа ғарыш айлағы толық дерлік қазақ елінің иелігіне өтуі мүмкін. Бірқатар сарапшы «Бәйтерек» ғарыш айлағы іске қосылғанда-ақ жұмыссыз, қаң­тарылып тұрып қалуы ықтимал» деген болжам айтады. Өйткені «Байқоңырдың» өзінен 2020 жылы небәрі 7 рет зымыран тасығышы ұшырылған. Бірақ биыл ұшырулар саны 15-17-ге дейін артпақ: 3 «Протон-М» және 12-14 «Союз-2» ғарышқа самғауы мүмкін. Ал «Бәйтерек» іске қосылғаннан кейін аталған хаттамаға сәйкес, Ресей жаңа ғарыштық зымыран кешенінен он жыл бойы жылына кемінде 2 ұшырылымды қамтамасыз етуге кепілдік береді.

Қазақстан Илон Маскпен бәсекелеспек

Мамандардың бағалауынша, «Бәй­те­рек» экономикалық тұрғыдан бізге тиімді болуы үшін 2036 жылға дейін одан кем дегенде 41 ұшырылым жасалуы қажет. Сол 41 ұшырылымның 23-ін Ресей кепілдендіреді. Euroconsult ұйымының дерегінше, жыл сайын тағы 10 ұшырылымға өзге елдер тапсырыс беруге дайын. Қазақстан Үкіметі он ұшырылымның екеуін қазірден тап­сырыс ретінде алу жолдарын қарастырып, келіссөз жүргізуде. «Бұл Ресеймен бірге жасалатын жоба болғандықтан, біз Ресейдің коммуника­ция­лары арқылы тағы жылына 2 ұшыры­лымды тапсырыс ретінде алатын боламыз. Нарықтан жылына екі ұшырылымды ала алсақ, ол бізге экономикалық тұрғыдан тиімді болады. Ұшырылымның жалпы құны 52-62 миллион доллардың ара­лы­ғында. Қазіргі «Союз-5» зымыранына ұқсас Илон Масктің «Falcon 9» америкалық зы­мыраны бар, оның ұшырылымының құны – 60 миллион доллар. Яғни, біздікі нарық­тағы бағаға сәйкес. 62 млн доллардың ша­мамен 10 миллионы Қазақстан тарапына, яғни жерүсті кешенді пайдалану үшін біздің «Бәйтерек» акционерлік қоғамына төле­нетін ақы болады. Демек, әрбір ұшыры­лымнан 10 миллион доллар бізге төленіп тұрады», – деді Цифрлық даму министрі. Алайда елді бірінші кезекте алаңда­татыны – «Бәйтеректің» не «Гагариндік старттың» коммерциялық пайда әкелуі емес, зымыран ұшырулардың қоршаған ортаға зиян келтірмеуі болса керек. Әйт­песе, Қарағанды, Қостанай облыстарына, Арқа­лық жеріне, тіпті гептилге дейін төгілді. Ен­деше «Союздардың» ғарышқа сапары ке­зінде экологиялық талаптар қалай сақталмақ? Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтің сендіруінше, «экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл келісімнің негізгі мақсатының бірі». – Экологиялық қауіпсіздік зымыран кешенін құру кезінде де, сондай-ақ оны эксплуатациялау кезінде де қамтамасыз етіледі. «Бәйтерек» кешенінен ғарыш аппа­раттарын ұшыру барысында авиациялық керосин мен сұйық оттегін пайдалану қа­рас­тырылған. Жобаға мемлекеттік эко­ло­гиялық сараптама қорытындысында көрсе­тілгендей, онда гептилді немесе басқа да аса қауіпті отын түрлерін қолдану жоспар­ланбаған, – деді А.Пірімқұлов. Осылайша, Қазақстан жаңа айлақты әу бастан гептилден арылтып отыр. Әрине, алып зымыран тасығыштардан тек ұшуда емес, құлау салдарынан да қауіп келеді. Вице-министр зымыран құлаған кезде елімізге өтемақы жасау мәселелері жеке көзделгенін жеткізді. «Аталған келісімде жекелеген пункттер бар. Оған сәйкес, тараптар ұшыру және ғарыш кешенін пайдалану кезіндегі барлық іс-әрекет үшін жауапкершілік арқалай­ды», – деді Ахметжан Пірімқұлов.

Өзбекстанға ғарышты игеруге көмектесеміз

Жалпы, Байқоңыр жақтағы ғарыш ай­лақ­тарына өзбек елі де қызығушылық біл­діріп отыр. Нәтижесінде, «Қазақстан Үкі­ме­ті мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы ға­рыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пай­далану саласындағы ынтымақ­тас­тық ту­ралы келісім» өмірге келді. Бауырлас қос ел енді «ұлттық және бірлескен ғарыш­тық бағдарламалар мен жобаларды және іс-шараларды жүзеге асыру үшін күш-жігер біріктірмек». Осы мақсатта көршіміз 2019 жылдың тамызында «Өзбеккосмос» (O'zbek­kosmos) агенттігін құрды. Кәсіпорын тіпті төл жасанды интеллектін дамытуға кірісуде. Өзбектер қазақ елінің әлеуетін пайда­ланып, ғарыш ғылымы мен ғарыш кеңісті­гін, оның ішінде өзге планеталарды зерт­теуге ынта-ықылас танытып отыр. Бұдан бөлек, қазақстандық спутниктер арқылы Жерді қашықтықтан зондтауға, ғарыш аппа­раттарын, шығару құралдарын және ға­рыш қызметіне байланысты өзге де жаб­дық­тарды әзірлеуге ынтық. Қазақстан Өз­бекстанда төл жерүсті ғарыш инфрақұры­лы­мын құруға және дамытуға, өзбек жер серіктерін ұшыруға, жерсеріктік навига­циялық жүйелер мен технологияларды игеруге жәрдемдеседі. 2019 жылғы қарашада елорда жанында «Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ­тан өткізу кешені» (ҒА ҚСК) ғимаратының құрылысы аяқталды. Онда қазір «өндірістік учаскелерді операциялық біліктілікке дайындау жұмыстары» жүргізілуде. ҒА ҚСК 2022 жылға қарай спутниктерді сынауға толық дайын болады деп жоспарланып отыр. Бұл кешенде салмағы 100 келіден 6 тоннаға дейінгі спутникті жобалаудан бастап, құрастыру мен сынақтан өткізуге дейінгі жұмыстардың толық циклі, сондай-ақ спутниктерге арналған құрауыштарды жасау жүзеге асырылады. Биыл Қазақстанның ғарыштағы KazEoSat-1 және KazEOSat-2 жерсеріктерінің 7 жылдық белсенді әрекет ету мерзімі аяқ­та­лады. Олардың орнын басатын жаңа спут­ник­терді еліміз осы кешенде өзі жасап шықпақ.  

P.S. Ғалымдар Марс, Кеплер-452b сияқ­ты жалпы саны 60 ғаламшар мен экзо­планета адамзаттың жаңа мекеніне айнала алуы мүмкін деседі. Ендеше болашақта ға­рыштың өзге түкпірінде, басқа планета­лар­да қазақ жері пайда болып жатса, ғажап емес пе? Дәл қазір бұл ертегідей естілер. Бірақ үш ғасырлық отарлау, шапқыншылық, шексіз-шетсіз нәубеттер салдарынан мүлдем жойы­лып кете жаздаған қазақ халқы 30 жылда қайта еңсе тіктеп қана қоймай, әлем­дегі да­мы­­ған 30 елдің қатарына ұмтылады деп кім ой­лаған?! Кез келген арман-мұратына жету – өршіл қазақ халқының қолынан келеді.

 

Айхан ШӘРІП