«Мемлекеттің ешқандай ақшасы жоқ, тек салық төлеушілердің ақшасы ғана бар» деген Маргарет Тэтчердің қанатты сөзі бүгінде Қазақстан үшін өзектілігін жойған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік сатып алуларды өткізу барысында анықталған заңбұзушылықтар жергілікті жерлерде бюджет қаржысы талан-таражға түскенін айғақтады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Руслан Асаубаевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласында бірталай кемшіліктің беті ашылды. Мәселен, Аққайың ауданына қарасты Астрахан ауылдық округі «Жергілікті бюджет есебінен елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бюджеттік бағдарламасы аясында Strong Servise ЖШС-мен 7,5 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасқан. Алайда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің тексерісі барысында анықталғанындай, Астраханка ауылында шағын футбол алаңын орнату жобасы бойынша мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезінде заңбұзушылықтар болған. Сонымен қатар жұмыс уақытылы атқарылмағанымен, мемлекеттік мекеме орындаушыдан 22,773 мың теңге көлеміндегі айып төлемін өндіріп алмаған. Осының нәтижесінде айыптылар әкімшілік жазаға тартылып, мұндай қызмет ұсынушы сот шешімімен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылуы тиіс. Алайда тапсырыс беруші сотқа жүгінбегені үшін де кінәлі болып отыр. Ал Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласы әкімінің аппараты да саябақ пен Победа көшесін абаттандыру үшін Strong Servise ЖШС-мен 99 999 900 теңгеге келісімшарт жасасқан. Бұл қаржыға 3 футбол алаңы, 1 баскетбол-волейбол алаңы, 3 воркаут, 2 «Шапито» ойын кешені, 5 орындық, 4 балалар ойын алаңы орнатылуы тиіс еді. Сараптама көрсеткеніндей, тікелей шарттар жасасу арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу тәсілі бұл жерде негізсіз қолданылған. Соның салдарынан Сергеевка қаласының әкімі Сайлаубек Қошановқа 145 850 теңге айыппұл салынып, бюджет есебіне өндіріліп алынды. Мемлекеттік сатып алу туралы келісімшартты жарамсыз деп тану туралы талап-арыз сотқа берілді. Сондай-ақ Тайынша ауданының орталығы Тайынша қаласы әкімінің аппараты да осыған ұқсас қателікті қайталаған. Соның салдарынан мемлекеттік сатып алулар тиісті заңнаманы бұза отырып өткізілген. Оның нәтижесі 160 000 000 теңгенің мемлекеттік сатып алу қорытындыларына әсер еткен. Ауылдық округтер үшін бұл қомақты қаржы болып есептеледі. Ендеше неліктен әкімдер мемлекеттік сатып алуларды заңды белден баса отырып өткізеді деген заңды сұрақ туындайды. Қоғамдық бірлестік басшысы Руслан Асаубаевтың пікірінше, бұған әкімдердің құзыретінің төмендігі және халық тарапынан бақылаудың жоқтығы себеп.КОНКУРС ӨТКІЗУДЕГІ КЕМШІЛІК
Қоғамдық бірлестік мемлекеттік сатып алу порталына сараптама жүргізген екен. Соның нәтижесінде анықталғанындай, Strong Servise ЖШС Шымкент қаласында тіркелгенімен, бизнесі негізінен Солтүстік Қазақстан облысында өркен жайған. Серіктестік жасасқан барлық келісімшарттардың 62 пайызы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Strong Servise 2016 жылдан бастап осы күнге дейін солтүстік өңірде 1 427 101 439,20 теңгеге 65 келісімшарт жасасыпты. Қоғам белсендісінің өтініші бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бұл серіктестікпен жасалған 50 келісімшартты тексерген екен. Нәтижесінде, 14 келісімшарт бойынша тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен жүргізілген мемлекеттік сатып алу негізсіз жүзеге асырылғаны анықталған. Осы деректердің барлығы бойынша лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 4 дерек бойынша «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодекске сәйкес тиісті мерзім өтіп кеткендіктен, кінәлілерді жауапкершілікке тарту мүмкін емес болып шыққан. Қоғам белсендісі мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде басқа өңірдің компаниялары жеңімпаз деп танылғаны көп қиындық туғызады деген пікірде. Бұл пікірмен облыстағы бірқатар мектептердің директорлары да келісіп отыр. Мәселен, биыл 1 қыркүйекке дейін Қызылжар өңіріндегі бірнеше білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмай қалды. Сабақ басталып кеткенімен, құрылыс жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқанын айта кетейік. Мердігерлер – оңтүстік өңірлердің компаниялары. Тайынша қаласындағы №4 орта мектеп директоры Айгүл Мұхаметқалиеваның пікірінше, өңірдегі мектептерді жергілікті құрылыс компаниялары жөндегені дұрыс. «Конкурс жарияланған кезде жөнделетін нысан мен құрылыс компаниясы орналасқан мекенжайдың арасындағы қашықтық ескерілгені абзал. Өйткені алыстағы құрылыс компанияларының жұмысшылары басқа жаққа барып жұмыс істеуге келісе қоймайды. Ал біздің өңірдегі жұмыссыздардың арасынан аз ақшаға жұмыс істеуге келісетін адамдарды іздеп тапқанша біраз уақыт өтіп кетеді де, жұмыс уақытылы атқарылмайды», – дейді Айгүл Ботақызы.ЖЕМСАУЫТТЫ ЖАБАТЫН КЕЗ КЕЛДІ
Бюджет қаржысы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпесі үшін жергілікті тұрғындар қоғамдық бақылауға белсене араласуы керек. «Қазақстанда қазір мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға тұрғындарды тартуға бағытталған саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр. Әр ауылдық округте 4 жылға сайланған жергілікті қауымдастықтың жиналыстары бар. Құрамына 25 адам кіретін бұл орган бюджеттік бағдарламаларды талқылауға, бюджетті бекітуге, орындалуына мониторинг жүргізуге, орындалуы туралы есеп тыңдауға, тіпті әкімдер мен мемлекеттік мекемелер басшыларын тағайындауға және қызметтен босатуға атсалысуы тиіс. Алайда жергілікті атқарушы билік заңның осы бабын тиісінше жүзеге асырмай отыр. Сөйтіп, лауазымды тұлғалардың заң бұзуына жағдай жасап, олар өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, азаматтардың құқығын шектеуде. Жаңа реформалар қарапайым халықты айналып өтпеуі тиіс. Әсіресе, ауыл тұрғындары билік олардың пікірімен санасатынын сезінуі керек», – дейді Руслан Асаубаев. Алайда биыл шағын ауылдың белсенді тұрғындары ресми сауал жолдап, жергілікті бюджет туралы ақпарат сұратқан кезде: «Бұл ақпарат қызметтік мақсатта ғана пайдаланылады, оны бақылауды тиісті органдар жүзеге асырады және жаппай таратуға жатпайды» деген сырғытпа жауап алыпты. Ел Президенті мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрап, оның 3,3 триллион теңгесі немесе 75 пайызы бір көзден бәсекеден тыс тәсілмен жүзеге асырылғанын сынға алып, шенеуніктер үшін осы жемсауытты жабатын уақыт жеткенін қадап айтқан болатын. Ендеше неліктен осы күнге дейін бұл салада тәртіп орнату тиісінше қолға алынбай отыр?Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы