Еліміз егемендік алған елең-алаң шақта құрылыс саласы құрдымға кетті десек те болады. Соның ішінде тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары өте баяулады. Мәселен, Қызылорда қаласындағы 80-жылдардың ортасында басталған «Мерей» шағынауданының құрылысы 2004 жылы тоқтады. Сонымен қатар 1990 жылдың басында сол кездегі жаңа технологиялармен жабдықталған гофрокартон шығаратын жаңа цехтың құрылысы басталған еді. Алайда КСРО-ның ыдырауына байланысты сол кезде сырттан тасылатын шикізаттың қымбатқа түсу әсерінен зауыт банкротқа ұшырап, өндіріс тоқтады.
Бірақ көп өтпей жас мемлекеттің буыны қатайып, өзінің жоқ-жітігін түгендей бастады. Сындарлы саясаттың арқасында ел еңсесін тіктеп, олқылықтардың орнын толтыруға кірісті. Тәуелсіздік алғаннан кейін Арал теңізінің тартылып, экологиялық апат аймағына айналуы бүкіл дүниежүзін алаңдатқан оқиға болды. Елбасының тікелей қолдауымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы дүниеге келіп, Көкарал бөгеті тұрғызылды, Ақлақ су тоспасы салынды. Кіші Арал теңізі сақталып, елдің ризық-несібесіне айналды. Арал ауданында балық шаруашылығы қайта өркендеп, балықшылар атакәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Бүгінде Аралда бұрынғы Кеңес заманында болмаған жаңа технологиялы балық зауыттары жұмыс істейді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Арал топырағында тұрып «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі халық жадында мәңгі қалды. Одан соң «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желілерінің құрылысы жүргізіліп, Сексеуіл арқылы өтетін теміржол бойында көптеген нысан ашылды, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Ал 2014 жылы Қорқыт ата мемориалдық ескерткіші қайта жаңғыртудан өтіп, кешен болып құрылды. Зиярат орталығы салынды. Кешен EXPO-2017 мамандандырылған көрме аясында шет мемлекеттерден келген 3 мыңға жуық қонақты қабылдады. Қазір Сыр өңірі құрылыс алаңына айналды десек те болады. Сөзімізді нақты сандармен тұздықтайтын болса, тек 2018 жылдың өзінде 700 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 14,3%-ға, 2013 жылға қарағанда 3 есеге артық. Тұрғын үйдің айтарлықтай үлесі халықтың өз қаражаты есебінен де жүргізіледі (614 мың шаршы метр). Соңғы 7 жыл ішінде 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығының өзінде 2013-2020 жылдары 15 жаңа шағынаудан салынды. Тұрғын үйді берудің жылдық көлемі 2,2 есе өсті. Осының арқасында 2017 жылы негізінен апатты тұрғын үй мәселесі шешілді. 2013 жылдан бері үйлері апатты деп танылып, кезекте тұрған 645 отбасы жаңа пәтерлерге ие болды. Ал 2019 жылы тек бюджет қаражаты есебінен 15 арендалық және 55 несиелік үй, барлығы 813 пәтер пайдалануға берілді. Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының даму жоспарына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында көлемі 1 мың 532 гектар аумаққа заманауи үлгіде жаңа қала салу жобасы қолға алынды. Осы мақсатта 2017 жылы Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы құрылыс жұмыстары басталды. Сол жағалауды игерудің бастамасы ретінде Сырдария өзенінің екі жағалауын ұштастыратын жаңа автомобиль көпірі іске қосылды. Көп өтпей сол жағалаудан 1925 жылы «Қазақ» деген атауды қайтару туралы тарихи қаулы қабылдаған бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының сызбасын негізге ала отырып, «Рухани жаңғыру» орталығы ғимараты бой көтеріп, пайдалануға берілді. Жаңа аудан жас отбасыларға жайлы болу үшін 320 орындық балабақша салынды. Қазір «Болашақ» университетінің кампусы да аяқталуға жақын. Сонымен қатар ІТ паркі бар Жастар ресурстық орталығы жастардың игілігіне табысталды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, алдағы жылдары бұл аумақта неке сарайы, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен жатақханасы, 3 500 орындық көпфункциялы жабық футбол манежі, музыкалық драма театр, көпсалалы аурухана, сауда-жәрмеңке кешені және басқа да көптеген нысан салынып, шаһардың сән-салтанатын арттыра бермек. Құрылыс қарқыны тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандарға да оң әсер етті. Соңғы 5 жылда жеке тұрғын үй секторында 29 мың жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында 37 жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Құрыш қолды құрылысшылардың тынымсыз еңбегі өңірдегі өндіріс салаларының да бойына қан жүгіртті. Мәселен, 2018 жылдың соңында Шиелі ауданында еліміздегі аса ірі өндіріс орындарының бірі – тампонажды цемент зауыты мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл – экспортқа бағдарланған өндіріс. Қазірдің өзінде кәсіпорын 11 мың тоннадан астам цемент өндіретін негізгі компонент – клинкер шығарып, зауыт толығымен цементтің өзін өндіре бастады. Сол жылдың қазан айында «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылыс жобасын іске асыру басталды, қаржыландыру мәселесі Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы шешілді. Сондай-ақ Арал ауданындағы кальцийлендірілген сода өндіру зауытының да құрылысы бойынша жұмыстар басталды. Бүгіне зауытқа инженерлік инфрақұрылымды жүргізу мәселесі қарастырылып жатыр. Басталмай жатып шуға іліккен шыны зауыты да құрылыс барысындағы кездескен кедергілерге қарамастан биыл алғашқы қазақстандық табақша шыны өнімін шығаруды жоспарлап отырған көрінеді. Өңірдегі құрылыс қарқыны кейінгі 5 жылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарын 63 пайызға жаңартты. Оның ішінде 57 нысанның 49-ы апатты құрылыстардың орнына қайта салынды. Қалған 8 нысанның құрылысы алдағы екі жылда аяқталмақ. Облыста соңғы уақытта заманауи түрлі спорт кешендері пайда болып, тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына да қолайлы жағдай жасап жатыр. Жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен аймақтың жеті елді мекенінде 2018 жылы спорттық кешендер бой көтерді. Сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тағы да 5 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып, толықтай жабдықталды. Қай саланың болсын қозғаушы күші құрылыс екеніне ешкім дау айта қоймас. Сондықтан мемлекеттік өсіп-өнуі осы салаға тікелей байланысты. Қызылордалық құрылысшылар тәуелсіздіктің соңғы жеті жылында облыста барлығы 200-ден аса әлеуметтік нысан қалап, өңір әлеуетінің артуына тер төкті.Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы