Атырауда түнде «Балауса» шағын ауданындағы жеке тұрғын үйдің жылыту қазандығы жарылып, салдарынан жалпы көлемі 120 шаршы метр аумақ отқа оранды. Өрттен зардап шеккендер жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.
Атырау облысы төтенше жағдай департаментінің қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, тұрғын үйдің төбе жабындысы және ішкі бөлмелер толықтай өртенген.
Өртті сөндіруге 16 қызметкер және 6 бірлік техника, полиция қызметкерлерінен 8 адам және 3 бірлік техника жұмылдырылған.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілінің айтуынша, облыстық аурухананың қабылдау бөлімшесіне күйік шалған 3 науқас келіп түсті. Денесінің 85-90 пайызы күйген екі науқас жансақтау бөлімшесінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Ал, 1999 жылғы науқас нейротравматология бөлімшесінде ауыр жағдайда түскен, денесінің 25-30 пайызын күйік шалған.
Осы орайда құзырлы органдар күз-қыс айларында тұрғындардан газды пайдалануда қырағылық танытып, сақ болуды ескертуде. Дегенмен тілсіз жаудың әлегінен адамдарды ауыр жағдайға әкелетін оқиғалар орын алуда.