Үштөбе маңында пауэрлифтингпен айналысатын жас спортшы қыз қайтыс болды. Жаттығудан қайтып келе жатқан қызды көлік қағып кеткен. Бүгін ол 16 жасқа толар еді. Жол апатына қатысты Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірді.
Жол апатының видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды.
"Нашар көрінетін жерде 15 жастағы қызды көлік қағып кетті. Куәгерлердің айтуынша, ол пауэрлифтингпен айналысқан және жаттығудан кейін үйіне келе жатқан. Ертең ол 16 жасқа толар еді. Көңілді әрі өмірге құштар қыз еді" делінген жазбада.
Алматы облысының полиция департаменті фактіні растады. Ведомствоның хабарлауынша, 9 қараша күні сағат 18.30-да Ортатөбе-Үштөбе тас жолында оқушыны қағып кеткен.
"Toyota Mark II көлігі жаяу жүргіншіні қағып кеткені анықталды. Иномарканы 27 жастағы ер адам тізгіндеген, ол солтүстік бағытта келе жатып, Ортатөбе ауылының маңында жол апатына ұшыраған. 15 жастағы қыз сол бағытта жол жиегінде келе жатқан. Жол апаты салдарынан зардап шегуші оқиға орнында көз жұмды", – деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша (Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол-қозғалысы ережелерін бұзу) тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.