Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қостанай облысында жекпе-жектен ерлер, әйелдер және жастар арасындағы III ашық Азия чемпионаты өтті. Қостанай облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Сая Әуелбекова 57 келі салмақта сынға түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Аталған спорт жарысында Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан сынды Азия елдерімен қатар, көршілес Ресей елінің спортшылары да бақ сынасты.
Сая Әуелбекова спортпен 17 жасынан бастап айналысып келеді. Бүгінге дейін жеткен жетістіктері де аз емес: еркін күрестен спорт шебері, самбо бойынша спорт шеберіне үміткер.
«Бұл – жекпе-жектен жарысқа бірінші шығуым. Осы жарыста үлкен тәжірибе алып, өзімді жаңа қырымнан тани бастадым. Бұл сайыс маған әлем чемпионатына жолдама берді және менің жаңа жетістіктерімнің бастауы болады деп үміттенемін. Командир Жәнібек Мұхамеджановқа көп рақмет, оның жарысқа дайындаудағы ерекше назарының арқасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз», – дейді Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы.
Алдағы жарыс бұдан жоғары жауапкершілікті қажет ететінін полиция капитаны жақсы түсінеді. Сондықтан қазір ол әлемдік жарысқа дайындықты қызу бастап кетті.
Естеріңізге сала кетейік, Сая Әуелбекова бұған дейін осы жылдың тамыз айында Ақтау қаласында өткен самбодан 2-орынға ие болған болатын.