Он жылда «АрселорМиттал Теміртауда» апат көбейді – Ершов

АрселорМиттал Теміртау
Фото: yandex.kz

Сенатор еліміздің өнеркәсіп кәсіпорындарында апат қаупі бұрынғыдай жоғары екенін атап өтті. 7 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының «Абай» шахтасында апат болып, 6 кенші қаза тапты, екеуі зардап шекті.

Депутаттың айтуынша, соңғы 10 жылда «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық компаниясының барлық бөлімшелерінде апат саны көбейіп барады.

Осы уақыт ішінде компанияның көмір шахталарында 23 апат болды. Одан 41 адам зардап шекті, оның 19-ы қаза болды. Бұл 2006 және 2008 жылдардағы екі ірі апатты есептемегендегі жағдай, онда 71 шахтер қаза тапқан болатын.

Сергей Ершов өнеркәсіптегі қауіпсіздіктің жай-күйін жақсарту үшін қазіргі кезде осы кәсіпорында да, бүкіл мемлекет ауқымында да үкіметтік деңгейде шаралар қабылдау маңызды деп санайды.

Сенатор, сондай-ақ, компанияда инвестициялық міндеттемелердің орындалмауы, қызметкерлердің тиісті әлеуметтік кепілдіктің болмауы, жабдықтарды жаңғыртудың толық қаржыландырылмауы, білікті кадрлардың кетуі, сондай-ақ зиянды заттар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелердің орындалмауға қатысты бірқатар өзекті мәселелер бар екенін атап өтті.

«Үкіметті қабылданған міндеттемелерді мүлтіксіз сақтауға және апат пен өлімге душар ететін жарақаттану санының өсе түсуіне ықпал ететін жағдайды болдырмауға шақыра отырып, өздерінің жеке отырысында саланың жағдайын және «Арселордың» жай-күйін қарауды сұраймыз. Сондай-ақ, қауіпті өндіріс объектілерінде өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты және жүйелі шаралар, сондай-ақ қызметкерлердің әлеуметтік ахуалы мен өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде Арселормен инвестициялық келісімді қайта қарау туралы шаралар ұсынатын болсын», – деді Сергей Ершов депутаттық сауалында.

Депутаттың айтуынша, осы мәселелер шешілмесе, апатты жағдай азаймайды. Білікті кадрлар тұрақтамайды.

Бұған дейін «Абай» шахтасында болған жарылыс туралы жазған болатынбыз.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.